Мәртебесі биік Мәсенқұловтар
Қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп ежелден отбасы тәрбиесіне баса назар аударған халық. Сондықтан да көш бастайтын нарынан айырылғаннан, көшін түзейтін жарынан айырылған әлдеқайда қиын деп ұғып, отбасының бүтіндігіне айрықша көңіл бөлген. Дейтұрғанмен тағдырдың түрлі сынағына ұшырап жататын жайттар аз емес. Алайда қанша қиыншылықтар алдан шықса да мойымай, бала-шағасын жетілдіріп, жеткізіп отырған аналарымыз қаншама?
Өнегесін халыққа таратып отырған отбасының бірі – Мәсенкұловтар отбасы. Елге мақтаулы Мәсенқұловтар отбасында 4 ұл, 6 қыз тәрбиеленіп, ұрпақтарынан 32 немере, 52 шөбере тараған.
Отағасы Жүзімхан Мәсенқұлов 1938 жылы Байзақ ауданы, Суханбаев ауылында дүниеге келген. Осы ауданда 40 жылға жуық зауытта дайындаушы болып қызмет атқарған. Көзі тірі кезінде «Еңбек ардагері» медалімен және көптеген Алғыс хаттармен марапатталған. «Үздік дайындаушы» атағының иегері. Өкінішке қарай 2016 жылы дүниеден өткен.
Ал отанасы – Орынкүл Мәсенқұлова 1938 жылы Байзақ ауданының Құмжота ауылында дүниеге келген. Сол кездегі Ровный совхозында 40 жыл сауыншы, егінші болып еңбек еткен. 1989 жылы зейнетке шыққан.
«Алтын алқа» иегері, алтын құрсақты ана қазіргі таңда ұл-қызының қызығын көріп, орталарында жарқырап жүруі жас күнінде жасаған еңбегінің және отағасы екеуінің балаларына берген тәрбиесінің нәтижесі екенін айтады.
– Осы күнде қандай да бір жақсылыққа жетсем, бәрінің арғы жағында маңдай терімді төгіп істеген еңбегімнің өтеуі жатыр деп түсінемін. Егіншаруашылығымен айналысу оңай емес. Таза қара еңбекті талап ететін жұмыс. Сондықтан да бүгінгі жастар біз секілді ауыр жұмыстарды істегісі келмейді. Алайда қиындықсыз жұмыс жоқ. Бәрі де еңбекпен келеді. Сондықтан жұмыстың қиындығынан қорықпау керек. Қайта нәтижесіне назар аудару керек. Қазіргі таңда мен үшін немерелерімнің «әже» деген даусынан артық ештеңе де жоқ. Бүгінде балаларымның өзі ата-апа болды. Мен олардың қуанышын көрген сайын өзімді бақытты ана ретінде есептеймін,-дейді О.Мәсенқұлова.
Бұл әулет өсіп-өнген отбасы екенін көптің бәрі біледі. Үлкен қызы Күләш Мәсенқұлова 1978 жылы статистикалық техникумды аяқтаған. Балабақшада есепші болып қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Отбасында 2 ұл, 2 қыз және 12 немере тәрбиелеуде. Ал ұлы Серік Мәсенкұлов Алматы қаласындағы ветеринарлық жоғарғы оқу орнын аяқтап, мал дәрігері болып қызмет атқарған. Өкінішке қарай 2010 жылы дүниеден өткен. Отбасында 3 ұл, 11 немересі бар. Ал Жанат Мәсенқұлов болса, зооветеринарлық техникумды аяқтап, мал дәрігері қызметін атқарған. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер.
Қызы Күлмаш Мәсенқұлова медициналық училищені аяқтаған. Қазіргі таңда Жуалы аудандық ауруханасында медбике болып қызмет атқарады. Отбасында 1 ұл, 3 қыз және 4 немере тәрбиелеуде. Ләззат Мәсенкұлова болса статистикалық техникумнан бухгалтер мамандығын меңгерген. Бүгінде Меркі ауданы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің есепшісі.
Ал Роза Мәсенкұлова болса Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдаған. Мектепте тәрбиеші қызметін атқарады.
Тағы бір ұлы Талғат Мәсенқұлов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтап, ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында жұмыс атқарып, зейнетке шыққан. Ал Сәуле Мәсенкұлова болса Тараз педагогикалық колледжін аяқтаған. Қазіргі таңда тәрбиеші болып еңбек етеді. Кіші қыздары Гүлнар Мәсенкұлова медициналық училищені тәмамдаған. Бүгінде бала күтімі бойынша демалыста. Кенже ұлдары Саят Мәсенкұлов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Инженер-механик» мамандығы бойынша аяқтаған. Қазіргі таңда жеке шаруа қожалығымен айналысуда.
Ата-ана үшін баладан артық бақыт та, байлық да жоқ екені рас. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дегендей, перзенттері аналарының алдында әлі бала екендерін жасырмайды.
– Анамыз да, әкеміз де ұлын қызынан, қызын ұлынан артық көрген емес. Барынша ата-аналық мейірімін тең төкті. Бүгінде өзіміз де ата-ана болып отырмыз. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демеуші ме еді? Біз де ата-анамыздың қадір-қасиетін енді-енді біліп жатқан сияқтымыз. Кейде анамызға еркелеп алатынымыз да бар. Анамыздың алдында өзімізді әлі де бала сезінеміз. Анамыз бізге ізгілікті, адамгершілікті үйреткен ұстаз. Ата-анамыздың бізге берген тәрбиесін біз өз балаларымызға беріп, ұрпақ сабақтастығын жалғап келе жатырмыз, – дейді Саят Мәсенқұлов.
Мәсенқұловтар әулеті үлкенді сыйлау, ұрпағын жақсылыққа тәрбиелеу, әрдайым бір-бірін бауырмалдықпен қарсы алып, қиын сәтте көмек көрсету деген сияқты қағидаларды ұстанғанымен әрдайым дараланып тұрады.
Шапағат Әбдір
Келесі мақала