Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ар мен намыстан жаралған жан

Ар мен намыстан жаралған жан
ашық дереккөз
Ар мен намыстан жаралған жан
Биыл белгілі қоғам қайраткері, ақын, жазушы, публицист, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынның туғанына 85 жыл толып отыр. Айтулы қаламгер 1937 жылы 17 маусымда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қосы батыр (бұрынғы Қарасу) ауылында дүниеге келген. Ержеткен соң елге қайраткерлік қырларымен жақсы танылған Арғынбай Бекбосын 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, ол таратылғаннан кейін 1995 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, мыңға тарта заң актілерінің қабылдануына атсалысқан тұлға. Оның ел дегенде елжірегіш адам болғанын, ақиқат үшін аянбай еңбек еткенін қаламдас достары мен көз көрген замандастары айтудан жалыққан емес.

Бітімі басқа, болмысы бөлек

– Мен асылы Арекеңнің жеке қолын алғаннан бұрын, елі білетін, жұрты құрмет тұтқан есімін таныдым. Бар жаңалықтың жаршысы болған газеттерге жиі көз тастайтын мен өткен ғасырдың 80-ші жылдары бүгінгі «Egemen Qazaqstan» (ол кезде «Социалистік Қазақстан») және қазіргі «Aq Jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газеттерінің бас редакторлары қазақтың аяулы перзенті Шерағаң мен өз ісіне өте талапшыл Арекеңнің «қолынан шыққан» мәні де зор, мазмұны да биік мақалаларына ынтық болатынмын. Осылайша екі алыпқа «жақындадым». Тағдыр деген ұлы дүниені қойсаңызшы, ақыры маған осы ұлтымыздың екі талантты ұлдарының алдын көріп, олардан үлгі-өнеге алу бақыты да бұйырды. Неге мен осы екі атпал азаматтың есімдерін бір-бірінен ажыратпай қатар атап отырмын? Өйткені бұл ұлтын сүйген, асыл аналарын ардақтаған, әке иісін аңсаған, туған халқына адал қызмет атқарған ғазиз жүректі қос жанның тағдырлары өте ұқсас еді, – дейді облыстың идеология саласында ұзақ жыл тер төккен сала ардагері Қырғызәлі Тілеуов. Ол Арекеңмен өмірден өткенінше ағалы-інілі болып сыйласып, орнын құрметтеп, өз қолтаңбасымен ұсынған жауһар дүниелерін үзбей оқып, сәті келген кей шақтарда сапарлас та болып жүргенін айтып берді. – Қолынан қаламы түспеген Арғынбай аға Алланың берген сабырлы мінезімен, саламақты қалпымен ұлағатты өмір кешті деп ойлаймын. Төрде төбедей болып отыраған Арекең ақыл айтса арда еді. Топ ішінде сөз бастаса шешен еді. Ел ағасы биігіне көтерілген жан еді. Қатардағы қарапайым радио журналисінен бастаған Арғынбай ағамыз үлкен өмір және еңбек мектебінен өткен салиқалы азамат болатын. Соның ішінде, биыл алғашқы санының шыққанына 100 жыл толып отырған облыс баспасөзінің қара шаңырағы бұрынғы «Еңбек туы» газетін он жылға жуық табысты басқарып, ел егемендігін алған шақта атауының «Aq Jol» болып ауысуы да осы Арекеңнің тұсында болғаны өңір тарихының бір парағы. Міне, осы өткен өрелі жылдарға кері бұрылып қарайтын болсақ, көрнекті қоғам қайраткері, белгілі ақын, айтулы драматург, талантты публицист-журналист Арғынбай Бекбосын ағамыздың қасиетті Әулиеата өңірі баспасөзі мен журналистика саласының дамуына қосқан үлесі аса қомақты. Оның ең басты себебін мен Арекеңнің өз мамандығын өте терең білгендігімен байланыстырып, аса дарынды редакторлық қасиеттерінен және асқан жауапкершілігінен көргендей боламын. Аркеңнің 17 маусым күні аталып өтілген 85 жылдығына орай бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты, ол кезде облыстық телеарна басшысы болған Мейрамбек Төлепбергеннің маған салып жіберген авторлық «Сыр перне» бағдарламасына қатысып, ордалы ойын ортаға салған асыл сүйекті ағамыздың ұлт алдындағы ар мен намысты бәрінен де биік қоя білгендігін қайта тыңдап, «қайран Арекең!» деп бір қимастық көңілде қалдым. Бірде Жамбыл облысы мәдениетінің шырақшысындай болған марқұм Әлібек Әмзеұлы қиналған сәтінде «Маған бүгінде ар мен намысты серік еткен Арекең жетпей жүр» дегені бар еді. Болмысы бөлек, ақ жағасын былғамаған, лай жерді баспаған, ғайбаттан аулақ жүретін, әділдігі мен турашылдығы ерек Арағаңның асыл қасиеттерін шексіз аңсау деген осы шығар! Өйткені Арғынбай ағамызды көп ел, оның ішінде есімін құрмет тұтып, ұлықтаған шәкірттері, заманы қатар, тілегі бір замандастары атын атамай Ар-аға деуші еді. Қарап тұрсам осы бір сөрелі сөзде үлкен мән бар екен. Өйткені қазақ халқы өмірдегі бар дүниеден ар мен намысты биік қойған. Арлы, намысты болуға тәрбилеген. Ал Арғынбай ағамыз нағыз ары таза, намысы биік, арға қылау түсірмеген ғазиз жүректі жан еді. Менің ойымша Арекең өзінен кейінгі жастарға парасат пен пайымның, адалдық пен тазалықтың эталоны болудың үлгісін көрсетіп кетті. Ал сыпайылық пен сырбаз мінез сынды тән қасиеттер тұла бой ізгілік пен мейірімге толы Арекеңе әдемі жарасып тұрушы еді. Ал орны бөлек Арекең бір өзі – бір әлем болып, артында бай мұра қалдырып кеткен тұлға. Уақыт өте келе қабырғалы қоғам шын мәнінде тұлғасы биік Арғынбай ағамыздың биік бейнесіне, оның жазған терең ойлы дүниелеріне қайта оралып, іздейтін болады деп ойлаймын. Өйткені ол қоғамға қажет, елі мен жұртына, руханият әлеміне, кейінгі буын жастарға аса керек тұлға. Маған шыңның басындағы шынар талдай биік, арда туған Арекең кешегі ұлы Абай мен Мұхтар, Ғабит пен Сәбит, Сұлтанмахмұт пен Қасымдар бастаған ұлттық әдебиетіміздің тағы бір алып бәйтерегіндей көрінетін және сол ұлы жолды сәтті жалғастыра білген жан деп есептеймін. Ол Омар Һайям, Фирдоуси сынды шығыс шынарларының жазира жырларын қазақ тілінде сөйлетті. Арекең көзінің тірісінде Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат», екінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атақтары мен бірқатар халықаралық сыйлықтардың иегері атанған еді. Еліміз бен өзінің туған өлкесі Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына айрықша үлес қосқан, халқымыздың үлкен жүректі азаматы, тілі мен ділінің, әдебиеті мен мәдениетінің нағыз жанашыры бола білген Арекең нағыз абзал жан еді. Қос тілде қатар жазған Арғынбай ағамыздың артында аса құнды әдеби мұралары, тарихи драматургиялық туындылары қалды. Киелі Әулиеата топырағының туын төмендетпеген Арғындай Бекбосын ағамыздың жатқан жері пейіштің төрі болып, иманы жолдас болсын! – дейді зейнеткер Қырғызәлі Тілеуов.

«Ақ жолды» алашқа танытты

А.Бекбосын облыстық газеттің тізгінін ұстап тұрған кезінде өте бір батыл қадамдарға барып, ылғи да өзекті мәселелерді көтерген тұлға екені турасында айтылатын аңыз көп. Ол кісі бас редактор болып тұрған кезінде Асанбай Асқаровқа газет арқылы жасалған «қоғамдық қорғау» мен биліктен кеткеннен кейінгі Димаш Ахметұлы Қонаевтан алғашқы сұхбаттың «Aq Jol»-ға шыққанын жаңа дәуірдің рухани және тарихи оқиғалары қатарына жатқызуға болады. Сол жылдары «Aq Jol»-дың аты Қаратаудан асып Алтайға да барады, Сарыарқаның сағына оқитын басылымына айналады, қарт Каспийді жағалай қонған ел-жұрт та іздеп оқыса, алматылық оқырмандар газетті үйлеріне жаздырыпты. Міне, бұл бірінші кезекте «Aq Jol» газеті редакциясының шығармашылық еңбегінің жемісі, екіншіден, бас редактор Арғынбай Бекбосынның жеңісі еді! – Арғынбай Бекбосын жай ғана журналист емес, ол артынан ерген інілеріне үлгі болатын аға да бола білген адам. Сондықтан оның орны халықтың жүрегінде деуге болады. Ол нағыз ер азаматтың, нағыз журналистің қандай мінезді болу керек екенін, ұлттың ұлы тұлғаларын қалай ардақтау керек екенін, ақиқат алдында қандай от болса да түсетінін сөзімен емес, ісімен дәлелдеген адам. Cонымен қатар ол жазушы. Мысалы, «Жеті қарақшысы жоқ аспан» атты кітабына кешегі Фаризадай ақынның өзі тамсанып «Әркімнің үйінде осы кітап болуы керек» деген баға берген. Әдетте біз «Газетті кім оқиды?» деген сұраққа жауап іздеп жүреміз. Міне, дәл осы сұрақтың қате екенін дәлелдеген тұлға да осы Арғынбай Бекбосын болатын. Өйткені ол газеттің оқырманын көбейткен редактор. Сондықтан оның ел ішіндегі және тарихтан алатын орнын уақыт көрсетіп беретін болады, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев. Расында да Арғынбай туралы аңызды таңнан-таңға жалғап айта беруге болады. Ол кісі 1985 жылғы наурыз айынан бастап он жылға жуық облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы болып істеп, оны республикадағы ең айбынды, беделді басылымдар қатарына қосты. Тіпті газеттің аты 1990 жылдың сәуір айында Арғынбай Бекбосынның бастамасымен «Aq Jol» болып өзгертілген. Міне, мұның бәрі Арекеңнің тарихқа қалдырған ізі болып қала бермек. Ол кісі тек газетті басқарып бас редактор болып қана отырмаған. Артындағы ініге өнеге, алдындағы ағаға адамдық тұрғысынан құрмет көрсете білген жан. Сондықтан да бүгінгі орта буын журналистер оның мектебінен шыққан түлектер деуге болады. Жұмыста бастық, өмірде аға, ұстаз бола білген А.Бекбосынды шәкірттері былай еске алады. – Арғынбай ағаның көзін көрдік, тәлімін алдық, тәрбиесін көріп, өнегелі өр әңгімесін тыңдадық. Алғашында ағаның есімін оқып-біліп, жанына жақындауға жүрексініп те жүрдім. Бірақ Ар-аға інілерін жанына жақындата білуші еді. Ақылын айтып, жөн сілтейтін. Бірде қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің атауы төңірегінде ұзақ пікірлескеніміз бар. 1998 жылы қала атауы Тараз болып ауысты. Сондықтан газет атауында Жамбыл-Тараз қатар аталып жүрсін деген қоғамның пікірі ескерілген еді сол тұста. Дегенмен Арғынбай аға газет атауын «Тараз таңы» немесе «Таңғы Тараз» деп атау жөнінде ұсынысын білдірді. Өйткені газет таңертең жарық көретін. «Алматы ақшамы» ақшам уақытында шығады, оқырманның қолына сол кезде тиетін дәстүрі бар еді. Солайша қалалық газетті таңертең оқырманның қолына жеткізеді екенсіңдер. Осы атау жөнінде қоғамдық пікір ұйымдастырсақ қалай болар екен?» деп ұсыныс айтты. Кейін бұл мәселе көтерілмеді. Арғынбай ағаның қолы тимеді-ау деймін. Ойлап отырсам, егер Арғынбай аға шындап кіріссе, газет атауы ауысып та кететін еді. Арғынбай аға Алаш ардақтыларының ізін жалғаушы. Шығыс шайырларының, кешегі Абай, Шәкәрім өлеңдерімен сусындаған оның азаматтық болмысы, биік парасаты, шексіз, ұшан-теңіз білімі – осыған саятын. «Фәнилік драмасы» – философиялық еңбек. Бұл еңбекті іздеп жүріп оқитындардың қатары артпаса, кеміген емес. Қоғамдағы орны, қайраткерлігі, журналистикадағы беделі – бәрі-бәрі сол Алаш ардақтыларының ізі еді. «Ұлтқа қызмет ету мінезден» дейді тағы сол Алаш ардақтылары. Арғынбай аға талай мінберлерде өзекті мәселелерді өткір айтты. Өткірлік те мінезден. Жамбыл журналистикасының тарихында Арғынбай ағаның қолтаңбасы, орны мықты редакторлығымен және қаншама журналист тәрбиелеген ұстаздығымен артық. Қара шаңырақ «Aq Jol» газетінде ұзақ жыл редакторлық етті. Әулиеата өңіріндегі орта буын мен жас журналистердің қалыптасуы тарихында Арғынбай ағаның мектебі жасай бермек, – дейді ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерман Әбдиев.

Ақиқатты жырлаған ақын

Арғынбай Бекбосынға мінсіз қызметі үшін 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағы берілсе, 1998 жылы «Парасат» орденімен, ал Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекеленген 2016 жылдың желтоқсан айында III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын – оннан астам поэзиялық, прозалық, публицистикалық кітаптардың, көптеген аудармалардың, драмалық шығармалардың авторы. Қазақстан Журналистер одағы және ТМД елдері Журналистер одақтары конфедерациясы сыйлықтарының лауреаты, мемлекеттік грант иегері атанды. Оның жазушылық қырынан бөлек айтқыштық ақындық өнерінің өзі бір әлем. – Арғынбай қалам қуаты мен ішкі потенциялы өте күшті қаламгер. Оның «Фәнилік драма» атты рубаяттардан тұратын екі кітабы шыққан. Міне, соған қарап тұрсаңыз, төрт тағанды төрт жолдық өлеңге күллі қоғамның қасіретін, заманның зәрлі шындығын сыйғызу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол тек қана тарыдай таланты таудай тағылымға айналған ақындар мен жазушының ғана қолынан келеді. Арғынбай Бекбосын сол жолда өз арманына жеткен адам. Мысалы, онда мынадай шумақтар бар: «Кешір қалқам, өзіңе көп қарадым, Қарап алып біртүрлі боп барамын. Қоңыр күзде көктемді аңсаттың-ау, Бұдан басқа айтарым жоқ қарағым», – дейді. Немесе, «Күміс түнде аспаннан ай қарайды, Ай сәулесі тастардан тайғанайды. Бір жас пері жылынса көз жасына, Бір жас сері серігін аймалайды», деген сияқты мынау зымырап өтіп бара жатқан өмірді, судай тасыған көңілді бір нүктеге тоғыстырғандай шеберлікпен суреттеуі кім-кімді болсын тамсандырмай қоймайды. Біз көбінде Арғынбайды еске алсақ ақиқатты еске аламыз. Өйткені ол өмірін ақиқат жағында көп өткізген адам. Бірде оның ақын жүрегі ел ішіндегі жемқорлардың ісінен зәрлене тулап, былай өлең шығаруға итермелейді. «Сіңірдің қара атты да боз атты да, Сыпырдың бұл жақты да о жақты да. Жолың болып тозақ жаққа барып жатсаң, Сен кәпір тонайсың-ау тозақты да», деп шенейді. Міне, қарап тұрсаңыз ол қашанда халық жағында тұрып ақиқатты ақтап, жамандықты даттап тұрған бірден-бір елжанды адам болды деуге болады. Оның орны ақиқаттың, шындықтың орны, – дейді Жамбыл облысының құрметті азаматы Амангелді Карентай. Иә, арманының ақ жолынан тайқымаған ақ атандай Арғынбай Бекбосын ақиқаттың жүгін арқалап, ардың шыңына келіп мәңгілік мекенін тауып шөгіп тұр. Оның ендігі өмірі халықтың жүрегінің әрбір дүрсілімен тербеліп, аты арттағыларға мәңгілік аңыз болып қала бермек.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар