Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

КАМАТ ҚАСЕНОВКЕ ҚҰРМЕТ: Жас дарындар талантты режиссердің ізін жалғап келеді

КАМАТ ҚАСЕНОВКЕ ҚҰРМЕТ: Жас дарындар талантты режиссердің ізін жалғап келеді
ашық дереккөз
КАМАТ ҚАСЕНОВКЕ ҚҰРМЕТ: Жас дарындар талантты режиссердің ізін жалғап келеді
Жамбыл облыстық орыс драма театрында 13-18 маусым аралығында Камат Қасенов атындағы балалар театр ұжымдарының ІІІ халықаралық фестивалі өтті. Облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен «Радонеж» орыс қоғамдастығының қолдауымен ұйымдастырылған фестивальге өз елімізбен қатар, қырғыз елінен барлығы 11 ұжым қатысты. Игі шара Балалар жылы аясында қолға алынды. Дода театр өнерін дәріптеп, ұжымдардың өзара байланысын нығайтуға бағытталған. Іс-шараның ашылу салтанатында мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзира Дәрібаева және облыстық әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықова сөз алып, өнерлі балаларды құттықтады. Олар жас таланттарға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі. Фестивальдің ашылуында Тараз қаласының «Жас дәурен» балалар үлгілі хореографиялық ансамблі өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік жиынның шырайын кіргізді. Мұндай фестивальдер көрермендерді әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалар топтарымен таныстырып, жас суретшілерге өз аймағынан тысқары жерлерде шығармашылықтарымен бөлісуге мүмкіндік береді. Фестиваль аясында бірінші болып Бішкек қаласынан келген «Республика ШКИД» және Қарағанды облысының Сәтбаев қаласынан шақыртылған «Территория Т» балалар театр ұжымдары өнер көрсетті. Қырғыз ағайындардың «Стоп игра!» атты тұсаукесер қойылымын Тараз қаласының №40 және №41 мектеп-гимназияларының балалары тамашалап, жас дарындардың өнеріне тәнті болып, ұмытылмас әсер алып қайтты. Пьесаның сюжеті қазіргі замандағы ең өзекті жасөспірімдер арасында көп кездесетін суицид тақырыбына негізделген. Басты кейіпкер Роман есімді жігіт әлемдегі көптеген жастарға үйреншікті жағдайларға тап болады. Мәселен, ата-анасымен түсінбеушілік, бітпейтін ұрыс-керіс, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін зорлық-зомбылық, қудалау және мазақ ету, есірткі және агрессия. Мұның бәрі күрделі кезеңде жүрген жігітті тығырыққа тірейді. Ақырында жігіт өзін құтқаратын шешімді қауіпті ойыннан іздеуге мәжбүр болады. Бірақ бұл ойын ешқашан бітпейді. Жалғыз тоқтам – өлім. Ойынды жұмбақ қуыршақ басқарады. Ол Романның өміріндегі барлық оқиғаларды бақылап, оны махаббат пен өлім арасында таңдау жасауға мәжбүр етеді. Басты кейіпкер нені таңдайды? Ойынды қалай тоқтатуға болады? Бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық мәселелерді қозғаған қойылым көрермендердің жоғары бағасын алды. – Бішкектің жас дарындары сахналаған қойылымнан ерекше әсер алдық. Бәрімізді жас балалардың қалай ойнағаны таңғалдырды. Құдды бір тәжірибесі мол, ересек актерлер секілді. Психологиялық тұрғыдан өте дәл, образына еніп кеткендігі соншалық кейіпкердің шынайы қиналысын жүрегімізбен сезіндік, – деп әсерімен бөлісті тараздық театрсүйер көрермен Наталья Гончарова. Жамбылдық сахнада мұнан бөлек қарағандылық театрдың «Алтын шашу», қордайлық суретшілердің «12 орындық», тараздық таланттардың «Zeitgeist», қостанайлық дарындардың «Үздік әртістер театры» ұжымдары өнер көрсетті. Алматының атынан төрт бірдей «Sats ComUnity», «Глобус», «Права на любовь» және «Игра» ұжымдары өнер көрсетті. – Бұл іс-шараны Таразда ғана емес бүкіл Қазақстан бойынша алғашқы балалар студиясының театр фестивалі деп айтсақ болады. Іс-шара барысында күніне екі-үш қойылымнан үздіксіз жүріп отырды. Фестиваль аясында қойылымдарды Тараз жұртшылығы, яғни өзіміздің облысымыздың балалары бір апта бойы тегін тамашалады, – дейді Жамбыл облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тажиев. Бір апта бойы жамбылдықтар фестивальге қатысушы өнер ұжымдары сахналаған «Бременские музыканты», «Двойник», «С любовью не шутят», «Один час доброты», «Пес и лис», «Алдар көсе» секілді түрлі жанрдағы қызықты қойылымдарды тамашалады. Бағдарламаға сәйкес Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздіктері, сырттан келген қонақтар актерлік шеберлік, сахналық қозғалыс, сахналық сөйлеу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар қонақтар үшін көне Тараз қаласы бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды. – Жыл басынан бері Камат Қасенов атындағы фестивальді ұйымдастыру бойынша ауқымды да қажырлы жұмыс жүргізілді. Алайда өкінішке қарай, қаржы мәселесіне байланысты қатысуға өтініш білдірген ұжымдардың барлығы бірдей Таразға келе алмады. Бірақ олар әлі де онлайн желідегі мүшелеріміз болып қала береді. Аталмыш фестивальдің мақсаты –Қазақстандағы балалар театрының шығармашылығын көрсету ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпаққа рухани, эстетикалық тәрбие беру, жас таланттарды анықтау, балалар театр ұжымдарын шығармашылық ынталандыру, отандық театр өнерін сақтау және одан әрі дамыту, – дейді Жамбыл облыстық орыс драма театры директорының орынбасары Валерия Сон. Еске сала кетейік белгілі қазақ режиссері Қамат Қасенов 2018 жылдың мамыр айында Жамбыл облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. 2020 жылдың маусым айында Қамат Қасенов атындағы балалар театр ұжымдарының Бірінші халықаралық онлайн фестивалі ұйымдастырылған еді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар