Т.РЫСҚҰЛОВ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ
Барша қазақстандықтар мен Шу халқының өсіп-өркендеуіне үлес қосып, ел дамуына серпін берген, Трансқазақстандық магистраль құрылысын аяқтаған Мойынты-Шу теміржол желісінің іске қосылғанына биыл 70 жыл толып отыр.
Алдымен аз-кем тарихқа тоқталсақ, Түркістан-Сібір теміржолының алып құрылысы 1928 жылдың қоңыр күзінде басталды. Осыған байланысты қазіргі Шу қаласының орны елдің назарына ілінді. Шу кентіне көшіп келушілердің саны арта берді.
Еліміздің солтүстік аймағын бойлай салына бастаған теміржол құрылысы 1940 жылы Қарағанды теміржол құрылысымен аяқталды. Кезекте тұрған Шу-Мойынты желісін тарту белгіленген. Алайда Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты бұл құрылыс кейінге қалдырылды. 1953 жылға қарай салынған 440 шақырымды құрайтын Мойынты-Шу жол телімі соғыстан кейінгі жылдардың өзекті оқиғасы болды. Осы жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесінің орынбасары Дінмұхамед Қонаев осынау тарихи істің басында болып, тұсауын кесті. Алғашқы пойызды Мойынты стансасынан Әжмағамбетов, Шу стансасынан Неверов сынды майталман машинистер алып шығып, елге қуаныш сыйлады.
1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысы, Верный уезі, Шығыс Талғар болысында дүниеге келген Тұрар Рысқұлов Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат болған. Тұрар Рысқұлов Түрксіб теміржолын салу жөніндегі үкімет комиссиясының төрағасы қызметінде жүріп, 6 жылда аяқталуы тиіс Түрксіб теміржолының 3 жылда толығымен пайдалануға тапсырылуын қамтамасыз еткен. Сонымен қатар батыл саясаткер білікті қазақ жұмысшы тобын қалыптастырды және қазақ жастарының Ресей мен шетелдік оқу орындарында білім алуына көмектесті.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласының тыныс-тіршілігі теміржолмен тікелей байланысты болғандықтан, әлеуметтік жағдайының көтерілуі, экономикалық дамуы осы шойын жолмен жұмыс істеген жұмыскерлердің маңдай тері, еткен еңбегі деп айтсақ артық айтқандық емес. Осындай теміржолшылар 2023 жылы Шу-Мойынты теміржол желісінің 70 жылдығына орай республика көлемінен жиналған теміржол майталмандары мақтанышпен атап өтті. Әрине өткен күннен белгі бар деген осы.
Осы атаулы мерекенің басы Шу қаласындағы Т.Рысқұловтың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Сонымен қатар келген қонақтар мен теміржол саласының мамандары өмірден өткен ардагерлерді еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялады.
Бұл шара одан әрі Шу аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Жиын барысында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков сөз алып, ақжарма тілегімен ардагерлерді құттықтап, «Шу ауданына еңбегі сіңген» төсбелгісін және аудан әкімінің Құрмет грамоталарын тапсырды.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жұмахан ТӨЛЕУҰЛЫ
Келесі мақала