АЛЫПТАРДЫ «ӨМІРГЕ АЛЫП КЕЛГЕН» МҮСІНШІ
«Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Біздің алтын құрсақты аналарымыздың бойынан тараған алтын басты ұрпақтар аз болған жоқ. Арасында ел қорғаған батыр да, жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақындар да болды. Егер қазақты қазақ қылып тұрған Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Шоқан Уәлиханов сияқты тұлғалар десек, аталған және басқа да қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенттерін қайта тірілткен ұлы мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың орны ерекше.
Хакімжан Есімханұлы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, «Тарлан» сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, бейнелеу өнерінің алтын қорына енген туындыларды сомдаған аса талантты қазақтың тұңғыш мүсіншісі.
Қазақтың танымал тұлғаларын қайта тудырған ұлы мүсінші өзінің саналы ғұмырын өнер жолына сарп етті. Талантты тұлғаның қолынан шыққан туындылар қазақ баласының көз қуанышына айналды.
Ел ішінде Хакімжан Наурызбаевтың өнерінен бөлек, өмірде атақ-дәреже қумағанына дәлел болатын аңыздар да өте көп. Мәселен, Лениндік сыйлықтан бас тартуы өз алдына бөлек әңгіме. Мүсінші аталған сыйлыққа дауыс беретін комиссия мүшесі болса керек. Сондықтан Лениндік сыйлықты өзіне алуға қатты ыңғайсызданып, бас тартыпты. Сонда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов қайран қалып: «Неге бас тартасың, тұңғыш мүсінші екенің шындық қой», – деп ренжіген екен. Арлы, намысты болудың бұдан артық үлгісі болмаса керек.
Сонымен қатар ұлы мүсіншінің қарапайымдылығы туралы да көп дерек айтылады. Бәрін айтпай-ақ бірін айтсақ, жазушы Ғабит Мүсірепов қайтыс болғанда Хакімжан Есімханұлы арнайы комиссияның құрамында Кеңсай зиратына барады. Сөйтіп, үстіне жұпыны киімін киген кішкентай ғана қазақтың қараторы мүсіншісі бірден зират басында жерді өлшеп, ары-бері жүріп дамыл таппайды. Комиссияны басқарып, басы-қасында жүрген ақын Мұхтар Шаханов Хакімжанды көр қазушының бірі болар деп ойлап: «Кесе-көлденеңдемей былай тұршы» деген көрінеді. Сол кезде қарапайым Хакімжан да үн-түнсіз сыртқа шыға беріпті. Ертесі күні комиссия мүшелерінің бәрі Ғ.Мүсіреповтің үйіне жиналады. Сонда Шаханов өзінің кеше қатқылдау сөйлеген адамының төрде отырғанын көреді. Әрі Хакімжан екенін таныған ақын сол сәтте бірден кешірім сұраған екен. Міне, ұлылардың жүріс-тұрысының өзі, бір-біріне деген құрметі де ерекше ғой, шіркін!
Артынан өнегелі істерінің өзі аңыз болып ерген мүсіншінің өзі де бүгін туған жері Қостанай облысында мүсінге айналып, қазаққа асқақ рух сыйлап тұр. Нақтырақ айтар болсақ, Қостанай қаласының 140 жылдық мерекесіне орай Хакімжан Наурызбаевтың жас мүсінші Гүлфия Мелдеш жасаған тас бейнесі облыс орталығындағы Пушкин және Алтынсарин көшелерінің қиылысына орнатылған.
– «Суретшінің өзі емес, суреті сөйлеп тұрады» деген халықпыз. Хакімжан Наурызбаевтың асылтекті қазақтың бірі ретінде тарих бетінде қалатыны анық. Мысалы, мүсіншінің қолынан шыққан Амангелді Имановтың мүсіндік портреті даңқты батырдың терең сезімі мен толғанысын ашып көрсетеді. Батырдың осы бітім-болмысын суреттеп, сөйлете алған мүсінші халық батырының өзіне тән өткір мінезін пластика тілімен жеткізе білді. Сондай-ақ ол кісінің қолынан шыққан жас Жамбылдың жүзінен де өзіне тән мінез-құлқы көрініп тұрады. Автор ақынның бет-жүзіне оның алда күтіп тұрған ұзақ та күрделі тағдырының ізін бейнелей білді. Көрнекті шебердің шығармашылығының ең құндылығы – кейіпкерлерінің өзіндік ерекшелігі. Оның әрбір туындысынан туған жердің рухы, адамдарына деген шексіз қызығушылық, туған халқына деген қалтқысыз қызметі сезіледі.
Мүсіншінің жұмыстары Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында, Алматыдағы ҚР Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында және Қазақстанның өзге де көркемсурет мұражайларында, сонымен қатар Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында да сақталған. Біз ұлы мүсіншінің біздің топырақта туғанын мәңгі мақтан тұтамыз. Қазақтың біртуар ұлдарына мүсін орнатып кеткен хас шебердің өзі де мүсінге айналып, бүгінде қаламызда тұр. Бұйырса, біз біртуар дарын иесінің келесі жылы 99 жылдығын қарсы алғалы отырмыз. Ал ғасырлық тойы қазақ ұлтының ортақ қуанышы болатындығы сөзсіз, –
дейді Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Эльмира Алшынова.
Аңыз адам Хакімжан Наурызбаевтың қолтаңбасының бірі облысымызда да тұр. Ол – атақты ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші.
Қоладан жасалған, салмағы 7-8 тонна тартатын мүсін 1961 жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 115 жыл толуына орай Жамбыл атындағы Сауда алаңы орталығына, «Ежелгі Тараз» қалашығы маңына орнатылады. Ескерткіштің мүсіні Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында құйылған.
Биіктігі 4 метрді құраған мүсіннің тұғыры – 4,5 метр. Тұғырдың беткі жағында: «Джамбул Джабаев 1846-1945» деген сөздер, төменгі бөлігінде тау шоқысынан асып көтеріліп келе жатқан күн бейнеленген.
Ж.Жабаевтың ескерткіші Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі «Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» №88 бұйрығымен республикалық дәрежедегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарына енді. Ескерткіштің паспорты толтырылған және мемлекет тарапынан қорғалады.
– 2018 жылы ескерткішке сараптама жұмыстары жүргізіліп, оның қорытындысы негізінде 2019 жылы Алматы қаласында ҚР Суретшілер одағының мүсіншілер базасында қайта қалпына келтірілді. ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы негізінде ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 8 қарашадағы №841 «Жамбыл Жабаевтың ескерткіші» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру туралы» қаулысымен ескерткіш Абай көшесі №125 мекенжайындағы Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының алдына ауыстырылды. Архитекторы – В.Сощенко, мүсінші – Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаев. Ақын ұлттық киімде, сол қолына домбыра ұстап тұрған күйінде бейнеленген. Мүсін мыс араластырылған шойын қоспасынан құйылып, қола жалатылған.
Мұндай біртуар мүсіншінің бір қолтаңбасы облыста тұрғаны шынымен де қуантады. Әрі бір байқағаным, осы ұлы тұлғалардың ескерткішін жасау тікелей олардың өмірде жүрген жолдары мен тағдырларына байланысты болатындай. Өйткені мүсін өнеріне жай қарауға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, мүсін сол тұлғаның қайта тууы деуге болады. Яғни сол мүсінге қараған адам шын сол адамды көргендей сезімге бөленуі тиіс. Сонда ғана ол жанды, тірі өнер болып саналады. Ал Жамбыл атамыздың мүсіні осы шарттардың барлыға сәйкес келетіні, қараған адам ол кісінің өзін көргендей болатыны анық, –
дейді облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков.
Елі мен жеріне аңыз болған даңқты мүсінші 1925 жылы 27 тамызда Қостанай облысының Меңдіқара ауданының №1 ауылында дүниеге келіп, 2009 жылы мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Ұлы мүсінші өз өмірінде 300-ден астам туындыға жан бітірген. Сондықтан да қазақ бар кезде Хакімжанның да аты аңызға айналып, атағы күннен-күнге көтеріле беретіні анық.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала