Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖЕР ШАРЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАР

ЖЕР ШАРЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАР
ашық дереккөз
ЖЕР ШАРЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАР
Жалған ақпарат таратушылардың қиялында шек жоқ па дерсің. Саясат, экономика, танымал адамдардың өмірі, денсаулық, коронавирус, азық-түлік тақырыптарын қойып, енді Жер шарының тақырыбына, яғни ғаламдық мәселелерге де «қалам тербепті». Жалпы бір қарағанда айтып отырған нәрселері құлаққа қонымды сияқты көрінеді. Бірақ логика, физика, химия, астрономиядан хабарыңыз болса ондай ақпараттың мән-жайына көз жүгіртіп, қисынға келмейтінін бірден аңғарасыз. Сондай фейк ақпараттардың біршамасына зерттеу жүргізіп көрейік. Ғалымдар климаттың өзгергеніне сенбейді-мыс Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар бір жарым мыңнан астам ғалым қол қойған петиция туралы жазуда. Олардың пайымдауынша, климаттың өзгеруіне байланысты төтенше жағдай жоқ. 53 бетте көмірқышқыл газы парниктік әсердің пайда болуының себептерінің бірі емес, Жердегі тіршіліктің негізі екендігі туралы айтылады. Бұған сенуге бола ма, жоқ па? Анықтап көрсек. Бұл петиция желіде 2019 жылы пайда болды. Ол кезде оған 500 ғалым қол қойды деп хабарланды. Climate Feedback және Correctiv фактчекерлері анықтағандай, қол қойғандардың басым бөлігі климаттың өзгеруі бойынша мамандар емес және осы тақырыпқа қатысты мәлімдеме жасау үшін біліктілігі жеткіліксіз. Сонымен қатар қол қойғандар арасынан кейбір «профессорлардың» жеке басы расталмады. Петицияға қол қойған профессорлардың көбінің тау-кен саласында берік байланысы бар екендігі де маңызды болып тұр. Яғни, көмір, мұнай және газ өндіру көлемінің төмендеуі қол қойғандардың осы салалардан түсетін табысының төмендеуіне әкелетіні сөзсіз. Олай болса, бұл профессорларға климаттың өзгеруі Жер бетіндегі өмірге қауіп төндірмейді деп айту тиімді болуы ықтимал. Өткен жылдың тамыз айында дәл осы петицияға – 1100, ал сол жылдың қыркүйегінде 1200 ғалым қол қойған. Бұл ретте петицияда баяндалған және фактчекерлер жоққа шығарған дәлелдер өзгертілген де, толықтырылған да жоқ. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап қол қойғандардың қатарында осы тақырып бойынша бір рет жалған мәлімдеме жасаған климаттың өзгеруін жоққа шығарушылар болған. Сонымен қатар ғылыми ортада қалыптасқан консенсусқа сәйкес, климаттың өзгеруі мен жаһандық жылыну бар және оларды жедел­дететін негізгі факторлардың бірі – адамның іс-әрекеті. Корнелл университетінің 2021 жылғы есебінің нәтижелері бойынша 88 125 резекцияланған ғылыми зерттеулердің 99,9 пайызы адамзат осындай жылдам жаһан­дық жылынуға себеп болды деген қорытынды жасауға мүмкіндік бе­реді. NASA агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2005 жылдан кейін рекордтық ең ыстық 15 жаз тіркелді. Демек петиция негізсіз, ал оған қол қойған ғалымдардың климаттың өзгеру саласына қатысы жоқ немесе олар жаһандық жылыну туралы бірнеше рет жалған мәлімдеме жасаған, не болмаса тау-кен компанияларынан қаражат алған. Петицияның өзі ғылыми ортадағы консенсусқа және жаһандық жылынудың бар екенін ғана емес, сонымен бірге адамның оны жеделдетудегі маңызды рөлін дәлелдейтін көптеген зерттеулерге қайшы келеді. Олай болса, таралған ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. «Симпсондар» не бүлдірмекші? Желіде «Симпсондар» мультсериалын жасаушылардың тағы бір «болжамы» тарады. «Telegram» чаттарының бірінде мультфильмнің электромагниттік импульс планетада электр қуатын өшірген үзіндісі шықты. Бұл жалған. Неге екенін түсіндіріп өтейік. Сериал жасаушылардың көре­ген­дік қасиетін ғылыми тұрғыдан түсіндіруге болады. 1989 жылы математиктер Перси Диконис пен Фредерик Мостеллер сипаттаған ықтималдық теориясындағы Үлкен сандар заңын еске түсірейік. Атап айтқанда: «егер таңдау көп болса, болмаған орын алуы мүмкін». «Симпсондар» мультсериалы заң сипатталған жылы түсіріле бастады. Қазір бұл анимациялық дастанда 700-ден астам серия бар, таңдау бар десе де болады. 1859 жылы Күндегі жарқылдан техногендік апат болды. Алғашқы құжатталған ең күшті геомагниттік дауыл «Каррингтон оқиғасы» деген атпен белгілі. Бүкіл Еуропада телеграфтар істен шығып, электр құрылғылар бұзылды. Оқиғаның салдары жойылды. Содан бері әлемдегі ғалымдар геомагниттік дауылдардың күшін бақылап, оның салдарын болжай бастады. Ол үшін бірнеше арнайы индекс жасалды. Мысалы, Disturbance Storm Time Index (DST). Экватор маңындағы геомагниттік обсерваториялар желісіне негізделген деректер 1957 жылдан осы күнге дейін талданып келеді. Бірқатар елде геомагниттік бұзылулардың жергілікті индекс­тері жасалады. Олар электр компания­ларының да арсеналында бар. Жыл сайын Күн мен оның Жерге әсері туралы көп мәлімет беретін NASA-ның тағы бір үлкен жобасы бар. АҚШ Ұлттық аэронавтика және ғарыш басқармасы 2018 жылы Parker Solar Probe зондын іске қосты. Зонд атмосфераның жоғарғы қабатынан өтіп, 2021 жылы жұлдызға жақындады. Ғалымдар Күн желінің табиғатын және тәждің қызып кетуін түсінуге көмектесетін білім алды. Болашақта бұл ғарыштық ауа райының экстремалды құбылыстарын түсінуге және болжауға көмектеседі, яғни планетамызда жоғары технологиялық жабдықтардың жұмысындағы ықтимал бұзылулардың алдын алады. Сондай-ақ видеоның астында ДЭФ директоры Клаус Швабтың күн импульстары тек электр қуатын ғана емес, интернетті де бұзады деген дәйексөзі келтірілген. Оның бұл туралы айтқанының дәлелі Дүниежүзілік экономикалық форумның ресми сайтында да, ашық деректерде де жоқ. Демек дәйексөз ойдан шығарылған. экожүйелер жойылады Қазнет пайдаланушылары «Жер бетінде экожүйелерді жою жоспарланып отыр» деп жазуда. Ол үшін атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіретін «Бизон» жобасы іске қосылған екен. Атмосферада бұл газ онсыз да өте аз және оның мөлшерін одан әрі азайту көптеген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің өліміне әкеледі. Бұл рас па? Анықтайық. «Бизон» жобасы – бұл АҚШ-тың Вайоминг штатында салынған ірі кәсіпорын. Ол атмосферадан жылына бес миллион метрикалық тонна көмірқышқыл газын «сіңіруге» мүмкіндік береді. Бұл атмосферадағы CO2 мөлшерін азайтуға және әлемдегі жаһандық жылыну қарқынын төмендетуге септігін тигізеді. Көмірқышқыл газы – Жер атмосферасының құрамдас бөлігі болып табылатын өте маңызды газ. Ол өсімдіктердің фотосинтезіне қатысады және олардың өсуі мен дамуының ажырамас бөлігі. Көмірқышқыл газы жануарлар мен адамдар үшін өте маңызды. Бұл қанның рН деңгейін және ағзаның басқа функцияларын реттеуге көмектеседі. Мәселе мынада, көмірқышқыл газы – парниктік газдардың бірі және Жер бетінен шығатын жылуды ұстайды. Оның атмосферадағы концентрациясының жоғарылауы планетаның бетін жылытуға ықпал етеді. Яғни, мәселе атмосферада көмірқышқыл газының болуында емес, оның концентрациясының жоғары болуында. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылы пайдалы қазба­ларды жағу және өнеркәсіптік кәсіп­орын­дардың жұмысы нәти­жесінде алынған көмірқышқыл газының шығарындылары 37,12 миллиард метрикалық тоннаны құрады. Жыл сайын бұл көрсеткіш өседі. Олай болса, жылына бес миллион метрикалық тоннаны «сіңіре алатын» «Бизон» жобасы жалпы көмірқышқыл газының бүкіл көлемін айтпағанда, адам қызметі нәтижесінде шығарылатын көмірқышқыл газын да атмосферадан «тартып ала» алмайды. Демек жоба тек жаһандық жылыну қарқынын тежеуге ғана бағытталған және жаһандық климаттың өзгеруіне қарағанда экожүйелерді жоймайды. жылынудың зардабы «Instagram»-да жаһандық жылыну Жер бетіндегі өмірге қауіп төндірмейді, бұл құпия үкіметтің ойдан шығарғаны деп жазылды. Адамдарды жаһандық жылынумен қорқытып, ұшақтардан ауыр металдардың бөлшектерін шашу арқылы оларды улауға болады екен. Бұл теория қаншалықты рас, анықтайық. Ұшақтар елді мекендерге адамдар мен табиғатты улайтын белгісіз улы заттар шашады деген идея «Химтрейл теориясы» деп аталады. Бұл конспирологиялық теория 1990 жылдардан бері бар. Бастапқыда оны жақтаушылар химтрейлдердің көмегімен ауа райын өзгертеді деп мәлімдеді. Кейін адамдар осылай улайды деді. COVID-19 пандемиясы басталуымен бұл идеялар жаңа пайымдаулармен толықты: пайдаланушылар ұшақтардан адамдарға жұғатын вирустар шашады, кейіннен бәрін, бірдей вакцинациялау үшін вакциналар шашады деп жаза бастады. Шын мәнінде, бұл нұсқалардың ешқайсысы расталмайды. Аспанда ұшақтардан кейін қалатын іздер – бұл құпия үкіметтің бұйрығымен шашқан улы химикаттар емес, суық ауада қатып қалған ылғал кристалдарынан пайда болған конденсация іздері. Күн сәулесінің бір бөлігін жауып, жаһандық жылынуды тоқ­тату үшін ұшақтар атмосфераға барий, стронций және алюминий бөлшектерін шашады деген теория нақты ғылыми гипотезаға негізделген. Ғалымдар бұлай әрекет етуге болатынын шынымен қарас­тыруда, бірақ бірқатар себеп­терге байланысты олар атмосферада әлі ештеңе шашқан жоқ. Ең басты себептердің бірі – мұндай әрекетт­ердің планета үшін салдары қандай болуы мүмкін екендігі туралы деректердің аздығы. Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл жаһандық жылынудан қорғап қана қоймай, планетадағы климатты айтарлықтай өзгерте алады. Атап айтқанда, мамандар атмосфераға қандай да болмасын бөлшектерді шашуға байланысты жауын-шашынның түсу және жаңбыр жауу маусымы өзгеруі мүмкін, бұл егіншілікке кері әсерін тигізіп, азық-түлік дағдарысына соқтыруы ықтимал деп ойлайды. Басқа да алаңдаушылықтар бар, мұндай әрекеттер озон қабатын бұзып, жаһандық салқындауға және т.б. әкелуі мүмкін. Жаһандық жылынудың ойдан шығарылмағаны, шындық екендігі белгілі. Оны мұздықтардың еруінен, теңіз деңгейінің көтерілуінен, планетаның көптеген жерлеріндегі орташа температураның жоғары­лауынан, мұхиттардың жылынуы мен тотығуынан, мәңгі мұзды аймақ­тардағы қар мен мұз қабаттарының жұқаруынан, табиғи апаттардың жиілеп кетуінен және т.б. байқауға болады. Олай болса, таралған ақпарат жалған. Атмосфераға ешқандай металдар немесе басқа заттар шашпайды. Ал мұны дәлелдейтін теориялар – растауы жоқ конспирология. Жаһандық жылыну жүріп жатыр және оны табиғатты ұзақ уақыт бақылау арқылы байқауға болады. Ағаш отырғызу әлемді жояды Қазнетте Билл Гейтс климаттың өзгеруімен күресу үшін ормандарды шабу бағдарламасына демеушілік жасайды деген ақпарат тарады. Постқа тіркелген оның дәйексөзінде ол «Ағаш отырғызу әлемді жояды» деген екен. Мұның бәрі өтірік. Билл Гейтстің ормандарды кесуге демеушілік жасағаны туралы хабарламалар желінің ағылшын тіліндегі сегментінде 2023 жыл­дың қыркүйек айының ортасында тарады. Пайдаланушылар «Microsoft» компаниясы­ның негі­зін қалаушы 280 шаршы шақырымнан астам орманды кесу үшін төлейді деп жазды. Алайда фактчкерлер бұл хабарламаны тексерудің нәтижесінде мұның бәрі өтірік екенін анықтады. Шын мәнінде, Билл Гейтс Калифорниядағы тығыз, өрт қаупі жоғары ормандарда ағаштарды кесуге бағытталған «Kodama Systems» жобасының бірнеше инвесторларының бірі. Ағаштарды кесу орман өрттерінің ықтималдығын азайтады және ормандарды сақтауға көмектеседі. Билл Гейтс «ағаш отырғызу әлемді жояды» деп мүлдем айтпаған. Бұл оның «The New York Times» ұйымдастырған «Climate Forward» іс-шарасында айтқан сөздерінің бұрмаланған нұсқасы. Филантроптың сөйлеген сөзінің толық жазбасын «The New York Times» ресми «YouTube» арнасынан табуға болады. Видеоның 18 минут 20 секундында Гейтс аз қамтылған отбасылар тұратын үйлер үшін электр жылыту қазандықтарын сатып алатынын айтады. Осылайша, адамдар қоршаған ортаға зиян келтірместен жылу төлемдерін үнемдей алады. Сондай-ақ ол күн батареяларын сатып алып, басқа да көптеген «жасыл» бастамаларға демеушілік жасайтынын атап өтеді. Алайда, одан әрі Гейтс климаттың өзгеруімен күресудің дәлелденген әдістерін қолданбайтынын айтады. «Мен ағаш отырғызбаймын», деп түсіндіреді ол. – «(….) Бірақ кейбір адамдар жеткілікті ағаш отырғызылса, онда климаттың өзгеруіне қатысты проблема шешілді деп санайды», дейді сұхбат алушы. «Бұл сандырақ. Біз ақымақ емес, ғылым адамдарымыз! Біздің кім болғымыз келеді?!» деп жауап береді Гейтс ағаш отырғызу тақырыбындағы әңгімені аяқтай келе. Бұл диалогтан ол ағаш отырғызу әлемді жояды деп айтпағанын түсінеміз. Ол ағаш отырғызу арқылы климаттың өзгеруі мәселесін толығымен шешуге болмайды дейді. Демек, Қазнетте тараған ақпарат – фейк. Билл Гейтс ормандарды шабуға демеушілік жасамайды және ағаш отырғызу әлемді жояды деп ешқашан айтқан емес. Жасұлан Сейілханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар