Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлы Пайғамбарға тағзым

Ұлы Пайғамбарға тағзым
ашық дереккөз
Ұлы Пайғамбарға тағзым
Алла Тағала нәсіп етіп, исі мұсылман үшін киелі саналатын атақты Мекке, Мединаға сапарлаудың да сәті түсті. Тамыз айында жетпіс жас тойымда балаларым тосынсый ретінде тарту еткен жолдамамен зайыбым екеуміз 9 қазанда Умра қажылығын өтеуге бет алдық. «SCAT» әуе компаниясының «Boeing 737» ұшағы Алматы халықаралық әуежайынан жеңіл көтеріліп, қала үстімен қиялай айналып, бағытын оңтүстік батысқа түзеді... Алғашқы қадам Талтүс мезгілі, оқтын-оқтын иллюминатордан төменге қараймыз. Бұйрат-бұйрат қырқалар біртіндеп қарлы тауларға ұласа бастады. Әп-сәтте туған жерім Қордайдан өтіп, тіпті, қырғыз, өзбек, түркімен жерлері де біртіндеп артта қалып, біз үшін беймәлім Таяу Шығыс елдерінің аспанына қарай қалықтап келеміз. Төменде Иран елі. Алматы мен Медина аралығы ұшаққа алты жарым сағаттық жол екен. Шамамен соның жартысынан өткенде төменде айдыны жарқырап ашық теңіз көрінді. Қолымыздағы картамен оның Парсы шығанағы екенін бағамдадық. Теңізден әрі Арабия түбегі. Түбектің жартысынан астамын алып жатқан Сауд Арабиясы біздің келе жатқан бағытымыз. Ұшақта «Qazaq travel», «Zam-Zam Qazaqstan», «Хикмет Тревел» қажылық компаниялары арқылы кіші қажылыққа келе жатқан жүз елуден аса адам бар. Арасында жасы да, жасамысы да, мұндай сапарға осымен екінші-үшінші мәрте келе жатқандары да, біз сияқты алғаш ат басын бұрғандары да баршылық. Барлығының ортақ парызы – Медина мешітіндегі Ұлы Пайғамбарға тағзым етіп, Меккедегі Қағбаны айналып, тәу ету. Сөйтіп, Құдайға біртабан жақыннан сәждеге бас ұрып күнәларына кешірім өтіну, болашаққа игі тілектерін жеткізу. Ұшақ Медина әуежайына қонуға бет алғаны хабарланды. Сыртта шырттай қараңғы, төменде қаланың самаладай шамдары жарқырайды. Алматымен үш сағаттық айырма бар екен. «Біссіміллә» деп араб жеріне аяқ бастық. Бірден байқалғаны оттай қарыған ыстық леп болды. Кештің өзінде 28 градусты ұрып тұр. Әуежайдың іші кондиционерлермен салқындатылады екен. Бізді «Qazaq travel» компаниясының қажылық миссиясының өкілі Ақберді Ақынұлы деген азамат қарсы алды. 2019 жылы Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетін бітірген. Алдағы он күн бойы бізбен бірге болып, гид қызметін атқармақ. Алматыдан аттанбастан бұрын-ақ арнайы чатқа өзі ертіп жүретін елу адамның әрқайсысын тіркеп, сапардың мән-жайын түсіндіріп, телефон арқылы танысқан басшымызбен енді жүзбе-жүз көрістік. Иман жүзділігі, жан-жақты білімділігі бірден байқалады. Пайғамбар қаласы деп аталатын Медина жазық жерде орналасқан екен. Жинақы, таза қала көрінді. Алыстан айнала қоршаған таулар мұнартады. Пайғамбар қаласы деп аталуы осындағы бас мешітте адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) зираты орналасуынан. Пайғамбардың жасыл күмбезді кесенесіне жапсарлап салынған мешіт жылдар өте кеңейтіле-кеңейтіле келе бүгінгі таңда ішінде бір мезгілде 600 мың адам мінәжат ете аларлық алып кешенге айналған. Сыйымдылығы жағынан әлемдегі екінші үлкен мешіт. Мешіт біз орналасқан қонақүйден онша қашық емес екен. Мұнда мешітті айнала орналасқан қонақүйлері 5-тен 16 қабатқа дейін барады. Көпшілігі жаңа үлгіде салынған, жоғары-төмен тынбай лифттер жұмыс істеп тұр, есігіне дейін электрондық кілтпен ашылады. Қонақүйдің иелері арабтың дәулеттілері болса, қызметшілерінің дені мигранттар. Осы арада айта кетейік, Сауд Арабиясында жалпы 33 миллиондай халық тұратын болса, оның жартысына жуығы (48 пайыз) көрші елдерден келіп жұмыс істеп нәпақа тауып жүрген мигранттар деседі. Оларға азаматтық берілмейді және ешқандай жылжымайтын мүлік сатылмайды екен. Өткен ғасырлардағы ата-бабасынан бері осында тұратындардың өздерінде жеке баспана жоқ, үйді тек жалдап қана тұрып жатыр. Шетелдіктерге азаматтық егер араб қызына үйленіп немесе араб азаматына тұрмысқа шықса ғана берілетін көрінеді. Қонақүйде, мешітте, көшеде қызмет жасап жүргендердің дені Түркия, Иемен, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Оман, Египет тәрізді елдерден келген түрік, парсы, африкалық нәсілді мұсылмандар екен. Тіпті, шағын дүкендер ұстап, сауда саласында істейтін өзбектер мен ұйғырлар да кездесті. Қонақүйлердің төменгі қабаты тұнған сауда орындары. Сырттан келгеніңді біліп, тауарын жарнамалап, әлекедей жалаңдаған саудагерлер алды-артыңды орайды. Айтпақшы, елден АҚШ долларымен әкелген ақшамыздың біразын Сауд риялына айырбастап алғанбыз. Біздің ақшамен есептегенде 1 риял 130 теңге шамасында екен. Оған жайнамаз, таспих, киім-кешек, мешіттердің суреті, қағба бейнеленген жәдігерлер тәрізді естелік заттар алуға болады. Осы қалада орналасқан әлемдегі ең басты Құран баспасында басылған Құранның түр-түрлері қай жерде де самсып тұр. Одан сатып алып мешіттегі Құран кітаптары тұрған сөрелерге апарып қойсаң, оны кім-кім де алып оқыған сайын сауабы саған бұйырады деседі. Расында да мешітке намаздан бұрын келіп, намаздан соң да қалып, әлгі кітаптардан алып оқып отырғандарды көп көрген едік. Біз де он риялдық кітаптан бір-екеуін алып, сатушыға мөр бастырып, мешіт сөресіне апарып қойдық. Қайсыбір жерлестеріміз оншақты кітаптан сатып алып, жұртқа тегін таратып жатты. Бұл елде мешітке садақа берілмейді екен. Біздің мешіттердегідей садақа жәшіктері атымен жоқ. Өйткені, мешіт мемлекеттің, яғни, Сауд Арабиясы корольдігінің қамқорлығында. Садақа берер болсаң, сол мешітте еденді жуып, тазалап қара жұмыс істеп жүрген жұмысшыларға берген жөн екен. Көшеде де, мешітте де ұзын көйлек киген қалың нөпір адамнан көрінбейді. Ұмтыла басып, мешітке біз де келдік. Ақ, сары, қара, қоңырқай өңді ерлер мен әйелдердің жер бетінің әр тарапынан келгені байқалады. Мешітке жақындаған бетте-ақ ақ мәрмәр еденге жайнамаздарын жайып жіберіп, нәпіл құлшылығын жасауда. Бір кезде дыбыс күшейткіштерден намазға шақырған азан дауысы естілді. Әлгі қалың нөпір жұрт мешітке қарай ағылды. Оның әр тұсынан ішіне еніп жатыр, еніп жатыр. Бұл күллі мұсылмандар үшін әлемдегі ең қасиетті, ең үлкен екі мешіттің бірі екенін айттық. Аумағы 56 гектар жерді алып жатқан мешіттің айналасында 67 есік бар дейді. Мешіттің ішіне 600 мың адам сыйса, үлкен қажылық кезінде сыртындағы орындарды қосқанда бір мезгілде бір миллион адам намаз оқи алады екен. Қордай ауданының 160 мыңдық халқы бұл мешіттің бір бұрышында қалғандай екен-ау деп ойладым. Жалпы Мединада болу қажылық парызына енбейді, алайда алғаш рет мұсылманның туы тігілген, алғашқы мешіт салынған, алғаш рет құбыланы Құдыстан (Иерусалим) Қағбаға қаратқан, Пайғамбардың қабірі жатқан Медина мешітінде болу әркімнің-ақ арманы. Қалада жүзден аса мешіт болса, оның ең бастысы осы Пайғамбар мешіті. Оның бұлай аталуы сонау VII ғасырдан бері көздің қарашығындай сақталып келе жатқан Мұхаммед пайғамбарымыз бен оның әзіз серіктерінің зираттары болуында. Қажылыққа келген адам ең кемі бір мәрте Пайғамбардың жасыл күмбезді кесенесіне кіріп намаз оқуға ұмтылады. Ал оған жету оңай емес, бас-аяғы көрінбейтін ұзын кезекте сағаттап бел талдырып тұруың керек. Келесі күні түннің бір уағында біздің топтың да кезегі жетіп, Алланың шарапатты құлының алдынан иіліп тағзым етіп, сәлем беріп, тілегімізді күбірлеп айтып, шын көңілмен жалбарынып өттік. Алла осылай еткендердің күнәсін кешіреді деген. Дұға айтып алғашқы сәлем бергеніміз – Мұхаммедтің қайын атасы әрі досы, өзінен кейін халифа болған Әбубәкірдің қабірі еді. Екіншісі – Мұхаммед пайғамбарымыз. Үшіншіде – Омар. Қабірлердің алдыңғы жағын мықтап торлап, алтын жалатып, нақыштап қойыпты. Сыптай киінген күзет қызметкерлері әр адамның қимылын бағып, міз бақпай қарауылдап тұр. Шұбырған жұрт әр қабірдегі көздей тесікке үңіледі, біз де сөйттік. Мединада болған үш күнде бес уақыт намазды өткізіп алмай, барынша мешітте оқуға тырыстық. Дыбыс күшейткішпен мақамдап оқылған құранға ұйып, білетінімізді іштей қайталап, білмейтінімізді үйреніп, рухани сабақ алдық десек болады. Бір күн қала сыртындағы киелі жерлерге экскурсияға арналды. Қаладан 7 шақырымда Мұхаммед Меккеден қашып келе жатып үш күн аялдаған жердегі Құба мешіті исламдағы ең алғашқы мешіт саналады екен. Сондай-ақ Пайғамбардың өсиетіне құлақ аспаған 50 садақшының кесірінен мүшріктерден жеңіліс тауып, 70-тен аса сақаба шейіт болған Ұхыд тауында болдық. Арабтардың ай қозғалысына негізделген жыл санау жүйесі – хиджра Пайғамбардың осы Меккеден Мединаға қашып келуіне байланысты енгізілген болатын. Діни уағыздарына құлақ аспай, өзін өлтірмек болған арабтардан Мұхаммед 24 сафарда Меккеден жаяулап қашып шығып, екі жұмадан кейін шәууәл айының 8-і күні (бізше 622 жылы) Ясриб қаласының іргесіне келеді. Ясриб арабтары Мұхаммедті пайғамбар деп таниды, бұл қала кейін Медина аталады. Мұхаммед өлгеннен соң бес жыл өткеннен кейін, яғни біздің заманымыздың 637 жылы хижра күнтізбесі тағайындалады. Пайғамбардың өмірі жайлы әдебиеттерден оқыған осындай оқиғалар өткен жерлерді көзбен көріп, топырағын басудың әсері өзгеше. Сондай-ақ Пайғамбардың атақты құрма бағына да барып, үйімізге сәлем-сауқат ретінде киелі жемістің түр-түрінен таңдап алдық. Бұл құрма ағашы отырғызылғаннан жиырма бес жылдан кейін жүз жылдан аса жеміс береді екен. Пайғамбар қаласында үш күн болған соң, жер түбінен келгендегі басты мақсатымыз – Умра қажылығын өтеуге Мединадан 450 шақырымдағы Мекке қаласына қарай жолға шығуға қамдандық. Қасиетті қағба алдында Әлемдегі мұсылмандардың саны осы күні екі миллиардтан асқан деген дерек бар. Отызға жуық мемлекетте Ислам мемлекеттік дін саналады. Олардың 22-сі араб мемлекеттері болса, Сауд Арабиясы күллі мұсылманды өзіне қаратқан Меккедегі қасиетті қара тас – Қағба тұрған ел ретінде айрықша орында. Жыл сайын Құрбан айттағы қажылық уақытында әлемнің 120-дан астам елінен миллиондаған адам Меккеге үлкен қажылыққа келіп жатады. Одан басқа уақыттарда да Умра, яғни, кіші қажылық жасап қайтатындар қаншама?! Біз де, міне, нәсіп болып қасиетті Қағбаға тәу етуге келе жатырмыз. Қажылық жасаушының бірінші парызы ер адамдардың ихрамға кіруі, яғни тұттай жалаңаштанып, ғұсыл дәретпен екі бөлек ақ матаға орану болса, оны бесін намазының алдында атқарып алғанбыз. Ал әйелдер жағына бұл міндетті емес, орамал тағып, әдеттегі киімдерімен жүре береді. Мединадан түсте шыққан жүрдек автобус жол апшысын қуырып-ақ келеді. Жол дегеніңіз осындай-ақ болсын, бір бүртігі жоқ тақтайдай тегіс. Екі-үш мәрте жол бойындағы мешіттерге тоқтағанда байқағанымыз, ашық далада күннің қырық градустық ыстығы жан шыдатпастай екен. Сондықтан автобуста да, мешіттерде де кондиционерлер үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл ел жыл он екі ай тек салқындатқыштармен ғана жан сақтап отырған тәрізді. 450 шақырым жол бойында айналада көзжетер жерге дейін қызыл керіш тас шоқылар мен ақшағыл құмнан өзге ештеңе жоқ. Біздегідей жайқалған көгеріш, отарлы малдар байқалмайды, тек, бір-екі жерде мойнын соза маңқиып тұрған түйелерді көргеніміз болмаса. Жолбасшымыз Ақберді қажылық ғибадатының тағы бір шарты ихрам оранғаннан кейін қасиетті Қағба көрінгенге дейін айтылуы тиіс «Ләббәйка Аллаһума ләбәйк» деп басталатын тәлбияны жаттатты. Қас қарая Меккеге де келіп жеттік. Мейманханаға орналасып алған соң тобымыз жазылмаған күйі атақты Әл-Харам мешітіне тарттық. Міне, қарсы алдымызда исламдық күнтізбелер мен әдебиеттерден көзтаныс, биіктігі 13 метрлік текше тас – Қағба тұр. Ендігі парыз ихрамнан оң жақ иығымызды жалаңаштап алып, оны жеті рет айналып шығу. Қағбаға тәу ету кезіндегі сезімді айтсайшы. Әлемнің әр түкпірінен келген түрі де, тілі де неше алуан, тек бір ғана діни наным біріктірген қисапсыз адамдар осылай текке сабылып жүрмеген болар? Олардың ішінде қарапайым жандардан бастап, дүниенің оқуын тауысқан ғалымдар, түрлі саланың әйдік мамандары, кеудесін соққан бизнесмен, әкім-қараларға дейін жүр. Екі кез ихрамға орану кім болса да атақ-дәрежесіне қарамай, Алла алдында тең екенін ескертіп тұрғандай. Барлығын мұнда жинаған құдіретті бір ұлы күштің барлығына еш күдігің қалмастай. Нөпір адамдар тасқынының ішінде жас пен жасамыс та, сау мен сырқат та, қаріп пен қасір де жүр. Олар Жаратушыдан ауруынан арылуды, қасіретінен құтылуды, жасаған күнәларын кешіруді сұрайды. «Перзенттік парыз туған анаңды Меккеге апарғанда ғана өтеледі» деген сөздің ақиқаты да осында. Кәудіреген қариялар мен ақ шашты аналарды қоларбаға салып алып, Құдайдан олардың денінің саулығын тілеп жүрген жандар да аз емес еді. Біз де Қағбаны айнала жүріп еліміздің амандығын, ағайын-туыстың бірлігін, бала-шағамыздың жарқын өміріне деген дұға-тілегімізді қайталап айтумен болдық. Айналып жүріп бәрі де Қағбаны алақанымен бір сипап қалуға ұмтылып жатыр. Қасиетті Қағбаны түн ортасында жеті рет айналып шығып тәуәп етіп болған соң, екі бас сүннет намазы оқылды. Мұнан кейін мешіт ішіндегі 450 метрлік Сафа мен Маруа жоталарының арасын жеті рет жүріп, жасылмен белгіленген аралығын жүгіріп өтіп, жүзімізді Қағбаға қарата дұға оқу шарты орындалды. Осыдан соң шаш алдыру рәсімі өтті. Сөйтіп, Умра, яғни, кіші қажылық парызы өтелген болып есептелді. Бұдан кейін мейманханаға келіп, ихрамнан шығып өз киімімізді киіп алдық. Алғашқы Умра өзің үшін, одан кейін қайтыс болған ата-аналарың немесе Қағбаға келуге мүмкіндігі жоқ қатты науқас, кембағал жандар үшін де бәдәл умра атқаруға болады деген соң, ертеңінде күндіз ихрамға оранып келіп, қажылық шарттарын және бір қайталадық. Тіпті, Умраны кейінгі күндері төрт-бес мәрте орындағандар болды. Қағбаны айнала бірнеше қабаттан тұратын Әл-Харам мешіті орналасқан. Оның ондаған қақпасының қайсысынан кірсеңіз де дәл ортадағы Қағбаға әкеледі. Бұл енді сыйымдылығы жөнінен әлемдегі ең үлкен мешіт. Құрбан айт күндері мұнда бір мезгілде төрт миллионға жуық адам сәждеге бас иетін көрінеді. Эскалатормен жоғарғы қабаттарға көтеріліп-түсіп жатқан қисапсыз адам. Сәл көзің тайса қасыңдағы серігіңнен адасып қалу оңай. Сондықтан әр қажылық компания өз топтарына түсі бірдей кеудешелер мен зиярат етушінің аты-жөні, топ басшысының телефоны жазылған бейджиктер береді екен. Мешіттің сыртынан мойны сорайған алып крандар мұнда үлкен құрылыстардың жүріп жатқанының айғағы. Гидіміздің айтуынша, кезең-кезеңдік жоспар бойынша 2030 жылға қарай мешіттің сыйымдылығын 7 миллион адамға дейін жеткізу көзделіп отырған көрінеді. Әлемдегі ең үлкен сағат та осында. Қағбаның түстік бетіндегі төрт тарапқа қараған алып сағаттары мен алтынданған айы бар аса биік әрі әсем ғимарат көз тартпай қоймайды. Мекке мәдениетінің ең көрнекті ғимараты саналатын 120 қабаттан тұратын бұл Абрадж әл-Бейт мұнарасының биіктігі 601 метрден асады. Уақытты хиджра кестесі бойынша көрсететін, тілінің өзі 43 метрлік алып сағат ондаған шақырым жерден анық көрінеді. Ұшар басындағы алтын түстес жарты айының салмағы 107 тоннаны құраса, оған бекітілген 160 қуатты дауыс зорайтқыштардан шыққан азан дауысы 7 шақырым аумаққа еркін жетеді дейді. Ал ғимараттың ішінде резиденция, қалталыларға арналған люкс қонақүйлер, мейрамханалар, сауда үйлері мен емханалар орналасқан. Төменгі қабатында жалпы көпшілік үшін дүкендер мен базарлар желісі орналасыпты. Киелі жердің тағы бір құндылығы – зәмзам суы. Мекке мен Медина мешіттерінде таяқ тастам жер сайын зәмзам суы құйылған қатар-қатар бөшкелер қойылған. Шүмегін аш та қалауыңша құйып алып іше бер. Босаған бөшкелер дереу әкетіліп, орнына жаңалары қойылып жатыр. Ал бұл судың көзі қайда? Әл-Харам мешітіндегі ғажайып құбылыс – зәмзам бұлағы Матафа алаңында екен. Басқышпен жер астына түсіп, сол қасиетті тұманы көруге болады. Мешіттің шығыс жағында Пайғамбар дүниеге келген үйдің орнындағы кітапхананы сыртынан көрсетті. Меккеде туып Мединада қайтыс болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өміріне қатысты тарихи орындар мұнда да жеткілікті. Бір күн қала маңындағы тарихи орындарға арналды. Пайғамбар өзін қуған жаулардан қашып паналаған Сәуір тауындағы үңгір, Пайғамбарымызға Алла Тағала жіберген алғашқы Құран аяттарын Жебірейіл жеткізді дейтін Қира үңгірі тәрізді жерлерді барып көрдік. Ал үлкен қажылық кезінде жыл сайын Зулхиджа айының 8-ші жұлдызында Меккеден 40 шақырымдай жердегі Мина жазығына барып түнеу, ертеңінде Арафат тауының етегіне барып намаз оқып, Алладан тілек тілеу, күн бата Мұздалифа жазығына жетіп сонда түнеу, ертеңіне қайтадан Минаға оралып шайтан сұлбаларына тас ату, құрбандық шалу, шашты тықырлап алдыру, Меккеге келіп Қағбаны жеті рет айналып, зәмзам судан ішіп қоштасу тәуебін атқару тәрізді парыздар орындалатын жерлерді көрудің әсері тіпті өзгеше. Айтқанға оңай, қырық-елу градустық аптап күннің астында әлгі жерлерде үш күн бойы ихрамға оранып жүріп далаға түнеу, жаяулап жүрудің парызы үлкен, атқарылуы да қиын. Бұл Мина жазығына қажылық кезінде жүздеген мың шатыр тігіліп, 3-4 миллион адам осында бірнеше күн ерсілі-қарсылы сабылып мінәжат етеді екен. Күннің ыстығына, соншама көп адамның жиналуынан туындаған кедергілерге шыдамай, ана дүниеге аттанып кететін мұсылмандар да болып жатады екен. Міне, нағыз қажылық сондай қиындықтарға төзу болса керек-ті. Жалпы Мекке орналасқан аймақ біздің Қордай асуындағы тәрізді құжыр-құжыр жартасты, таулы жер екен. Кейбір көпқабатты үйлер жартаспен жапсарласа салынып, бірігіп кеткендей көрінеді. Түзу көшелер жоқ, сай-сайды қуалап бірде өрлей, бірде ылдилай, кей тұсында тауды тесіп өткен туннельдермен жалғасады. Ал енді, қай тұсынан қарасаң да Қағбаның қасындағы алып сағаты бар ғимарат менмұндалап көрініп тұрады. Меккеден 80 шақырым жердегі Жидда қаласының ерекшеліктері де өз алдына. Сауд Арабиясының ресми астанасы Эр-Рияд болғанымен, халқының саны 4 миллионнан асатын Қызыл теңіздің жағасындағы бұл портты қала ел экономикасының астанасы дерлік. Түстігі Үнді мұхитына, терістігі Жерорта теңізіне шығатын теңіз қақпасы екен. Көптеген мемлекеттік мекемелер осында орналасқан. Қазақстанның консулдығы да осы қалада десті. Айтпақшы, Меккеден шығаберісте үлкен автотрасса үстінен қаланың символына айналған беті ашық Құран кітабы бейнесіндегі алып арканы көрген едік. Жолбасшымыздың айтуынша, бұл нысанның о бастағы идея авторы Кеңес одағының осы елдегі алғашқы тұрақты елшісі болған қазақ азаматы Нәзір Төреқұлов болған екен. Есіл азамат әйгілі «отыз жетінің» сүргінінде «халық жауы» делініп атылып кетсе де, киелі өлкеде қазақ атынан бір белгісі қалғанына шүкір дестік. Тағы бір қазақ, данышпан Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы «Меккеде қонақүй салыпты» дегенді естуші едік. Анығында, арғы ғасырда Құнекең атпен, арбамен Меккеге жеткенше арапа күні өтіп кетіп, қажылығы толық болмайтындықтан, келесі қажылықты тосып тағы бір жылға қалғанда, елден келушілер паналайтын үй салдырған дейді. Бүгінде оның орнын қайдан іздерсің? ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген көне Жиддада Хауа ананың қабірі жатыр деседі. Бүгінде келушілер үшін жабық Ақ мешіттің ауласында кезінде ауыр қылмыстары үшін өлім жазасына кесілгендердің үкімі жариялы түрде орындалатын болған көрінеді. Кісі өлтіргендердің басы алынған, ұрылардың қолы шабылған, жемқорлардың көзі ойылған дегендей. Әрине, халықаралық адам құқы декларациясының талаптарына сәйкес мұндай жазалар қазір қолданылмайды. Жиддада туристер үшін жағажай демалысы да жақсы дамыған. Уақыт тауып біз де катерге мініп, Қызыл теңіздің жағасында жүзіп келдік. Теңіздің тұзды суы небір айықпас тері ауруларына дауа екенін білдік. Жан-жағы үлкен-үлкен ашық күмбездермен көмкерілген Жидда әуежайының аумағы үлкен де көрікті екен. Сырттағы аптап ыстыққа кереғар салқын лепті лекітіп тұрған жанға жайлы күту залында құжаттарымызды реттеп, киелі жердің дәмі деп алған құрмалар мен кісі басына бес литрден берген зәмзам сулы багажымызды тапсырып қойып, Алматыдан Умраға ниет еткендердің кезекті тобын әкеле жатқан ұшақтың қонуын күттік. Сәлден кейін сол ұшақпен біз елге қайтамыз. Ал енді осы сапардан не түйдік? Ислам адалдық пен шыншылдыққа, шүкіршілік пен сабырлылыққа, инабаттылық пен мейірімділікке үйретеді, оның салт-ғұрпы біздің тамырымызға балта шауып жатқан маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік сияқты кесел-кесапаттарға мүлде кереғар, сыйыспайтын орта қалыптастыратынына көз жете түскендей. Миллиондаған адамды қасиетті Қағбаға бас идірген Құдірет, оның алдына барып сәждеге жығылу арман болса, Алла соты, ар соты алдында тәубаға келетін күн туғанда қандай жауап айтатының үнемі жадыңда жүрсе, Жаратушы Құдірет сені жалған сөйлетпейді, шалыс бастырмайды деген ойға бекіндік. Жалпы қажылық сапары кім-кім үшін де ғажайып рухани мектеп, іштей тазару сапары болмақ. Мұндай сапар Сізге де нәсіп болсын! Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист, Қордай ауданының Құрметті азаматы Алматы – Медина – Мекке – Жидда – Алматы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар