Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тілші мен журналистің айырмашылығы неде?

Тілші мен журналистің айырмашылығы неде?
ашық дереккөз
Тілші мен журналистің айырмашылығы неде?
Соңғы уақытта осы екі ұғымға ие сөздерді бір мамандық иесінің атауы ретінде қабылдайтындардың, яғни журналист пен тілші атауын синоним сөз ретінде қолданушылардың қатары көбейгені белгілі.  Осы сөздердің, не мамандық атауларының аражігін ашуға кейбіреудің түсінігі жетпеуі мүмкін. Мәселен, белгілі бір газеттерде еңбек етіп жүрген тілшілердің, яғни негізгі мамандығы филолог немесе қазақ әдебиеті пәні мұғалімдерінің келесі бір басылымға мақаласы шыққанда сол мақаланың авторы ретінде оның аты-жөнімен қоса, «журналист» екені көрсетіледі. Шындап келгенде бұл қате. Негізінде ол тілшіде журналист деген мамандық болмаса, онда оны «пәлен» деген газеттің, «түген» деген тілшісі немесе теле-радио тілшісі деп нақты көрсету керек. Сол секілді кім қай газетте еңбек етіп жүр, соның ішінде қолында журналист дипломы жоқтардың мақаласының астына «тілші» деп жазылғаны дұрыс. Бұл журналист мамандығын тілшіден қызғану емес, автордың нақты кім екенін оқырманға ашып көрсету. Себебі журналист мамандығын игерген кейбір басылым қызметкерлері сол филолог не мұғалімнің немесе басқа да мамандық иесінің жазғанын жаза алмауы мүмкін. Осы жерде тағы бір айта кетер жайт, қазіргі қоғамда блогерлерге айрықша назар аударылғалы бері кез келген адам журналист бола алады деген түсінік қалыптасып бара жатыр. Олардың түрлі әлеуметтік желідегі сауатсыз жазбалары оқырманды түптің-түбінде ойсыздыққа жетелейтінін есте мықтап ұстауымыз керек. Қаламгерліктің де адамға қанмен берілетінін, бойдағы бар талантты журналист мамандығын игеру немесе осы салада еңбек ете жүріп тәжірибе жинау арқылы ұштастырылатынын әркім түсінуі тиіс. Сол үшін де газет беттерінде мақаланы кім жазса да оқырман журналист жазды деп ойлап қалмауы үшін тілшіні тілші, журналисті журналист деп атап көрсеткен дұрыс деп ойлаймын. Себебі тілшінің де, журналистің де атқаратын қызметі, оларға жүктелетін міндет бірдей болғанымен, екеуі екі түрлі мамандық иесі. Жалпы, «журналист» атауына ғылыми тұрғыда үңілетін болсақ, бұл «Терминком.кз» электронды базасында еш аудармасы жоқ, сол күйінде қолданылатын сөз ретінде көрсетілген. Тек тарихи тұрғыдан көрсетілген бір баламасы – «қаламгер». Бірақ «қаламгер» сөзі бүгінде тек журналиске ғана емес, жазуға ебі бар қалам тартатындардың жалпы атауына айналған. Демек бұл сөз даралық мағынадан, жалпылық мағынаға ие болған. Сонымен қатар тағы бір айта кетер ұсыныс – журналисті меніңше, «жорналшы» деп атаған дұрыс секілді. Жорналшы біздің лексиконымызға жат сөз емес, керісінше, қазақ тілінің акустика-артикулциялық базасына ыңғайлы айтылған, «журналист» сөзінің еш мағынасын өзгертпейтін, таза баламасы болатын әдемі сөз. «Журналист» сөзіне «Сөздікқор.кз» базасында да нақты сипаттама берілген. Мәселен, онда «журналист – журналистикамен шұғылданушы; журналист – маман, журналистика саласындағы тәжірибелі маман, кең аудиторияға күнделікті оқиғалар туралы жаңа ақпарат жинайды және таратады; журналист бұқаралық ақпарат құралдарына ақпараттың жеткізілуі мен таралуына жауапты, редакторлықпен айналысатын жеке тұлға» делінген. Демек түсіндірме сөздіктерде «журналист» сөзінің сипаттамасы мен оның кім екендігі және қандай қызмет атқаратындығы анық жазылған. Ал тілші ше? «Терминком.кз» базасында тілшінің баламасы ретінде «корреспондент» сөзі алынған. Мәселен, фотокорреспондент – фототілші, юнкор – жас тілші, собственный корреспондент – меншікті тілші деген секілді тағы бас ұғымдар бар. «Корреспондент» сөзіне «Сөздікқор.кз» базасында бірнеше анықтама берілген. Яғни онда «Газеттің немесе басқа да мерзімді басылымдардың қызметкері; газет, теледидар, радиода, ақпараттық агенттіктерде штатта, не штаттан тыс қызмет ететін журналист. Ал «тілші» сөзіне берілген анықтамада «Белгілі бір халық тілін зерттейтін ғалым, тіл білімінің маманы» деп көрсетілген. Екі үлкен базадағы мәліметтерге қарасақ, «тілші» сөзінің сипаттамасында қайшылық бар екенін аңғаруға болады. «Терминком.кз» базасында тілшіні –  корреспондент десе, «Сөздікқор.кз» базасында тілшіні – тіл маманы деп көрсеткен. Осы үшін де халық арасында кейде лингвисті – тілші деп атайтындар кездеседі. Бірақ лингвисті – тіл маманы, тілтанушы деген дұрыс, ал корреспондентті – тілші деп қолданған тиімді. Сонымен, журналист – бұл басылымға материалдар (мақалалар, шолулар, эсселер) жазумен айналысатын мерзімді басылымның, ақпараттық медиакеңістіктің қызметкері. Ал тілші немесе корреспондент – бұл бастапқы және жедел ақпаратты іздеп, оны жариялайтын, журналистің бір түрі. «Тілші» сөзінің ауқымы «журналиске» қарағанда тар. Сонымен қатар қазір «журналист» сөзіне қосымша жалғауда да қателіктер кетуде. Мәселен, журналиске дегенді – журналистке, журналистің – журналисттің деп, «журналист» сөзінің түбірін сақтап, сөздің соңында тұрған дауыссыз дыбыстардың қатар келіп тұрғандағы, соңғы дауыссыз «т» әрпінің түсіріліп жазылу ережесін көпшілік ескермейді. Бұл – сауатсыздыққа әкеледі. Қазір ақпарат заманы, жалпы жұрт сауаттылықты ақпараттан үйренеді. Сол үшін мемлекеттік тілдегі сөздердің мағынасын, оның сипатын анық біліп, сауатты жазу – баршамызға міндет.

Балмира МЫРЗАБАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар