Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баспана нарығындағы өзгерістер

Баспана нарығындағы өзгерістер
ашық дереккөз
Баспана нарығындағы өзгерістер
Тұрғын үй нарығындағы өзгерістер жайлы Ұлттық статистика бюросы ақпарат жариялады. Атап айтқанда, биылғы және былтырғы қазан аралығындағы бағаны салыстырғанда үлкен өзгеріс бар. Нақтысын айтсақ, жаңа тұрғын үйлерді сату 5,7 пайызға қымбаттаса, пәтерлерді қайта сату 3,9 пайызға арзандаған. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу 0,2 пайызға төмендепті. Жаңа салынған үйлер едәуір қымбаттаған өңірлерді атасақ, Павлодар облысында 18,9 пайызға, Семей – 16, Ақтауда 11,7 пайызға артқан. Қолданыстағы баспана бағасы ең көп көтерілген қалаларға Семей – 25,3, Қызылорда – 14,6, Талдықорған 9,7 пайызбен еніп отыр. Жалпы барлық қалада баспана бағасы өскен. Жалға берілетін баспана құны қымбаттаған қалаларға Қарағанды, Қонаев, Қызылорда қалалары жатқызылған. – Жалпы тұрғын үйді алып-сату бойынша биылғы қыркүйек айында 35 398 мәміле жасалған. Оның ішінде жеке үйлер – 8 815, көппәтерлі үйдегі баспана – 26 583. 2023 жылдың тамызымен салыстырғанда (38 810) үй нарығындағы мәмілелер саны 8,8 пайызға азайған. Үй саудасы Астана және Алматы қалалары мен Қарағанды облысында қыза түскен. Баспана ең аз сатылған өңір – Ұлытау, 319 пәтер. Биылғы қыркүйекте баспананы сату-сатып алу келісімдері былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 2,3 пайызға азайған, ол кезде 36 241 мәміле ресімделген болатын. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Түркістан облысында да тіркелді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында баспана саудасы керісінше артқан, – дейді «Отбасы банктің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. Тағы бір айта кетер жаңалық – Қазақстанда екі жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ. Жастар ипотекасы алғаш рет Павлодар облысында және Ақсу моноқаласында «Ертіс жастары» деген атпен іске қосылады. Өңір билігі несие беретін «Отбасы банкпен» келісімге қол қойды. Ипотекаға қаражатты әкімдіктер мен банк бірлесіп бөледі. Бұл бағдарламаға қатысушылардың жасы 35 жастан аспауы тиіс. Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің соңғы бес жыл ішінде атына рәсімделген жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Ресми жұмыс өтілі – 6-12 ай (аймаққа байланысты). Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Ипотека шарттарына тоқталар болсақ, пайыздық мөлшерлеме жылына 5 пайызды құрайды. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Қарыз өңірге байланысты пәтер алушыларға 10 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Егер таңдалған тұрғын үй қымбатырақ болса, онда қарыз алушы қалғанын өз қалтасынан жабуы керек. Несие мерзімі – 19 жылға дейін. Өңірлердің әкімдіктері өтінімдерді қабылдау күндері мен қатысушыларға қойылатын нақты талаптар туралы қосымша хабарлайды «Отбасы банкі» баспасөз қызметі жастар бағдарламалары еліміздің барлық облыстарында іске қосылғанын мәлімдеді. Жастар ипотекасын сатудың жалпы сомасы 98 миллиард теңгеден асады. Нарықта тұрғын үйге деген сұраныстың көптігі қалай да баспаналы болуды көздеген азаматтар үшін түрлі «қызмет түрлері» мен баспаналы болу схемаларын қалыптастырды. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы қалыпты жұмыс істеп тұрған кезеңде азаматтар құрылыс компанияларындағы пәтерлердің 20 пайыз алғашқы жарнасын төлеп, бронға қоятын. Ал қазір жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелген ұйымдар алғашқы жарнасы жоқ азаматтарға делдалдық қызмет ұсынады. Олар алғашқы жарнаны тұтынушылық несие ретінде рәсімдеп, екінші деңгейлі банктерден ипотека алуға жәрдемдеседі. Нарықта мұндай қызмет құны – 500-650 мың теңге шамасында. Келісімшартқа отырған сәтте қаражаттың жартысын, ал үйдің кілтін қолыңызға алғанда қалған соманы төлейсіз. Бірақ бұл несие тарихы жақсы және төлем қабілеттілігі жоғары азаматтар тобына ғана арналған. Себебі алғашқы 6 жылда сіздің ай сайынғы төлемақыңыз – 400 мың теңге немесе одан да жоғары болмақ. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәлімдеуінше, мемлекеттік қолдаудың қысқаруы нарықтағы бағаның төмендеуіне және коммерциялық ипотеканың артуына әсер еткен. Мәселен, биыл қаңтар-шілде айларында 850 миллиард теңгеге жаңа несие берілген. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 19,3 пайызға аз, яғни 205 миллиард теңгеге төмен. Ал керісінше, екінші деңгейлі банктерге тиесілі ипотеканың үлесі өткен жылы 9 пайыз болса, биыл 25 пайызға ұлғайған. Жылжымайтын мүліктің бағасы жыл сайын артары анық. Егер қалтасында артық ақшасы барлар баспана алып қойса, оның құны өседі. Яғни сатып алушы ұтылмайды. Себебі қазіргі жағдайда қазақстандықтар үшін жинаған ақшадан пайда табу емес, ең бастысы, осы капиталды сақтап қалу маңызды. Ал Қазақстанда азаматтар жылдар бойы жиған-тергенін жылжымайтын мүлік сатып алып қана сақтауына болады. Өйткені бізде қор нарығы дамымаған. Біздің акцияларымыз жоқ. Біз жинаған ақшамызды тек бір жолмен ғана сақтай аламыз. Ол – баспана сатып алу. Эльмира БАЙНАЗАРОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар