Барысхан — болмыс
Тұлғаларға том-том өлең арнаймыз,
Пәк жүректің түкпірінен толғаймыз.
Қанша өлең арнасақ та біз бірақ,
Шерхан болып өмір сүре алмаймыз.
Шер тұлғаның жүрген жері – ірілік,
Ірілігі әрқашан да білініп.
Тағдырының қатты дауылдарынан,
Піскен еді әбден толып, шынығып.
Бала жастан ана жанын түсінді,
Бауырым деп жұмсады бар күшін де.
Тағдырына қарыз шығар Шер-аға,
Шынықтырып жібергені үшін де.
Өмір сынақ – Барысханның шын бағы.
Сынақтарды жастай көріп сынбады.
Бәлкім өмір сынады ма отызда,
«Лениншіл жас» басқаратын тұлғаны.
Тым есейіп, кетті Аға төселіп,
Ақиқатқа бірден біз көшелік.
«Лениншіл жас», «Егемен Қазақстанға»,
Құлаш-құлаш жазып тұрды очерк.
Шәкірттердің қаламында бір түртіп,
Шынықтырып, жігер беріп, сілкінтіп.
Барша елді «Қазақ әдебиетін»,
Шерхан тұлға шығарды ол құлпыртып.
Бойындағы қасиетпен тым арлы,
Қаламгерлік сан қырларын шығарды .
Отыз жылдай зерттеп жүріп Шер-аға,
Қазағымен қауыштырды Тұрарды.
Қалам түртіп, жазып жүрді әр түні,
Жазғанының болды рас тартымы.
Барша анаға тағзым жасап шықты ол,
«Ай мен Айша» романы арқылы.
Уақытын өткізеді арманмен,
Жазды бәрін парасатпен, талғаммен.
Көңілдері көтеріліп тұрды рас,
Қауышқанда халық «Қара маржанмен».
Депутат боп тілдің қамын толғады,
Қазағымның болды әркез ол бағы.
Драмасы өз алдына бір бөлек ,
Тұрарды да, Айшаны да сомдады.
Жауап берді талай-талай сұраққа,
Шыдап берді талай-талай сынаққа.
Мұртазадан сәби шақта қалғанмен,
Қайсарлықпен жетті барлық мұратқа.
Қай кезде де көрінді ол үлкен боп,
Ойлары да еріп жүрді бір тең боп.
Жазып шықты сосын «Бір кем дүние»,
Әттең дүние, әттең дүние бір кем деп.
Қазағыма тұрды нұрын себелеп,
Өз елінің бар болмысын көп елеп.
«Қызыл жебе» көңілінен бір кетпей,
Кетті ақыры өзі «Қызыл жебедей».
Гүлжан МАҚСАТОВА,
Н.Киікбаев атындағы
мектеп-гимназияның
11-сынып оқушысы,
Байзақ ауданы
Келесі мақала