Іс-шара 5–7 қараша аралығында өтеді және биылғы жылдың басты тақырыбы — «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы».
Медиа апталық аясында отандық және шетелдік мамандар, журналистер, блогерлер мен продюсерлер, сондай-ақ мемлекеттік және жеке медиа ұйымдардың өкілдері жиналып, саланың өзекті мәселелерін талқылайды.
Форум бағдарламасында қоғамдағы журналистиканың рөлі, медиадағы жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің ықпалы, стриминг платформалардың дамуы, деректі фильм өндірісі және контент экономикасы сияқты тақырыптар қамтылған.
Іс-шараның бірінші күні қоғамдық кеңістік пен ашық диалог мәдениетін дамытуға арналса, екінші күні — медиа шеберлік пен инновацияларға, ал үшінші күні отандық медианың жетістіктері мен үздік жобаларын марапаттауға бағытталған.

Astana Media Week — Қазақстандағы ең ірі медиа алаңдардың бірі. Ол ақпараттық саясаттың өзекті бағыттарын айқындап, саланың дамуына серпін береді. Форум жыл сайын жүздеген қатысушыны біріктіріп, тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен серіктестіктерге жол ашады.




