Конференция қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай өткізілді. Ұлы ағартушының шығармашылығын кеңінен насихаттап, педагог кадрларды даярлаудың заманауи ғылыми-әдіснамалық негіздерін талдау, білім беру саласындағы инновациялық тәсілдерді айқындау және республикалық деңгейде ғылыми тәжірибе алмасуды дамытуды мақсат еткен жиынға Алматы қаласынан арнайы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының қауымдастырылған профессоры Ләйла Мұсалы және осы университеттің А.Байтұрсынұлы атындағы «Қазақ тіл білімі» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD, республикалық орфографиялық комиссиясының мүшесі Сәрсенбай Жанат қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Басқосудың ашылуында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков пен Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің төрағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анар Салқынбай сөз сөйлеп, конференцияның мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ләйла Жұматайқызы Абай мен Ыбырайдың педагогикалық концепциясы туралы ой қозғап, екі тұлға шығармашылығындағы ағартушылық үндестікті айшықтады. Жекелеген мәтіндерге талдау жасап, Ыбырайдың ұстаздық жолына да тоқталды. Ал Жанат Асылханқызы бүгінде қазақ тілінің сақталып қалуына бірден-бір себепкер Ыбырай Алтынсарин екенін атап өтіп, оған мысал ретінде Ильминскиймен жазысқан хаттарын келтірді.
Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Еділбек Әбдімомынов «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық көзқарастарының интерпритациялануы» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде Ыбырайдың қазақ біліміндегі басты тұлға екенін тілге тиек етіп, оның отаршылық империя миссионерлерімен жүргізген ағартушылық бағытындағы майданы бүгінде өз жемісін беріп келе жатқанын айтты. Бұл туралы деректер мен жазбалардың басы Мұхтар Әуезовтен басталып, соңғы деректер Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстанды?» кітабында келтірілгенін де жеткізді.
Конференция жұмысына Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» мекемесінің әдіскері Кунумбала Баяхметбаева, сондай-ақ өңірдегі жоғары оқу орындарының ғалымдары, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының мамандары қатысып, Ыбырайтануға қатысты тың ғылыми тұжырымдарымен бөлісті.
Пленарлық отырыс барысында Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар «Алтынсарин ұрпақтары Жамбыл жерін мекен етті немесе Ыбырай Әулиеатаға қалай жетті?» тақырыбында тың деректермен толыққан мазмұнды баяндама жасады. Аталған баяндамалардың барлығы конференция жинағына да енді.
Басқосу соңында университет ректоры М. Сарыбеков және «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры А. Кембаева спикерлер мен қатысушыларға сертификаттар табыстап, ғылыми жиынның жұмысын қорытындылады.
Түстен кейін конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасып, онда білім беру жүйесіндегі жаңашыл әдістер, ұлттық педагогиканың қазіргі білім кеңістігіндегі орны, Ыбырай мұрасының тәрбиелік мәні кеңінен талқыланды.
Ұлы ағартушының өзі айтқандай: «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеу бүгін де маңызын жойған жоқ. Сондықтан Ыбырай мұрасын жаңаша зерделеу – ұлттық білім мен тәрбиенің дамуына қызмет ететін маңызды қадам болып қала бермек.
Назым ҚОЖАМАР,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және
тарихтану орталығының «Дәстүр және
өнер» бөлімінің меңгерушісі



