Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«МҰҒАЛІМ» ЗАМАН ШЫНДЫҒЫН СУРЕТТЕДІ

«МҰҒАЛІМ» ЗАМАН ШЫНДЫҒЫН СУРЕТТЕДІ
ашық дереккөз
«МҰҒАЛІМ» ЗАМАН ШЫНДЫҒЫН СУРЕТТЕДІ
Жуырда А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры жас драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» драмасын сахналады. Бүгінде заман ағымына ілескен жасөспірімдердің ойлау жүйесі мен дүниетанымы ерек болғанымен, біз оларды өз деңгейінде түсіне алып жүрміз бе? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, өз баламызға лайықты тәрбие беріп, қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? «Мұғалім» қойылымында қазіргі білім ошақтарында орын алып жатқан оқиғалар мен мәселелер арқау болды. Жасыратыны жоқ, қазір мектептердегі оқушы мен мұғалім, ата-ана мен ұстаз арасындағы қарым-қатынастың өзгергені белгілі. Қоюшы режиссер Фархадбек Қанафин осы мәселені спектакльде ұтымды қолдана білген. Ертеректегі және бүгінгі мектептің, оқушылардың айырмашылығы жер мен көктей. Бұрын көркем әдебиет кейіпкерлеріне қарап бой түзеп, үлкеннің сөзіне тоқтайтын буын қалыптасқан болса, қазіргі жас толқынның дүниеге көзқарасы ғаламдық ауқымды қамтиды. Бірі – білімге, екіншісі – өмірге құштар, үшіншісі – техниканың тілін меңгерген. Енді бірі дорама жанрының фанаты болса, келесісі спортпен шұғылданып, белсенді өмір сүргенді қалайды. Ал ата-аналар отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ету жолында жұмысбастылыққа жол берген. Режиссер қойылым барысында «Ата-аналар балаға көңіл бөлуді, сырласуды, жан дүниесіне үңілуді неліктен ұмытады? Әке-шеше назарынан тыс қалған жасөспірім қоғамды, өмірді қалай қабылдайды? Олардың жан дүниесі қандай және күйзелгенде демеу болар дүние не?» деген сауалдарға жауап іздейді. Оқиға мектептегі оқушылардың қарбалас тірлігінен бастау алған. Білім алушылардың бірі Зарина телефон шұқылап, барлық іс-әрекетінің фотосын әлеуметтік желіге жүктеп отырса, Қорлан есімді оқушы қыз дорамадан көрген әрекетін қайталап, тіптен киім, шаш үлгісіне дейін өзгертіп алады. Тіпті өзі ұнатқан сыныптасы Ерболға «оппа, сонбэ» деп еркелей сөйлегені де қазіргі жас буынның кәрістерге еліктейтінін анық суреттеп тұр. Осы 10 «Б» сыныбынан бір-бірімен бәсекелес ұлдарды да, алғашқы махаббатты бастан өткеріп жүрген Нариман мен Зарина секілді ғашықтарды да кездестіре аласыз. Осындай оқушылар үшін ең бір күрделі уақытта мектепке жаңадан Айдана есімді мұғалім келіп, аумалы-төкпелі кезеңде жүрген оқушыларға сынып жетекші болады. Ол сыныптағы оқушылармен жақынырақ танысып, барлығын дұрыс жолға салу үшін іздене бастайды. Педагог ретінде ең тиімді деген әдістерді таңдап, балалармен жұмыс істейді. Алайда оқушыларының іс-әрекетінен, мінез-құлқынан өзгерісті байқаған кейбір ата-аналар оны сынып жетекшісінің ықпалы деп түсініп, шағым түсіреді. Сыныпта жиналыс ұйымдастырылып, мұғалім ата-аналарға сауал тастайды. Үзіліп қалған байланысты жалғау үшін әр ата-анаға перзентімен сырласу бөлмесіне кіруін өтініп, оларға жылы сөзін айтуға кеңес береді. Ата-аналардың қатарында прокурор, оқытушы, полиция қызметкері, қызын жалғыз өсіріп жүрген кәсіпкер әйел де бар. Олар сырласу бөлмесіне барып, балаларының ішкі жанайқайын естіген тұста өздерінің сынып жетекшісі туралы пікірінің жаңсақ екенін ұғынды. Қойылым арқылы авторлар мұғалім мен оқушы, бала мен ата-ана арасындағы келіспеушілік оқиғаларын ашық айта отырып, жас толқынның әрекетіне қарай шешу жолдарын ұсынады. Кейіпкерлердің ішкі күйзелісін жеткізу арқылы жастарды тұрақты жол таңдауға үндеген қойылым жас көрермендер арасында үлкен резонанс тудырды. Премьераны тамашалауға автор Қолғанат Мұрат арнайы келіп, қойылымның сәтті шыққандығын жеткізіп, сахналауға атсалысқан театр ұжымына алғысын білдірді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар