80 жастағы жамбылдық желаяқ Нью-Йорк марафонының чемпионы атанды
- author AR-AY
- Бүгін, 15:44
- 6
Астана халықаралық әуежайында 5 қарашаға қараған түні Нью-Йорк марафонында 80–89 жас санатында чемпион атанған мойынқұмдық Салтанат Түйтебаевты елорда жұртшылығы салтанатты түрде қарсы алды.
Жүгіруді өмір салтына айналдырған ардагер спортшыны туған-туыстары мен жақындары құшақ жая күтіп алды.
— «Әлемде ең беделді саналатын 6 марафон бар — Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио. Оған тек жарна төлеп қана қатыса алмайсың. Арнайы уақыт нормативін орындау қажет. Мен Амстердамда қажетті нәтижеге қол жеткізіп, биыл 200 мың үміткердің ішінен шақырту алдым. Нью-Йорк марафонында екінші рет жүгіру бақыты бұйырды», — деді Салтанат Түйтебаев.
Аталған марафонда Салтанат аға 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта бағындырып, өз жас санатында бірінші орынды жеңіп алды. Бұған дейін ол 2021 жылы дәл осы марафонда 75–79 жас санатында күміс жүлдеге ие болған еді.
Спортшы биылғы жарыстың ауқымы мен атмосферасының ерекше болғанын атап өтті:
— «Бұл жолы 55 мыңға жуық адам бір мезетте жүгірді. Олимпиада және әлем чемпиондарымен қатар жүгіргеннің өзі үлкен мәртебе. Трасса өте ауыр, бірақ жол бойы 2 миллионнан астам көрермен қолдап тұрды», — деді ол.
2025 жылғы Нью-Йорк марафонына Қазақстаннан жалпы 44 спортшы қатысты.
Ал марафондағы ең егде қатысушы — Жапониядан келген 91 жастағы Коичи Китабатаке болды. Ол қашықтықты 7 сағат 25 минут 13 секундта еңсеріп, әлемдік жұртшылықтың ерекше құрметіне ие болды.
Салтанат Түйтебаевтың жеңісі — тек Мойынқұмның ғана емес, бүкіл Қазақстан рухының, қайсарлығы мен жігерінің жарқын көрінісі.




