Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жақұтты жөргек

Жақұтты жөргек
ашық дереккөз
Жақұтты жөргек
Сүйіспеншілік, ұлттық құндылық, отбасы, әлеуметтік жағдайды сипаттап көркем сөз шеберлігімен өлең шығару – үлкен еңбек. Ал сол өлең жинағын кітап қылып жазу – адамның  бір мүшел жас уақытын өткізгенмен тең. Осылай жастайынан өлең шығаруды өзіне хобби еткен Сағи Әмзеұлының алғашқы «Жөргек» атты жыр жинағы жарық көрді.
1986 жылы Талас ауданының Ойық ауылында дүниеге келген Сағи Әмзеұлы жетінші сынып оқып жүрген кезден бастап өлең шығара бастаған.
– 2005 жылы арман қуып Алматы қаласына келдім. Басты мақсатым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті болу еді. Емтихан тапсырып көрдім, бірақ ол оқу орнында, сол мамандықты оқу маған бұйырмапты. Ал ақылы оқуға ата-анамның қаражаты жетпеді. Сөйтіп, жылдар бойы өз кітабымды шығару үшін қара жұмыс істедім. Арада 18 жыл өткенде мақсатыма жетіп, алғашқы кітабымды көпшілікке тарту еттім, – дейді ақын ағамыз. Бұған дейін белсенді жастар Сағидың өлеңдерін оқып, бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп отырған.
Жақсы ғой жаратқанды
           ұлықтаған,
Жақсы ғой дүниеге құнықпаған.
Адамның бойындағы нағыз
байлық –
Жөргекте жатқан кезін
          ұмытпаған.
Сағи Әмзеұлы өзінің «Жөргек» өлеңін осы жолдармен бастаған. Автор бұл өлеңінде адам баласының бойындағы жақсы құндылықтар мен жаман қасиеттерді салыстыру арқылы өмірдегі шынайы адам бейнесін көрсетеді.
 Ал елдегі  әлеуметтік жағдайды «Қызымның арманы» атты өлеңінде былай сипаттайды:
Ұйқыға жатып жайланған
    едік кешқұрым,
Қызым мен ұлдың әңгімелерін
  естідім.
Үйіміз болып, бөлмеміз
    болса дегенде,
Тамаққа кептеліп,
    тұншықтырды өксігім.
Мұнда Сағи Әмзеұлы өз өміріндегі оқиғасын мысал ретінде көрсете отырып, бүкіл үйсіз жүрген отбасылардың басындағы проблема жайында айтқан. Шынында, моншақ секілді бір жіптің бойына тізілген тұрғын үй  кезегінде тұрған отбасылар, баспанаға қолы жетпей, көшеде түнеп жүрген адамдар қаншама...
   Бұдан бөлек кітапта автордың отбасына, жұбайына, ата-анасына арнаған өлеңдері көп. Соның ішінде өз ұлына арнаған «Қолымнан ұста, құлыным», «Құлыным» атты жыр шумақтары бүкіл әкелердің ұлынан күткен үмітін бейнелейтіндей. «Әке деген ізін басар артынан тұяқ қалса» дейді. Бірақ көп әкелер ұлдарымен ақылдасып, сырласа бермейді. Айтқандай, бұл туындылар барлық әкенің ішіндегі сыры көрінеді.
«Құлыным» өлеңінің үзіндісі:
Құлыным, болашақты
     ойласаң шын,
Ұл болшы ақылыма ой қосатын.
Мен сені адал нанмен
        асыраймын,
Қанағат қыл қарының
    тоймаса тым.
*     *     *
Еңбек қыл, жатпа босқа
күні-түні,
Өмірдің бағындырғын
        биік шыңын.
Мен сенің көріп жүрсем
          жемісіңді –
Сен менің ақтағаның үмітімді.
«... Кітап шығару арманым еді. Сол арманымды мақсат еттім. Мақсатыма жету үшін ешқандай қиындықтан бас тартпадым», – деген Сағи өзін жарыққа шығарған кітабы екенін айтады. Қазіргі таңда ол «Абырой» авторлық қоғамының белді мүшесі. Болашақта ақын ағамыздан көпшіліктің көңіліне жол табатындай  туындылар күтеміз!
Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар