Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қылмысқа қылбұрау

Қылмысқа қылбұрау
ашық дереккөз
Қылмысқа қылбұрау

АЛТЫН АРҚАЛАЙМЫН ДЕП...

Мойынқұмда үш адам өнеркәсіптік компанияның шахтасынан алтын рудасын ұрламақ болған. Бұл туралы полицияға осы кәсіпорынның қызметкерлері хабарлады. Жәбірленуші тараптың айтуынша, белгісіз тұлғалар компанияның күзетілетін аумағына кіріп, тереңдігі 100 метр шахтаға түсіп, құрамында алтын бар 3 қап кен ұрламақ болған. Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1976 және 1977 жылы туған екі ер адамды ұстады. Күдіктілер Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары болып шықты. Тергеу барысында үш ер адам алдын ала сөз байласып, 26 мамырдан бастап құрал-сайман мен азық-түлік алып, қымбат металды өндіру үшін шахтаға түскені анықталды. Күдіктілер шахтада 10 күннен астам уақыт болған. Олар кенді қапқа жинап қойғанымен, жымысқы әрекеттерін ойдағыдай аяқтай алмаған. Кеншілер бұзақыларды қылмыс орнында ұстады. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақтар алынды. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері олардың үшінші сыбайласын іздестіріп жатыр.

МАЛ ҰРЛЫҒЫ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Өңірде мал ұрлығымен күресу мақсатында тұрақты негізде арнайы құрылған жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар мал базарлары, мал сою орындары және ет саудасына қатысты ретсіз орналасқан орындар бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Ұйымдастыру шаралары мен нақты мақсатқа бағытталған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында мал ұрлығымен айналысқан 38 адам, сондай-ақ 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында ұрланған 900-ден астам мал табылып, иелеріне қайтарылды. Мәселен, полицияға 28 жастағы ер адам арызданған. Оның айтуынша, оның жайылымдық жерінен белгісіз адам 14 жылқыны айдап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 5 600 000 теңгені құрайды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 188-1-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Тұрар Рысқұлов ауданының 29 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. – Сонымен қатар наурыз айында жедел-алдын алу іс-шарасы барысында облыс аумағында мал ұрлығымен айналысқан екі адамнан тұратын топ анықталып, ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында олардың Мойынқұм ауданының аумағында мал ұрлығын жасауға қатыстылығы дәлелденді. Қазіргі уақытта мал ұрлығымен айналысқан тұлғалар бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Қанат Қожамқұлов.

АПАЛЫ-СІҢЛІЛІ алаяқтар

Тараз қаласы №2 сотының үкімімен апалы-сіңлілі Бұғыбаевалар алаяқтық қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, оларға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Апалы-сіңлілілер алдын ала сөз байласып, бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен иелену мақсатында мемлекеттік бағдарламамен пәтер кезегінде тұрған екі азаматқа (жәбірленуші тарап) тездетіп пәтер алуға көмек беруге, бір жәбірленушіге алиментін өндіруге және бір жәбірленушіні мектепке жұмысқа орналастырып беру үшін барлығы 9 миллион теңге ақша жинап алған. Сотталушылар бұрын осыған ұқсас қылмыстық әрекеттері үшін сотты болған, екеуінің кәмелетке толмаған 3 баласы қалды. Бүгінде соттың үкімі күшіне еніп, келтірілген залалды өндіруге шаралар қарастырылуда.

ЕСІРТКІ САУДАСЫ ТҮБІНЕ ЖЕТТІ

Осы жылдың 5 айында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу деректері бойынша 27 тұлғаға қатысты 23 аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша айыптау үкімдері шығарылған. Аталған істер бойынша 545 килограмм – коннабис, 840 килограмм – марихуана, 60 килограмм – гашиш, 3 грамм – героин және 6 грамм синтетикалык есірткі заттары тәркіленген. Мысалы, Шу ауданының Б есімді тұрғыны аса ірі мөлшердегі кептірілген марихуананы өткізу арқылы пайда табу мақсатында басқа облыстың тұрғындарымен алдын ала сөз байласып, оны тасымалдау барысында құрықталған. Сот үкімімен ол 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Аталған аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша жаза мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейін көзделген.

АДАМ ҰРЛАҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП темір торға тоғытылды

Биылғы 17 мамырда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Л.Исмаилов және басқалардың ұйымдасқан қылмыстық топ болып, адамның өміріне, денсаулығына қауіпті күш қолданып, пайдакүнемдік ниетпен адамды ұрлау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің қаралуын аяқталды. Сот үкімімен қылмыстық топтың барлық 6 қатысушысы 5 жылдан 13 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандықтарынан айырылды. Облыс көлемінде соңғы 10 жылда мұндай қылмыс орын алмаған. Дегенмен 2012 жылы Л.Исмаилов өзінің таныстарының ұлын ұрлап, осы тектес қылмыс жасағаны үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Бұл жолы Л.Исмаиловтың қылмыстық тобы облыстың белгілі кәсіпкерінің қызын ұрлау үшін құрылып, рөлдер мен иерархиялық бағыныстылықты нақты бөле отырып, 100 миллион теңге көлемінде ақша талап етпекші болған. Полиция органдары бұл қылмысты жедел түрде ашып, барлық қылмыскерлер әшкереленіп, ұсталған. Облыс прокуратурасы қылмыстық істің тергеу барысын қатаң бақылауға алып, мемлекеттік айыптауды сапалы қолдап, сол арқылы жазаның бұлтартпастығы туралы қағиданың орындалуын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ, сотталғандар апелляциялық тәртіппен шағымдануда.

Ақтоты Бекенқызы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар