Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сөз құдіреті

Сөз құдіреті
ашық дереккөз
Сөз құдіреті
«Сілең қатқыр», «қараң қалғыр», «аузыңнан қара қаның келгір, «тұқымың тұздай құрығыр», «бағың ашылмағыр», «зарлап қалғыр», «атаңа нәлет» деген сөздер сіздерге таныс па? Кейбір апа-әжелердің дұшпанын емес, өз немерелерін осылай қарғап-сілеп жататыны бар. Байқап қарасақ, көптеген адамға жаман сөз айту әдет болып қалыптасып қалған. Бұл ол үшін күн сайынғы қалыпты сөзге айналған. Алайда сөздің киесі, құдіреті барын да ұмытпаған жөн. Қастерлі хадисімізде де «жақсы сөйле немесе үндеме» деп айтылған. Қазақ қиындықты көп көрген халық деп айтамыз ғой. Басымыздан тауқыметтің кетпей қойғаны да осы сөздердің құдіреті ме деп те ойлайсың кейде. Әр үйде әжесі не анасы ашумен қарғыс сөз айтса, ол сөз жаңғырық секілді үлкен қуатпен еселене түспей ме? Ол сөз ұрпағына теріс бата болып жетпей ме? «Мың жасағыр», «бақытты болғыр», «аман болғыр» деген секілді тәуір сөздерді неге қолданбасқа? «Өсіп-өнгір», «көгергір», «тұқымың өскір» деп те ашуын басатын әжелер ел ішінде бар. Аузы жаман әйелдер кейде «тас мола болғыр», «шүйкебас», «өлгір» деп қарғап жатады. Осы мәселе жөнінде көпті көрген қария Данагүл Балтабаеваның айтар ойы құптарлық. – Бұрын қазақтар көз тимесін деген ырыммен балаларын «жаман қыз», «жаман бала», «сасық» деп атаған. Енді ол балақайға сөз де, көз де тимесін деген ой ғой. Бірақ сөздің құдіреті бар деген рас екен. Өзім бұрын ұлыма «түріңе бәле келгір» деп айтатынмын. Шынымен де бетіне жара шықты. Беті қып-қызыл болып тұрады. Әр жерге барып ем-дом іздейміз. Қаралмаған адамымыз жоқ. Бақсы-балгер, тәуіп, дәрігер, бәрін араладық. Алайда бетіне ем таба алмадық. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, осыдан соң мен өз қатемді түсініп, жақсы сөйлейтін болдым. Немерелеріме көсегең көгергір, ұзақ өмір сүргір деп айтатын болдым, – дейді ол. «Сөз – әдетке, әдет – мінезге айналады». Сондықтан да жақсы сөйлеген абзалырақ. Балаға кішкентай күнінен «сен топассың», «дым білмейсің», «оңбағансың», «салақсың» деп айтатын болсақ, бала тура солай өседі екен. Ал егер «балам, сен зерексің», «бір әдемі баласың», «ақылың бар», «сондай кереметсің» десек, бала да нұрланып, жайқалып, түзу өседі. Бала күнінен жаман сөз естіп өскендердің болашақта жолы болмайды екен. Ата-бабасынан жеткен қарғыс сөз ұрпағына әсер етпей қоймайды. Осындайда «Шіркін, «тұқымың өскір» деп отыратын асыл әжелеріміздің қатары көбейсе екен» деп іштей тілейтініміз бар. Сөздің киесі болатынын айттық. Сол үшін сөздің қадіріне жеткен дұрыс. Ата-бабаларымыз о баста бірауыз сөзге тоқтаған халық еді ғой. Сөзінде тұрмағандарды «жетесіз» деп атаған. Көкірегі көмбе, білгені көп қонақтар жақсы әңгіме айтады. Артында жақсы сөз қалдырады. Ал кейбіреулер артық сөзге үйір болып, қарғыстан басқа айтары жоқ. Атақты Бұқар жырау «Қол бастау қиын емес, сөз бастау қиын» деп бекер айтпаса керек. Себебі сөз – кие, сөз – қару, сөз – құдірет, сөз – қасиет. Кейбіреулер осындай ескертпені естігенде «Сонда біз сөйлемеуіміз керек пе?» деп шамданып жатады. Ең маңыздысы – аз сөйлеу, көп сөйлеу немесе үндемей отыру емес, парықсыз, мазмұнсыз, мағынасыз сөз айтпау. Керісінше пайымды, парасатты, ойлы сөз айта білу парасаттылықтың бір белгісі. Бір танысымыздың айтуынша, достары баласына «су ми» деп ұрсады екен. Сол бала жоғары сыныпқа өткенде, расында, миында су пайда болыпты. Айтылған сөз – атылған оқ. Сондықтан өз балаңа, жақыныңа, әріптесіңе, ата-анаңа не айтып тұрсың, мағынасын түсініп барып айтқан жөн екен. – Жолдастарымыздың бірі «грантқа түссең мұрнымды кесіп беремін, топас» деп баласына сенімсіздік танытып ұрсатын. Жап-жақсы озат оқушы болатын. Жолы болмай грантқа түспеді. Көпшіліктің арасында тараған сөз бар ғой, «адам болмайсың» деген. Сол не сөз? Алла бізді адам етіп жаратты. Аузым бар деп айта беретін болғанбыз. Өз балаларына «әкең сияқты алқаш боласың», «пәленше сияқты наркоман боласың» деушілерді де талай естідік. Өз балаларының болашағына тас атып, соны қалап тұрған секілді, – деп ой түйді журналист Гүлжан Рахман. Үлкен кісілер бала-шағасына «береке тапқыр», «бағың ашылғыр», «бақытты болғыр» деп ұрысса, кәнеки! Мұндай жағдайда ашуға мінген қазақ әйелінің ұрысының өзінен еркелету, жақсы көру сезімі желдей есіп тұрар еді. Абайламай сөйлеген әр сөзіміз түбімізге жетіп жатыр. «Көлік қағып кетеді», «тал құлап кетеді», «авария боласың» деп жаманат хабарды өзіміз айтып, өзіміз сұранып, соны күтіп отырамыз. Бұл жайында айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның да айтар ойы бар. – Адам өз өмірі мен тағдырын кез келген уақытта өзгерте алады. Тек өз-өзіне сенімді болуы керек. Кейбір қарапайым сөздер өз өміріңді түгел өзгертуге септігін тигізеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, санамызда жақсы ойлап, сосын жақсы сөйлеуіміз қажет. «Рақмет», «шүкір», «ризамын» деген секілді сөздерді көп айту адамды жақсылыққа жетелейді. Келмей жатқан бәлені шақырудың керегі жоқ. «Ауырайын деп тұрмын» десеңіз, міндетті түрде ауырып қаласыз. «Осы менің-ақ жолым болмайды» десеңіз, әрине, сіздің жолыңыз болмайды. Ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болған жөн. Сөз – әулие, түбіңе жетеді. Кейбіреулер бай, салтанатты өмір сүреді. Молшылықта, бәрі жеткілікті болып ғұмыр кешеді. «Маған ондай байлық қайда?» деп кейбіреулері өз-өзіне тұжырым шығарып, өзінің бай болуына, ақша табуына саналы түрде мүмкіндік бермейді. Ризықтың келетін әртүрлі жолдары бар. Сондықтан жақсы сөз айтып, жақсы өмір сүргенге не жетсін! – дейді ақын. Қазақ хал-жағдай сұрасқанда да жақсы сөз айтуға тырысады, «әйтеуір жүрміз» демейді. Бұлай дейтін болсаңыз, өмірге өкінгеніңіз. Кейбіреулер «пойдет» деп қояды. Соншалықты өміріңіз қызықсыз емес шығар. «Шүкір» деген дұрыс. Адам баласының жанын жадыратып жаз қылатын да, құлдыратып қыс қылатын да бірауыз сөз. Ендеше аузымыздағы сөзімізге абай болайық. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар