Басқосуға аудандық мұражайдың директоры Айдын Базилов қатысып, Меркі өңірінің орта ғасырлардағы тарихи маңызы туралы кең көлемде баяндама жасады. Айтуынша, Меркі жері – көне қалалар мен тарихи ескерткіштерге бай өлке. Сонымен қатар бұл аймақ Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан маңызды мәдени және экономикалық орталықтардың бірі болған. Осы жол арқылы өткен сауда керуендері тек тауар ғана емес, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің өзара ықпалдасуына да үлкен әсер еткен.
Кездесу барысында қатысушылар мұражай қорында сақталған тарихи жәдігерлермен танысып, бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен дүниетанымы жөнінде құнды мәліметтер алды. Орта ғасырлар кезеңіндегі Меркі аймағының саяси, рухани және экономикалық маңызы жан-жақты айтылып, өңірдің қазақ тарихындағы айрықша орны атап өтілді.
Жалпы тағылымды кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, туған өлкенің өткені мен мұрасына құрметпен қарауға тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды насихаттау. Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы жастар бабалар мұрасының маңызын терең түсініп, ел тарихына деген қызығушылығын арттыра түседі.
Нұрбек ЖҰМАНАЗАРОВ,
Меркі аудандық жастар ресурстық
орталығының директоры




