ҰСТАЗДАР СЫНҒА ТҮСТІ
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының және облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында ІІІ Қазақстан мұғалімдерінің спартакиадасы өтті.
Білім беру мекемелерінің мұғалімдері арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған республикалық жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарынан 13 команда, 824 мұғалім қатысты. Жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың, жекеменшік мектептер мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдерінен құралған командалар волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, асық ату, бес асық сынды 6 спорт түрінен бақ сынасты.
Жарыстың жоғары деңгейде және әділ өтуі үшін 56 төреші, 7 аудан әдіскері, 10 денешынықтыру орталығының өкілі жұмылдырылды.
Жарыс нәтижесінде жалпы командалық есепте І орынды Қызылорда облысының командасы иеленсе, ІІ орынды Ақтөбе облысы еншіледі. ІІІ орынды Алматы қаласы мен Жамбыл облысының командалары өзара бөлісті. Жеңімпаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының дипломдары, сертификаттары, медальдары мен командалық кубогі табысталды.
Айжан Өзбекова
Келесі мақала