Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құрмет алыптасқан жерге

Құрмет  алыптасқан жерге
ашық дереккөз
Құрмет алыптасқан жерге
Отбасы – шағын мемлекет. Сондықтан да бабаларымыз «Отан – отбасынан басталады» деген. Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесі ұлттық құндылықтардың алдына шығып отыр. Бұл біздің мемлекетіміздің ертеңгі келешегі мен тағдырын айқындайтын бірден-бір белгі болмақ. Білімді де салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ қана ұлттың ертеңін жарық етпек. Сол себепті де отбасы құндылықтарын дәріптеуге мемлекеттік деңгейде назар аударылып отырғаны анық. Мұндайда өз отбасы мүшелерінің әрбіріне жауапкершілікпен қарап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған ата-аналардың үлесі зор. Ел мен жұртқа өнегесі мен үлгісін таратып отырған шаңырақтың бірі – Мәмешовтер отбасы. Отағасы Әлішері Мәмешұлы 1953 жылы Талас ауданының Қызыләуіт ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «Теріден істелетін бұйымдар технологиясы» мамандығы және 2007 жылы Гуманитарлық-техникалық институтын «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1973 жылы Тараз қаласында механикаландырылған құрылыс басқармасында жүргізуші болып бастаған. 1975-1976 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында препаратор қызметін атқарған. 1976-1979 жылдары Ильич атындағы кеңшардың комсомол комитетінің хатшысы болып еңбек етеді. 1982-1986 жылдары халық депутаттары Талас аудандық Кеңесі атқару комитетінің нұсқаушысы, жалпы бөлімінің меңгеруші болса, 1986-1989 жылдары халық депутаттары Қаратау ауылдық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы ретінде сенім үдесінен шыға білді. 1989-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті идеология бөлімінің нұсқаушысы, 1990-1994 жылдары халық депутаттары Қызыләуіт ауылдық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып ел үшін маңдай терін төкті. Ал 1994-2000 жылдары Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі, 2000-2006 жылдары Қаратау ауылдық округінің әкімі болып та жауапкершілік жүгін абыроймен арқалай білді. 2006-2016 жылдар аралығында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман, бас инспектор болып еңбек етеді. 1982 жылы жоғары өндірістік көрсеткіштері мен қоғамдық белсенділік танытқаны үшін Қазақстан жастары Лениндік коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің (ЦК ЛКСМ) Құрмет грамотасымен және жастарды коммунистік тәрбиелеуге қосқан белсенділігі үшін Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағы Орталық комитетінің (ЦК ВЛКСМ) Құрмет грамотасымен марапатталған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы­ның Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» ме­рекелік медаліне ие болады. 2003 жылы Талас ауданының әлеу­меттік-экономикалық дамуына қосқан ұзақ жылғы адал, жемісті еңбегі үшін Құрмет грамотасы берілген. 2004 жылы «Отан» республикалық саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінің Саяси Кеңесі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатын сайлау кезіндегі азаматтық белсенділігі үшін Құрмет грамотасын алған. 2005 жылы партияның Талас аудандық өкілдігінің Саяси кеңесінің аудандық партия ұйымының жұмысына белсене атсалысқаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар Талас ауданы мен Тараз қаласы әкімдерінің де Құрмет грамоталары табысталған. Ә.Мәмешұлы сан салада еңбек етіп, іскер, ынталы және бастамашыл қызметкер екенін таныта білді. Кейіпкерімізге тән іскерлік пен табандылық сынды ізгі қасиеттер кейінгі жастар үшін үлкен үлгі, өнеге. Сонымен қатар ақкөңіл, адамгершілігі жоғары, ауылға сыйлы да құрметті азамат. – Мен қай салада жүрсем де адал қызмет еткенді өзіме парыз етіп алдым. Әрі бала-шағама да осы қасиетімді дарытқым келіп, оларды кішкентай күнінен біреудің ала жібін аттамауға тәрбиеледім. Қазіргі таңда олар білім саласында және басқа да бағыттарда қызмет атқарып келеді. Қазақта «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген аталы сөз бар. Біз қашанда сол ережені ұстанған әулетпіз. Сондықтан да «Дайын асқа тік қасық болуды» ежелден жаным сүймейді. Ал бақыттың ең үлкені – адал еңбегіңнің рахатын бала-шағаңмен бірге көру. Дүние адамға жолдас болмайды. Ал адам адал жұмыс істесе дүние өздігінен іздеп келеді деген қағида бар халқымызда. Міне, сол қағидадан аттамаған адамдар ғана қартайғанда бейнетінің зейнетін көрері хақ, – дейді Әлішері Мәмешұлы. Ә.Мәмешұлының еңбегін қоғам да өз деңгейінде көріп-біліп отыр. Лайықты бағасын да беріп келеді. Жақында ғана Ә.Мәмешов «Талас ауданының Құрметті азаматы» және Құрметті ардагері атағын иеленді. Ал Әлішері Мәмешұлының жары 5 баласын өсіріп, 14 немересін мәпелеп отырған Күләйлә Шымырзаева 40 жылдан аса уақыт ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп, терін төккен ұлағатты ұстаз. Ауылдастары мен туысқандары апамыздың кезінде жақсы келін атанғанын да естен шығармай айтып жүреді екен. Ал ол кісі отбасының тұтастығын сақтауда әйел адамның орны бөлек екенін, әрі ақ некенің тазалығы ғана әр шаңырақты бақытқа бөлейтінін айтады. – Біздің шаңырақ құрғанымызға да 40 жылдан аса уақыт өтіп барады. Ол кезде дәуір сондай болды ма, әлде біздің тәрбиеміз сондай болды ма, білмейміз. Біз бақытты айдаладан іздемедік. Қайта оны өз жүрегіміздің тыныштығынан, отбасымыздың берекесінен іздедік. Міне, сол тазалық пен отбасына деген жауапкершілік бізді осы күнге дейін жетелеп алып келді. Жастарға айтарым ақ некенің адалдығын сақтаған жандар ғана берекелі шаңырақтың иесі бола алады. Білім адамның барлық кемшіліктерін жасырып тұратын қасиетті шекпен ғой. Білім іздеген адам өз қателігін тез көреді әрі оны жедел түзете алады. Өз қателігін көріп тұрған адамның бойында жауапкершілік басым болады. Ал жауапкершілік адамды кез келген жағдайда табысқа жетелейді. Сондықтан жастар білім алуға барын салуы керек. Арзан ойын-күлкіге арнаған уақыттарын білім алуға, өз-өзін дамытуға жұмсауы керек деген ойдамын. Бір отбасындағы екі адам бір-біріне құрметпен қарау үшін де көкірек көзі ашық болуы тиіс. Сонда ғана шаңырақтарына құт ұялайды. Қазіргі жастар сол қағиданы естерінде берік ұстаса, берекесі артпаса кемімес еді, – дейді Күләйлә Шымырзаева. Расында да бұл әулет елдің аузында жүрген өнегелі адамдардан құралған. Оның үстіне ұл-қыздары қазақы тәрбиені сіңіріп өскендіктен болар, барлығы да өнер-білімге жақын. Бір қызы Саят Әлішеріқызы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде аға оқытушы. Ал Саяттың егіз сыңары Санат Әлішеріқызы да мұғалім. Ұлдары Тауғазы болса жеке кәсіпкер. Бұл әулеттің қай баласының бойынан болсын ата-анасының тәрбиесі мен қазақилық аңқып тұрады. Барлығы да өнерден құр алақан емес. Тіпті Саят Әлішеріқызы ән салғанда жағымды да жанды дауыспен жаныңды жадыратады. Осындай білімі мен білігі қатар жүретін ұрпақ тәрбиелеген Мәмешовтер отбасы қашанда көпке үлгі болып қала бермек. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар