Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

САЗ ӘЛЕМІНІҢ САҢЛАҒЫ

САЗ ӘЛЕМІНІҢ САҢЛАҒЫ
ашық дереккөз
САЗ ӘЛЕМІНІҢ САҢЛАҒЫ
«Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбің тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді».

Шерхан МҰРТАЗА

Бұл күндері есімі аңызға айналған дарабоз композитор Шәмші Қалдаяқовтың өткен жүзжылдықтың 70-80-жылдарында біздің Жамбыл өңірінде 17-18 жылдай тұрғаны көпшілікке жақсы мәлім. Ол ежелгі Тараз жерінде жай жүрмей, халықпен етене жақын араласып, бірнеше сырлы ән жазғаны («Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы», «Сағынышым менің», «Жақсыгүл», «Келін келді», «Саған айтам», «Алмас» және т.б.) да белгілі. 1986 жылдың жазында, яғни тамыз айында ол соқыршекпен ауырып, перитонит болып Жамбыл облыстық аурухананың хирургия бөлімінде операция жасатып, 20 күндей тиісті ем-дом алды. Сол күндерде сазгер ағамен арада болған қызықты әңгімелер, ой-пікір алмасу мен сырласулар әлі күнге дейін есімнен кетпей, жадымда жаңғырып тұр. Қимастықпен кей-кейде Шәмші ағаны еске аламын. Республикалық, облыстық газет-журналдарда Шәмші туралы жазылған бірнеше естеліктерім жарық көріп, оқушылардың ыстық ықыласына бөленді, тіпті олардың базбірі республикалық радио мен телевидениеден жеке хабар ретінде де берілді. ..Асқынған соқыршекпен хирургия бөлімшесінің 10-шы палатасында жатқан Шәкеңе таңертеңгілік палатасына кірсең болды, төсегінен атып тұрып: «О, Сағындық, айналайын, менің алтын қолды дәрігерім! Күннен-күнге денсаулығым жақсарып келеді. Шүкір. Көңіл күйім де жаман емес. Кейде өзімді курортта жатқандай сезінемін. Сенің шипалы қолыңа түскеніме ризамын. Бала мінезді сазгер ағамыз екі қолын ұсынып, «Жаратқан Иеме ол үшін күн сайын «Тәубе» деп отырмын» деп қарсы алады. Сөз арасында өзара орынды қағытпа қалжың сөздер де табылады. Бірде Шәкең жымың қағып, маған ойнақы көздерін қадап: – Сәке, осы дәрігерлер аурудың қайсысы жақсы екенін біле ме екен? – деп тосын сұрақ қойды. «Шәмші ағамыз тағы не қалжың ойлап тапты екен?» деп оның жүзіне қарадым. Сонда ол: – Ең жақсы ауру – жүрек ауруы немесе сіздерше айтсақ жүрек инфаркты. Көп қиналмай, басқаға масыл болмай, тіл тартпай аяқ астынан көз жұмасың. Ал екіншісі, менің ойымша – қотыр. – Жарайды, жүрек жайлы пікіріңізге қосыламын. Ал қотыр несімен жақсы? – Қотырды қасыған сайын жаның кіріп,өлгенше рахаттанасың. Расында да солай емес пе, а? – деп күлкіге басты. – Шәке-ау, мынауыңыз анекдоттың дөкейі екен, – деп оның қалжыңына риза болып, күлкісіне қосылдық. Бір бітпейтін күйбің тіршілік күндіз Шәкеңмен асықпай отырып, сыр шертіп, жазылып әңгіме-дүкен құруға мұрша бермейді. Қан қысымын өлшеп, тамыр соғуын санап, қажетті ем-дом тағайындап, келесі іске кірісіп кетесің. Бой жазып әңгімелесуге мүмкіндік кешкі кезекшілік кезінде ғана сиректеу болса да болады. Шәкеңді күнде көріп жүрген маған бір күні тың ой келді. Аптаның ортасында аурухананың сол кездегі бас дәрігері Алексей Семенович Овсянниковке барып, жұма күнгі лездеменің орнына хирургия бөлімінде емделіп жатқан белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен дәрігерлердің кездесуін өткізуді ұсындым. Ол келісімін берді. Шәкеңнің палатасына келіп: – Шәмші аға! Ертең тәжірибе алмасамыз. Сазгер де адам жанының арашашысы екенін өзіңіз жақсы білесіз. Сіздің емшілікке де қырыңыз бар екенін байқадық. Соған орай, сізбен аурухана дәрігерлерімен кездесуді жоспарлатып келдім. Ертең таңертең сағат 8.30-да дайын отырыңыз, мен өзім келіп ертіп барамын, – дедім қалжың-шындығымды араластырып. – Олай болса, сен маған ақ қалпағыңды, халатыңды, қандауырыңды бер, – деп ол қалжыңыма қалжыңмен жауап берді. Ертеңіне таңертең белгіленген уақытта Шәкеңе келдім. Көңілі көтеріңкі. Қырынып, селдір шашын тарақпен тарап, ақ көйлекке галстук байлап, қара түсті пиджагін киіп, оның омырауына «Қазақстан Ленин комсомолының лауреаты» төсбелгісін тағып, сақадай дайын отыр екен. Көзім оның киген спорттық шалбарына түсті. – Шәке! Мынауыңыз қалай? Костюміңіздің шалбарын неге кимегенсіз?–  деп, оның мына киім кигеніне таңғалысымды білдірдім. – Інім-ау, мінберден сөйлейтін адамның тек кеуде жағы ғана көрінбей ме? Ақ көйлек пен пиджак кидім, галстук тақтым. Ел негізінен бет пен сөйлеп тұрған ауызға қарайды. Төменгі жаққа көңіл бөлмейді ғой, – деп ол уәж айтты. Мен бұған көнбей, шалбарын кигіздім. Кездесу екі сағаттан астам уақыт алды. Шәмші ағамыз дәрігерлер алдында көтеріңкі көңілмен шешіле сөйледі, олардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Сөз арасында өнер жайында толғанып, ойын-оспақ, қалжың да айтты. Жиналған қауым дән риза болып тарасты. ...Бірде, ауруханадағы кезекті бір түнгі кезекшілік кезінде, бөлімшеде негізгі іс-шаралар саябырсығанда, Шәкеңді кешкі ас-шайға шақырдым. Ағамыздың көңілі әдеттегіден көтеріңкі екен. Құдай жарылқап, кезекшілік тыныш, бір қалыпты өтіп, кеш бойы екеуара талай әңгіменің басын қайырып тастадық. Байқағаным, Шәмші ағамыз әңгімені келістіріп, желісін игізіп, нешебір тапқыр сөздермен көмкеріп, шебер айтады екен. Тыңдаушысын құрғақ, дәмсіз әңгімемен жалықтырмайды. Халық арасында беделді, сыйлы, құрметті азамат бола тұра өмірде қарапайым, көпшіл, бауырмал, жүзінен әрдайым жылулық лебі есіп тұратын жан екенін ұғасыз. Қалжың мен әзілді де ерекше жандырып айтады. Ара-арасына өзінің шымшыма әзіл өлеңдерін де қосып, әңгіме желісін үзбей «тұздықтап» қояды. Сөздерінде басқалардай мақтангершілік, өзін мадақтау, дәріптеу белгісі сезілмейді. Бір байқағаным, Шәкең саясат тақырыбынан бойын әрдайым аулақ ұстайды. Көбіне замандас, үзеңгілес композиторлар мен әншілер, ақындар мен жазушылар жайлы, өзінің басынан өткен хикая-оқиғалар, шығарған әндерінің тарихы жайлы әңгіме шертеді. Бірақ біреуді сыртынан жамандап, қаралап, мұқату дегенді білмейді. Көрнекті сазгердің сөз шеберлігіне тәнті болып, айтқан әңгімесін бұзбай, ұйып тыңдай бергің келеді… – Ия, інім, біліп жатырмыз, өзің Қаратау өңірінен, Сарысу ауданының тумасы екенсің. Ол жер менің ата-бабаларым ертеде мекен еткен киелі топырақ. Сонау бір қиын кезеңде менің әкем Қалдаяқ ашаршылықтан жан сауғалап Оңтүстікке қарай ығысып, Сыр бойына қоныстаныпты. Мен сол Шәуілдір ауданындағы Темір стансасына жақын маңда Сарықамы деген ауылда 1930 жылы қыс айының бірінде дүниеге келіппін. Туу туралы куәлікті кейінірек алдым. Француз халқының белгілі тұлғасы, жарты әлемді өзіне қаратқан жаужүрек император Наполеон Бонапартты кім білмейді? Сол Наполеонның туған күні тамыздың 12-і екен. Мен туу туралы куәлігімді аларда Наполеонды аса қадірлегенімнен туған күнімді 12 тамыз деп жаздырып алдым. Оным дұрыс болған деп есептеймін. Ал әлгі өзің өскен киелі де қазыналы Каратаудың бойындағы Созақ пен Сарысу өңірін жалпы қазақ біріктіріп «Теріскей» деп атайды. Талай рет ол өңірді асықпай аралап, дәм татып, табиғатын саялап, мөлдір бұлақтарынан су ішіп, көптеген дос тапқанбыз. Тарихы бай, өнерлі өлке, бақыт мекені. Ол өңірде қаншама аруақ-бабалар тыныстап жатыр?! Ысқақ бап, Баба-ата, Түкті шашты Әзиз баба, Қарабура, Саңғыл ата, күйшілер Ықылас пен Сүгір, белгілі жазушылар Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Сәуірбек Бақбергенов, Тоқберген Төлегенов... Ия, қайсысын тізбектей бересің. Қазақтың әлгі «Шаянға барып әншімін деме, Созаққа барып күйшімін деме» деген сөзі бостан-бос айтылмаған. Тіпті заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов оңтүстік сапарында қарт Қаратау бойын аралай жүріп, қарапайым халықтың қонақжайлық ниет-пейіліне таң болып, ел аузындағы аңыз әңгімелерді, хикаяттарды, жырларды ұйып тыңдап, мұрты бұзылмаған қазақи таза тілді, қызықты мақал-мәтелдерді, тарихы терең тың деректерді естіп: «Қолды бір босатып алып, алаңсыз зерттейтін өлке екен» деуінің өзі бұл аймақтың айтарлықтай құдіретін көрсетсе керек. Менің де сол өнер бесігі, шырайлы мекен Теріскейге арнап ән жазғаным бар. Ақын Сабырхан досым екеуміз Теріскей өңіріндегі жүрегі жұмсақ ағайындардың дархан көңілдеріне, қонақжайлығына, пейілдерінің кеңдігіне риза болып жазылған ән-өлеңде мынадай жолдар бар. «Байлығың жатқан жалпақ қырға симай, Кеудесі әнге симай, жырға симай. Дариға-ай, жырға симай. Күлімдеп тұрған мекен Теріскейім, Күнгейдің құрдасындай, сырласындай. Дариға-ай сырласындай. Теріскей айналайын келбетіңнен, Сен бізге ақ бесіксің тербетілген. Мыңжылқы, Келіншектау, Шолаққорған, Қызылкөл босамайды қонақтардан. Дариға-ай, қонақтардан. Ақ бикеш сәлем айтар, Сарыарқаға, Қаптаған Қаратауда бұлақтардан Дариға-ай, бұлақтардан. Теріскей айналайын келбетіңнен, Сен бізге ақ бесіксің тербетілген». Бұл ән бұл күндері сол өлкенің гимінеайналды. Оны үлкен сахналардан, радио мен теледидардан белгілі әншіміз Нұрғали Нүсіпжанов және де басқалары тамылжыта орындап жүр, – деп «Теріскей» әнімен таныстырды композитор ағамыз. Әңгіменің реті ұзақ жыл ел басқарған, қазақтың біртуар ұлы Димекеңе – Дінмұхамед Қонаевқа ауысқанда Шәмші ағамыз: – Мен өмірімде Дінекеңдей парасатты, көпшілікке қамқор, ұлтжанды азаматты кездестірген емеспін. Ол – халық үшін қам жеп, елі үшін «етігімен су кешкен, ауыздықпен су ішкен», есімі қазақ ұлтының тарихына үлкен әріппен жазылатын нағыз ел ағасы, тұлға. Ертеректе Алматыда үй-күйсіз жүргенімде жарықтық Дінмұхамед Ахметұлы әріптесім Нұрғиса Тілендиевке айтып, мені ЦК-да өз кабинетінде қабылдады. Бұрын-соңды ондай айтулы мекемеде, үлкен кісінің алдын көрмегендік болар, расын айтсам, қатты қобалжыдым, қысылдым. Аузыма да жөнді сөз түспеді-ау деймін. Мені Димаш ағаның қарапайымдылығы, ой-өрісінің тереңдігі, тіпті мәдениет пен өнерден кең хабардар екені таңғалдырды. Ойындағы біраз нәрсені қозғап, шешіле әңгіме айтты. Димекең Нұрғиса екеумізді ризашылықпен есік алдына дейін шығарып салып тұрып: «Қарақтарым, сендер елдің, көпшіліктің адамысыңдар, жақсы ән жазып жүргендеріңді білемін, тіпті, сендерді мақтаныш етеміз. Музыка –  адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана-салтымызға баулитын сиқырлы күш,» дей келе «Өздеріңді күтіңдер, не дегенмен сендер ел адамысыңдар… Аналарыңды қойсаңдар жақсы болар еді...», деп ағынан жарылып, ағалық ақылын айтты. «Аналарыңды» дегені ішімдік жайлы екенін біз айтпай ұқтық. Несін жасырамын, с ол кісінің қамқорлығы арқасында, көп ұзамай, Құдай жарылқап, Алматының орталығындағы жаңа үйден (Ленин проспектісіндегі «Қазақстан» гастрономы үстінен) хан сарайындай үш бөлмелі пәтер алдым. Ризашылық сезіммен төріме Димаш Ахметұлы Қонаевтың әдемі бір портретін іліп қойдым. Отбасым рахатқа кенеліп, бұрынғыдай қысылып, қымтырылмай өмір сүрдік. Міне, одан бері талай жылдар өтті. Ұлдарым Қасым мен Мұхтар ат жалын тартып мінетін жасқа жетті, екеуі де өнер жолына түсті. …Менің жаным әрқашан да еларасын, ауылды аңсайды да тұрады. Алматыны жүрегіме ыстық, жаныма жайлы жасыл желекті, айқай-шуы аз Жамбылға ауыстырсам деген оймен мына қала түбіндегі Жалпақтөбеден жер алып, үй сала бастадым. Бірақ қаражат тапшылығы қолбайлау болып, үйлі-жайлы болам деген үмітім көгілдір сағымдай еш жеткізер емес… Қайдам, білмеймін мына жарық дүниенің, дөңгеленген сайқымазақ өмірдің рахатын қашан көретінімді… Сондай сәтте, бір сөз иірімі келгенде: –  Шәмші аға, ел арасына тарап кеткен Сіз туралы әңгіме, аңыз көп. Оның қайсысы рас, қайсысы бұрыс екені белгісіз. Айып болмаса, Сізге бір сұрақ қойғым келіп отыр. Рұқсат па, Шәке? – Иә, сұра. Бірақ ол не сұрақ болды екен..? – деді қысық көзімен менің жүзіме зерттей, күлімсірей қарап. – Айтушылардың сөзіне сенсек, кезінде «ащы суды» біркісідей ішіпсіз. Оны қашан және қалай қойдыңыз? – Е, жастық шақта барлығы болды ғой. Оның бәрін несіне жіпке тізе берейін. Шынымды айтайын. Сен жақсылап тыңда ендеше… – деп Шәкең сәл кідіріп, түн қоюлана түскен терезеге қарап отырды да қоңыр дауыспен әңгімесін бастап кетті. –  Әлгі өздерің білетін жамбылдық дәрігер-психиатор Амангелді Сұрағанов ағаларыңмен 1976 жылдың қысында Алматыда таныстым. Ол кезде ол Көкшетауда психдиспансерде қызмет істейтін, Алатаудың бөктеріндегі санаторияға келіп, демалып жүріп (қасында тағы бір жігіт бар), екеуі мені үйге арнайы іздеп келіп танысты. Елдеріне қайтарда Көкшетауға қонаққа шақырды. Шақыруын қабыл алып, бірер күн ел аралап, серігіп қайтайын деген оймен 1977 жылдың көктемінде Көкшетауға жол тарттым. Реті келіп жатса, Ақан Серінің бейітіне барып, ұлы ақын-сазгерге зиярат ету де ойда бар еді. Ахаң Көкшенің «Тереңкөл» маңында жерленген екен, оған тәу етіп, Құран түсіру үшін бір топ жігіттермен сонда бардық. Құранды бейіттің басындағы Мәжит деген қарт кісі – шырақшы оқыды. Дауысын қыраттап, тыңдаушыларын ұйытып, әсерлі оқиды екен. Бір мезетте денем дел-сал болып, кірпіктерім еріксіз айқасып, көкірегімді өксік қысты. Менің ырқыма көнбей, жанарларым былауланып, мөлт-мөлт етіп жас төгілді. Себепсізден-себепсіз булығып, демім тоқтап қалғандай болды. Кенет: –  Сен Шәмші емессің бе? Неге жылайсың? – деген дауыс ту сыртымнан саңқ ете қалды. Көзімді ашып, дауыс шыққан жаққа қарап едім Ақан екен. Жүзі маған тым қатулы көрінді. Орнымнан тұрмақ болып ұмтыла беріп едім, әлгі бейне жоқ болды. Айналама қарасам өзіме еріп келгендерден бөтен ешкім көрінбейді. Барлығы Құранға мүлгіп отыр, кейбіреулері көздерін тарс жұмып алған. Шырақшы-молда құранын аяқтамапты. Көзімді қайта жұмып едім, Құдайдың құдіреті, әлгі көрініс көз алдыма көлбеп қайта келе қалды да Ақан Сері екеуіміз ашық әңгімеге көштік. Мен оған мына өмірге нала екенімді, тіпті бақытсыз жан екенімді айттым. Ол жауап ретінде: – Шәмші, сен осыншама жасық па едің? Неге егілесің? Өмірдің қиындығымен күресе біл, қайсарлы бол. Сенің әлі халқыңа берерің көп. Жасыма, таусылма. Ән өнерің құлдырамасын, шабытың шалқысын, әумин! – деп батасын берді де көзден ғайып болып кетті. Мен: – Неге, кімге өкпелеймін… Аха, кешіріңіз мені… Жоқ, болмайды екен… Бүгіннен бастап әзәзіл арақты қоямын… Ішуді тоқтатам, – деп күбірлей беріппін. Өз даусымнан өзім шошып, көзімді ашсам, қасымдағылар маған үрейлене қарап: – Шәке, не болды саған? Өзіңмен-өзің сөйлеп отырсың. Тыныштық па? –Барлығы дұрыс жігіттер. Оған көңіл аудармаңдар… Ойыма бір нәрсе түсіп кетті де, содан… Құранымыз бен ниетіміз қабыл болсын! – деп бетімді сипап, орнымнан тұрып олардың көңілдерін басқаға аудардым. Міне, содан кейін, яғни 1977 жылдан  мен ішімдікті мүлдем тоқтаттым. Арақ-шарап дегенді аузыма алмаймын. Бірақ, арақтан бойымды аулақ ұстағаныма көп жылдар болса да ел мені сан жаққа жүгіртеді. Тіпті «Шәмші ішуін қойғаннан кейін, ән жазуын да қойыпты», «Шәмшінің шабыты тек арақ ішкенде келеді екен», деген қашпа сөздер желдей еседі. Кімнің аузына қақпақ боласың, інім. Айта-айта өздері де шаршар, одан кейін қояр деп ойлаймын, – деп сөзін аяқтады. Әңгімеден әңгіме өрбіп, сөзден сөз шығып, әңгіме әуені бір кезде тіл мәселесіне ауысты. Шәкең өз кезегінде: –Ана тiлiмiзде «ата», «көке», «әже», «әке», «шеше», «ана» деген тамаша сөздер бар екенiн бiлесiң. Байқадым, сен әлгiде жасы келген қарт кісіге «көке» дедiң. Сiрә, әкеңдей болған болу керек. Тiптен жарасып тұр. Біле білсек «көке» деген «көк» дегендi бiлдiредi ғой. Ал көкте тәңiрi, сонда «көке» дейтiн әкемiз көктегi тәңiрден кейiнгi адам болып көрiнедi. Бүгiнгi бала осыны ұмытты, «папа», «мама» дейдi. Осы «папа» ақсақал, «мамасы» әже болғанша қалмайды. Тағы да «Ассалаумағаликум» – «Алланың нұры жаусын», «Уағалейкүмассалам» – «Сiзге де Алланың нұры жаусын» деген сәлем беру бірте-бірте мүлдем қолданыстан шығып қала ма деп қауіптенемін. Оның орнына «Саламат па?» деймiз. Байқаймын, тiптен кейiнгi жастар «Қалайсыз?» немесе«Сәлем!», тіпті базбіреулері «Привет-салам!» деп амандасуды жөн санайды. Сөйтіп қазақтың қадырлі, қымбат сөздері шеттетіліп барады. Қайдам, тіліміз қойыртпақтанды... – «Оныңыз орынды Шәмші аға. Қазақ тілі бай, әдемі тіл. Әке мен шешені «әкешім», «анашым» деп жас балаға кішкентайынан бойына сіңірсек жақсы болар еді. Әттең, әлі тілі шықпаған балаға ата-анасы «аташка», «әжешка», «апашка», «тетушка» деген сөздерді тықпалайды, миына сіңіреді. Кейбір таяз ойлы, түйсіксіз жастар орынсыз әлгі сөздерді отбасына енгізеді. Өздерінше оны жетістікке, сәнге, «модаға» айналдырып, өздерін мәдениетті, оқымысты етіп көрсеткісі келеді. Содан кейін олардың болашағынан не күтуге болады. Айтып отырғаныңыз бойында қазақ қаны, ұлттық рухы бар адамға ой салатын мәселе, – деп мен өз ойымды қостым. –  Шәке, екі ұлыңыз да өнер жолын таңдаған екен. Осы балаларыңыздан келешекте Сіз сияқты белгілі композитор шығар ма екен? – деп сұрақ қойдым. – Е-е, інім-ау, ол күн қайда. Өкініштісі, екі ұлым да халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін және тілін терең білмейді, орысшалары басым. Қалада өсті. Уақыт солай болды ма, қайдам, ана тілімізді олардың бойларына сіңіре алмадым. Соған кейде өкінемін. Екеуінен ары барса – жақсы музыкант шығар, ал композитор шығу мүмкін емес, – деген еді сұңғыла азамат. Расында да елінің тілін, ділін, ата ғұрпын, салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, қазақтың мінезін, қазақтың мәдениетін терең білмеген адам қалай өз ұлты жайлы немесе оған арнап тәуір ән немесе жүректі селт еткізер сырлы саз жаза алады? Ол мүмкін емес. Бұл – бұлтартпас шындық, өмірлік аксиома. Міне, осылай, әңгіме-пікір бірімен-бірі сабақтасып, жалғаса берді. – Шәке, бұл күндері есіміңіз елге танымал композиторсыз. Сіздің әніңіссіз қазақтың бір тойы, басқосуы өтпейтіні рас. Әндеріңіз көпшілікке тез тарап, ел арасында жас баладан кәріге дейін айтылып жүр. Сізді «вальс падишасы, королі» деп жатады білгірлер. Сөз жоқ, қазіргі қазақ өнерінің майталманысыз. Ал енді өзіңіз пір тұтатын сазгер-композитор қатарына кімдерді жатқызар едіңіз? – Ой, айналайын, інім-ай! Мына сұрағыңа менің жауабым дайын. Ол  –  Естай. Оның «Қорланы» керемет,қайталанбас дүние, әннің шыңы десек те болады. Онда зарлы замандағы қазақтың басынан өткен қасіреті, қайғысы, мұңы, көз жасы, іштегі у-шері керемет орын алған. Ол әнді тыңдағанда мен ерекше бір күйге енемін, бойымды бір тылсым жұмбақ сезім билейді, терең толғандырады, иіңді жібітеді. Сірә, менің ойымша, бұл сол әннің кереметтілігі болуы керек. Міне, нағыз ән деп осыны айт, ән шығарсаң осылай жаз! Ал қазіргі сазгерлерді алсақ, ол – Нұрғиса (Нұрғиса Тілендиев). Нағыз Алла тағала жаратқан талант иесі. Оны ешкіммен салыстырып, қатар қоя алмаймын. Оның күйлері, әндері қазақ өнеріне келіп қосылған ұмытылмайтын, ескірмейтін жауһар дүниелер... – Шәмші аға, «Тамды аруы» деген көңілді тереңнен тербейтін, жүрегіңнің қылын шертетін, сезіміңізді оятатын сазды әуеніңізді көпшілік елти тыңдайды. Сол Тамдыңыз мына біздің Қаратау етегіндегі Талас ауданының бұрынғы «Шолақтау» совхозының орталығы ма? Әлде басқа Тамды ма? – Тамды деген аудан Өзбекстанның Бұхара облысында. Аудан тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады екен. Негізгі тұрғындары – қазақтар. Солардың шақыруымен сонау бір жылдары мамыр айында арнайы барып, елмен дидарласып, бір айдай сол өңірдегі елді мекендерді, малшы ауылдарын, көрікті жайлауларын араладым. Мені кереметтей күтіп алды. Қонақжайлықтары ерекше, қолдары ашық, көңілдері мәрт, жүректері жомарт қандастарымыз – қазақ ағайындар мені жақсылап қонақ етіп күтті. Қайтарымда иығыма шапан жауып, астыма ат мінгізді. Олардың бұл сый-сияпатына ризашылығымды білдіріп тұрып: – Құрметті, ағайындар. Сіздердің жаздай жадыраған көңілдеріңізге, ерекше сый-құрметтеріңізге, дархан пейілдеріңізге үлкен рахмет. Күттіңіздер, құрметтедіңіздер, сыйладыңыздар. Ризамын. Мен сіздерге қарыздар болып барамын. Алматыға барғаннан кейін міндетті түрде сіздерге арнап бір жақсы ән жазамын. Әннің атын қазірдің өзінде ойлап қойдым – «Тамды аруы». Амандық болса, мен сіздерге тағы ораламын, сонда сіздерге арналған ән-шашуымды ала келемін. Көріскенше күн жақсы, бауырларым! – дедім толқи сөйлеп. – Әй, бәрекелді, Шәке! Құрметтi Шәке! Қай кезде келсеңiз де есiгiмiз ашық, төрiмiз дайын. Көп кешiкпей өздерiңiз уәде берген Тамды, Мыңжылқы туралы әндi тамылжытып алып келетiнiңiзге сенiмдiмiз. Жаңа әніңізді күтеміз, – деп олар дуылдасып, қимай қоштасты.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы,

профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласы

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар