Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өңір табиғаты туризмді дамытуға тиімді

Өңір табиғаты туризмді дамытуға тиімді
ашық дереккөз
Өңір табиғаты туризмді дамытуға тиімді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен саяси мәлімдемелерінде еліміздің туризм саласын жақсарту қажеттігін жиі айтып жүреді. Президент биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында еліміздің туристік әлеуетіне тоқталып, бұл салада жұмыс ақсап тұрғанын сынға алған болатын. «Туризм серпінді жобалар қатарында болуы тиіс» деген Президент осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатқанын, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келе жатқанын сынға алды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сала жауаптыларына кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындауды тапсырды. «Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек», деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысының Жолдауда айтыл­ған бұл сөздері облысымыз үшін ерекше маңызға ие. Өйткені өңіріміз табиғи ландшафттардың алуан түрлілігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, көне ескерт­кіштері жағынан Қазақстандағы жетекші орындардың бірінде тұр. Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметі облыс әкімдігі туризм басқармасы­мен бірлесіп, БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Тілшілер баспасөз турында облыстың көрікті жерлерін аралап қана қоймай, өңір туризмінің дамуы үшін жасалып жатқан оң өзгерістерге куә болып қайтты. ЮНЕСКО тізіміндегі мұралар Танымдық саяхатқа толы баспасөз туры қолөнер және туризм орталығынан басталды. Аталған мекемеде облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков журналистермен кездесу өткізді. Басқарма басшысы журналистер­дің алдында аймақтағы туризм саласының жай-күйі туралы әңгімеледі. Біржан Мықты­бекұлының айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында 3 510 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оның 25-і республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 480-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Сондай-ақ 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне, 27 ескерткіш Қазақстанның микросакралды картасына, 3 ескерткіш Қазақстанның өңірлік деңгейдегі туристендіру картасына енген. Мұнымен қатар 2 ескерткіш Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне және 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінде. Олар – «Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» қалашықтары және «Ақыртас» сарай-кешені. Сондай-ақ басқарма басшысы облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашық, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал тау бөктерінде 30-дан астам шатқал орналасқанын жеткізді. – Қазіргі уақытта облыс аумағында туристерді орналастыруға арналған 220 орын, 434 тамақтану орны, 15 туристік ұйым, 11 балаларды сауықтыру лагері бар. Бұған қоса 7 шипажай, 15 демалыс орны, 200-ден аса қолөнер шебері мен 25 көлік субъектісі жұмыс істейді. Негізгі туристік нысандар саны 65-ті құрап, олар арқылы өтетін 45 туристік маршруттар әзірленген. Соңғы жылдары облыстағы ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі, орналастыру орындары санының көбеюі, ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізіп, өңірімізге келіп жатқан туристер легінің өсу динамикасы байқалуда. Статистикалық мәліметтер бойынша өткен жылы облысқа 135 712 турист келген, оның ішінде резиденттер саны – 132 840, ал резидент еместер саны 2 872 адамды құрап отыр. Былтыр облысқа келген туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда 106,7 пайызға артып отыр. Ал биыл ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша облысқа 68 262 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,5 пайызға артып отыр. Оның ішінде ішкі туризм бойынша облысқа келген резиденттер саны 67 023 адамды құрап, сәйкес кезеңмен салыстырғанда 108,9 пайызға артты. Осы жылдың ІІ тоқсанының қорытындысына сәйкес, «Шетелден келетін туристер санын ұлғайту» көрсеткіші бойынша облысқа 1 239 турист келді. Есепті кезеңде орналастыру орындарымен 1 миллиард 70 миллион теңге сомасына қызмет көрсетілді. Қызметтердің көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 127,3 пайызға көбейді, – дейді басқарма басшысы. Маусым айында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарла­масы аясында об­лысқа келіп жатқан туристерді ақпарат­тандыру мақсатында толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары енгізілген, бірегей туристік ақпараттық терминалдар іске қосылған. Терминалдар қала қонақтары көп шоғыр­ланатын орындар – «Mart» сауда орта­лығы мен «Әулие-Ата» әуежайында орналастырылған. Бұл терминалдар арқы­лы әлеуетті туристерге облыста­ғы қонақүйлер, тамақтану орындары, көлік субъектілері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат «бір терезе» қағидасы бойынша ұсынылуда. Қоғамдық бірлестік қолөнерді жетілдіруде Әрі қарай облыс әкімдігі туризм басқармасы және өңірлік ком­му­никациялар қызметінің бірлесе ұйым­дастыруымен туристік нысандарға экскурсия ұйымдастырылды. Әуелі БАҚ өкілдері қолөнер және туризм орталығында орналасқан көрме залымен танысты. Мұнда «Шебер шаңырақ» мүге­дектер қоғамдық бірлестігінің қолдан жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылған. Облыс қолөнершілерінің ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті өнерді жоғалтпай, одан әрі арттыра түскенін көрме залын аралағанымызда байқадық. Мұнда қолөнер шеберлері өз қолдарымен дайындаған түрлі үлгідегі жүздеген жәдігер қойылған. Әсіресе қазақтың ұлттық киімдері, киім декор элементтері, төсек-орын, сәндік бұрыштарды безендіру, кілемдер мен гобелендер, матадан, жүннен және былғарыдан жасалған бұйымдар көздің жауын алады. «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы, белгілі қолөнерші, қоғам белсендісі Анар Бексұлтанова көрме залының жұмысымен, осында қойылған әр бұйымның қызықты тарихымен таныстырып өтті. 2021 жылы құрылған қоғамдық бірлестіктің 150 мүшесі бар. Олар ұлттық киім мен аксессуарлар жасаумен айналысады. – Өңірдегі тоқуға, тігуге бейім қыз-келіншектермен үш жылдан бері ұйымдасқан түрде жұмыс істеп жатырмыз. Бізде шамамен 200-ден астам әйел тәжірибеден өткен. Осындағы ісмерлер дайындаған өнімдерді облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі көрмелерге шығарып тұрамыз. Көктем айындағы Мемлекет басшысының сапары кезінде қолөнер бұйымдарымызды Президенттің назарына ұсынып, жетістік­терімізді көрсеттік. Мемлекет басшысы шебер қыз-келіншектердің қиялынан туындаған дүниелерге тәнті болды. Президенттің мақтауын есту үлкен мәртебе деп білеміз. Бірлестік қазір 40 мүгедек әйелді оқытып жатыр. Осы кезеңде дәріс алушылар киім тігу, киізбен жұмыс істеу курсын аяқтап, тоқуды үйреніп жатыр. Көрме залында өнерпаз шеберлеріміздің туындылары қойылса, екінші оқу бөлмесінде оқушылардың қолынан шыққан дүниелер қойылады. Орталыққа мүмкіндігі шектеулі жандар­дан бөлек, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі перзент тәрбиелеп отырған әйел­дер де қыздарын оқытуға өтініш білдіріп жатады. Әсіресе, аудандардан, Аса, Жасөркен, Байзақ ауданынан келген студенттер көп. Біз оларға өз білгеніміздің бәрін үйретеміз, – дейді А.Бексұлтанова. «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің алдағы жұмыстарына табыс тілеп, келесі баратын орынға аттандық. терминалдың пайдасы мол Бұдан соң «Әулие-Ата» халықаралық әуежайында орналасқан сенсорлы терми­налдың жұмысын бақылап қайттық. Облыс әкімдігі туризм басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Амангелдиева жаңа құрылғының жұмысымен жақынырақ таныстырып өтті. – Сенсорлық терминалдар әуежайға жазда орнатылды. Ақпараттық терминалдың міндеті – туристік нысан­дар, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, туроператорлар және такси қызметтері, өңірдің көрікті жерлері жайлы анықтама беру. Айта кету керек, анықтама қызметі үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жүзеге асады. Терминалға енгізілген ақпараттарда керекті мәліметтің бәрі егжей-тегжейлі көрсетілген, – дейді М.Амангелдиева. Жаңа қондырғыны қолданып көріп, айтылған ақпараттардың рас екеніне көз жеткіздік. «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, Айша бибі, Бабаджа хатун секілді көптеген тарихи нысандар, өзге де демалыс орындары туралы ақпараттар енген терминал туристер үшін тиімді анықтама болары сөзсіз. Қажетті орындардың немесе ғимараттар жайлы айтылған мәтіннің қасында суреттері де орналастырылыпты. қос кесене алыстан көз тартады Мұнан соң Жамбыл ауданында орналасқан Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелерінде болдық. Тарихи кешеннің тек туристерге ғана емес, жергілікті тұрғындардың өзіне де жағымды әсер қалдыратынын айтпай кетуге болмас. Көрген жанды бірден баурап алатындай әсем абаттандырылған орынның тазалығына мін тағып жату орынсыз. Ескерткіш маңайындағы гүлзарлардағы раушан, түймедақ гүлдеріне қарап қоңыр салқын күз айы екенін ұмытып кетесің. Жұмыс күніне қарамастан мұнда бізбен қатар келген қонақтар өте көп екен. Олардың арасында Ресейден, Германиядан келген туристер де бар. Діні де, салты да бөлек ұлт өкілдерінің қазақ халқының мәдени нысанына құрметпен қарап, бар ықыласымен қол жайып Құдайдан дұға сұрап, асыл аналарымыздың әруағына тәу етіп жүргенін көргенде шынайы сүйсіндік. Омбы қаласынан келген Олег есімді турист бұл жердің суреттегіден әлдеқайда көрікті екенін айтты. – Шынымды айтсам, мұндай ғажайып көріністі күтпедім. Әйелім және ұлыммен туыстарымызға қонаққа келгенбіз. Олар осы жерге келуге ұсыныс тастады. Жаңа ғана Айша мен Қараханның әдемі махаббат хикаясын қызығушылықпен тыңдадық. Бабаджа хатунның Айшаға деген адал­дығы таңғалдырды. Бұрын мұндай сәулетті көрмеген едік. Енді біз Қарахан кесенесіне барғымыз келеді. Елге оралған соң достарымызбен бөлісер оқиғамыз көп. Естелікке суретке түстік, – дейді Олег. Экскурсия жетекшісі Мамедтің де турис­тер жайлы айтары көп. – Кеше мұнда өзге елден екі қонақ келді. Шетелдіктермен бір дегенде ортақ тіл табысып кете алмадым. Нақты қай тілде сөйлеп жатқанын біле алмайсың. Сөздерінің арасына өзбек тілін араластырғанда әңгіме­лерінің жартысын да түсіне алмайсың. Бірақ кейін олардың түрік тілін білетіні белгілі болды. Содан кейін ұғыныса бастадық. Кейін білдім, туристер Біріккен Араб Әмірліктерінен келген өзбек азаматтары екен. Аталары соғыс кезінде сонда қоныс аударып, тұрақтап қалған. Сондықтан ата-бабаларының атамекенін көру үшін арнайы келген екен. Аталары осы аймақтың тумасы екен. Кесене араб елінен келген конақтарға керемет әсер қалдырды. Олар тарихи орынды асықпай аралап, көргендерін видеоға түсіріп жүрді. Туристер бізде мол тарихы бар көне жәдігерлер сақталғанынан хабардар болмағанын мойындады. Оларға қазақ халқының қонақжайлылығы ұнады, дархан мінезді біздің адамдар қонақтарға өзгеше әсер қалдырыпты, – дейді Мамед. Жалпы мұнда келуіміздің басты мақсаты – кесене алдында орналасқан ақпараттық дүңгіршектің жұмысымен танысу. «Тараз-туризм» ақпараттық орталығының ме­неджері Наурызбай Талғатов өз жұмысы туралы зор ықыласпен айтып берді. – Үш жыл бұрын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс әкімдігі туризм басқармасы өңірге келген туристерге толық мәлімет беретін ақпараттық дүңгіршектер орнатқан болатын. Дүңгіршектің басты міндеті – Тараз қаласы және оның туристік әлеуеті туралы ақпаратты қалыптастыру, тарату, туристерге әдістемелік және консультациялық көмек көрсету, өңіріміздегі туристік өнімді ұсыну. Бұған қоса, бізде туристерге тегін таратуға арналған, көрікті жерлер, Айша бибі кешенінің өзі туралы материалдары бар кітапшалардың бірнеше түрі бар. Мұнда келген қала қонақтары біздің қызметтерді жиі пайдаланады, – дейді Н.Талғатов. Кешеннің мәселесі шаш етектен Танымды сапарымыз Қырғыз Ала­тауының жотасында жатқан «Алмалы» демалыс аумағында жалғасты. Әттеген-айы суретшінің туындысындай табиғаты ғажап орынға апарар жолдың жайсыздығы. Анығын айтсақ, туризмге сұранып тұрған «Алмалыға» дейінгі жолға асфальт төселмеген. Содан да мұнда жету біршама уақытты алады. Аумақ демалысқа қолайлы жерде орналасқан. Еуропалық үлгідегі этно-туристік демалыс аумағы Тараз қаласынан онша алыс емес. Қаланың қарбалас өмірінен жырақта жатқандықтан аурасы мүлдем басқа. «Алмалы» демалыс аумағының директоры, «Фортис Констракшн» ЖШС құрылтайшысы Досан Рымтаев БАҚ өкілдеріне орталықтың мүмкіндігін жан-жақты таныстырып өтті. – Еуропалық үлгідегі этно-туристік демалыс аумағы қонақтарға спорттық-сауықтыру, мәдени-сауықтыру қызметтерін көрсете алады. Кешеннің құрылымында шағын қонақүйлер, монша, бассейн, балалар ойын-сауық орны, әкімшілік ғимарат, автотұрақ бар. Кешеннің алғашқы құрылыс кезеңі көктемде аяқталып, сәуір айында пайдалануға берілді. Бұл жерді оазис пен ағын судың болуына байланысты таңдадық. Архитектуралық жобаны жасағанда құрылыс барысында бір де бір ағаштың кесілмеуіне аса назар аударғанымызды ерекше айтып өткім келеді. Облыс тұрғындары мен қонақтары мұнда таулы аймақтың табиғатын тамашалай алады. Барлық ғимарат ауызсу, жылумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ атпен саяхат, квадроциклмен серуен ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, заманауи нақыштағы киіз үйлер де бар. 1 мамырдан бастап 1 қыркүйекке дейін кешеннен қонақ үзілмеді. Нақтылап өтсем, төрт айда бес жарым мың адам келіп, демалып қайтқан. Түнеуге келген қонақтар үшін 50 бөлмелі қонақүй қарастырылған. Ал күндіз 300-400-ге дейін адам қабылдай алады. Ол қонақтар үшін отбасылық демалысқа арналған шағын үйлер бар. Өздері тағам дайындағысы келген демалушылар үшін бөлмелерінде барбекю және тамақ пісіруге арналған қазандықтар қойылған. Балық аулауды ұнататындар үшін тоғандарымызда форель немесе карп балықтарын өсіреміз. Шабақтарды Қордай өңірінен сатып аламыз. Келушілердің басым бөлігі өңір тұрғындары. Өзге облыстан келетіндер де аз емес. Қытай, Румыния, Германия, Ресейден шетелдіктер келіп демалып қайтты. Туристер демалыс айма­ғымызға жақсы пікірлерін айтып кетті, – дейді Д.Рымтаев. Мұндағы дәмханың дизайны да ерекше үлгіде жасалған. Залдың ортасында піскен жемістерге толып тұрған үлкен алма ағашы бар. Аң терілері қойылған зал табиғи ағашпен безендірілген. Жалпы алғанда бәрі табиғи және көзге жағымды көрінеді. Тіпті кітап оқығанды ұнататындар үшін шағын кітапхана да бар. Сондай-ақ демалыс аумағында демалушылар үшін пайдалы мүмкіндіктер сыйлайтын ұсақ-түйектерге дейін мұқият ойласты­рылған. Мәселен демалыс үйлерінің жанында орналасқан мангалдарда жиналмалы герметикалық қақпақтар бар. Бұл кәуап пісіру үшін өте тиімді зат. Герметикалық қақпақтар барда кәуапқа әдеттегідей су құйып, не болмаса ауа желпіп тұрудың қажеті жоқ. Беті жабық кәуап жанып не күйіп кетпей өздігінен піседі. Екі қабатты қонақүй кешенінде өкпеңізді қалалық газдардан және бактериялардан тазартуға болатын тұз бөлмесі бар. Иппоте­рапия және таза ауада атпен серуендеу көптеген ауруларды емдеуге және алдын алуға арналған. Деннің саулығы әрі сергіп қайту үшін үшін велосипедпен таза ауаға серуендеуге болады. Алайда шетелдік демалыс орындарымен бәсекелес бола алатын кешеннің мәселесі де шаш етектен екен. Алғашқысы жоғарыда сөз болған – жолдың жыры. Клиенттер мұнда келгенде жолдың жоғын айтып шағымданады екен. Алайда демалыс орнының басшысы бұл мәселеде тек жергілікті атқарушы органдардың көмегіне арқа сүйеуден басқа амал жоқтығын жеткізді. Өйткені кешен құрылысына 800 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Екінші – байланыс жайы. Кешен басшысы антеннаны өзі орнатып, «Activ» және «Kcell» ұялы байланысын орнатқан. Бірақ 300 қонақтың әрқайсысында бір-бірден смартфон бар. Осыншама қонақ бір уақытта желіге қосылғанда байланыс жайы қалай болатыны белгілі. Досан Рымтаев бұл сұрақ бойынша ұялы байла­ныс компанияларына және облыс әкімдігі цифрландыру басқармасына хабарласқан. Бірақ олардан әлі күнге жауап ала алмай жүр. Үшінші мәселе – көгілдір отынның жоқтығы. Қазір демалыс аумағы көмірмен жылытылуда. Сондықтан мұнда бұл күндері демалушылар жоқтың қасы. Егер көгілдір отын берілсе кешен жыл бойы жұмыс істей алар еді. Аталған мәселелер негізінде осы орынның басшысы амалсыздан елу адамды жалақысыз демалысқа шығарған. Алдағы уақытта кемшіліктер шешімін тауып жатса, жыл он екі ай демалуға қолайлы орын болғалы тұр. Қыс мезгілінде тау бөктерінен шанамен сырғанауға арналған жобаны іске қосу басшылықтың жоспарында бар. санитарлық тораптардың сиқы қандай? Баспасөз турының соңында журна­листерге жол бойында жаңадан салынған экологиялық дәретханалар таныстырылды. Кәсіпкерлік субъектілер шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес, жыл басынан бүгінгі күнге дейін облыста 12 санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға субсидиялау жұмыста­ры жүргізілуде. Ал өткен жылдың қорытын­дысы бойынша субсидия алған санитарлық-гигиеналық торап саны 9-ға жеткен. Осындай республикалық мәндегі жол­дың бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптардың біріне ат ба­сын бұрған біз, жеке кәсіпкер Айдын Байнатасованы сөзге тарттық. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, эколо­гиялық дәретхананы ашу жоспары «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы жария­лаған конкурсты көзі шалғаннан кейін келген. Акционерлік қоғам жариялаған лотты жеңіп алып, бүгінде өз ісін бастап отыр. Ашылғанына екі-үш ай ғана болған дәретхана жолаушылар мен жүк көлігін жүргізушілер үшін өте тиімді қоғамдық орынға айналған. Себебі мұнда жылдам тамақтанатын орын да, ыстық тамақ та, шай, кофе және тағы да басқа сусындар сатылады. Одан басқа, түрлі тәтті бәліштер де сатылымға қойылғанын көзіміз шалып қалды. Сонымен қатар бұл нысанда арнайы жуынатын бөлме және әжетхана бар. Алайда мұнда да өзіне тән мәселелер бар екен. Ақылы екенін ескеріп, көп жолаушы мен жүргізушілер тура маңында тұрған тегін дәретхананы пайдаланады екен. Ұятты ысырып айтқанда екі дәретханаға да кірмей, ел көрмейтін далаға, яғни шағын нысанның артына жүгіретіндер де табылады екен. Бұл жағдайды естіп, амалсыз жаға­мызды ұстадық. Ескі дәретхана кәсіп иесіне тек бұл тұрғыда ғана қолайсыздық тудырып жатқан жоқ емес. Жаз мезгілінде аулада кәуап пісіріп сатып, асханасын кеңейткісі келеді. Алайда бұл жоспарына жақын маңнан келетін иіс пен ыңғайсыз жағдай кедергі. Дегенмен мұнда жолда тоқтаған жолау­шыларға толық жағдай жасалған десек, артық айтқандық емес.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар