Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараз құрметтеп, Талас ардақтады

Тараз құрметтеп, Талас ардақтады
ашық дереккөз
Тараз құрметтеп, Талас ардақтады
Ақын – бала көңіл. Ақын – батыр мінезді. Арқыраған шабыттың иесінің бірі – ақын Рафаэль Ниязбек еді. Осы бір өткірлігінің пайда-зиянын қатар көрді. Пайдасы – халқының алақанында болса, зияны – қолы жетуі тиіс біраз дәреже-атақ мінезінің кесірінен бұйырмады. Бірақ аяулы ақынды қалың оқырмандары, жерлестері, бүгінгі өскелең жас ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Біз оны Тараз қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастырумен белгілі жазушы, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Iлияс Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері, Шешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, түбі бір түркі халықтарының «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбекті еске алуға арналып өткен «Тұнық ойлы қаламгер» атты еске алу кешінен аңғардық. Еске алу кешіне «Qazaq radiosy»-ның ардагері, Рафаэль Ниязбектің жары Гүлжан Мұхамадиева арнайы қатысты. Кеш барысында аталған кітапхананың кітапханашысы Гүлнұр Нүрпейісова Рафаэль Ниязбектің «Көсем» кітабына библиографиялық шолу жасады. Ол аталған романда жазушы Д.Қонаев бейнесін молынан ашып, сол кезеңнің саясатын нақты көрсете білгеніне тоқталды. Тұрысбек Сәукетаевтың «Мұзбалақ» атты арнау өлеңін Бауыржан Момышұлы атындағы №45 классикалық-гимназияның 9-сынып оқушысы Асылкеней Дәулетберді оқып берді. Жас оқырмандар Рафаэль Ниязбектің бірқатар өлеңдерін жатқа оқыды. Рафаэль ақынның өз жарына арнаған «Гүлжанға» атты өлеңін Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің білімгері Нұрдәулет Қайрат шебер оқыды. Мұнан соң ақынның рухани інілері Көсемәлі Сәттібайұлы, Баймаханбет Ахмет, Есет Досалы және ақын Үміт Битенова есте қалар естеліктер айтты. Белгілі қаламгер, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт өз кезегінде Рафаэль ақынның өлеңін жатқа оқуымен ерекшеленді. Еске алу кешін Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Камила Абашова және аталған кітапхана директоры Ұлбосын Сәулебаева қорытындылап, ақынның жары Гүлжан Мұхамадиеваға ақ орамал сыйлап, құрмет көрсетті. Ал Гүлжан апай аталған кітапхана ұжымына алғысын айтып, Рафаэльдің бірқатар кітаптарын сыйға тартты. Мұнан соң Рафаэль Ниязбекті еске алу кеші ақынның туған жері Талас ауданында жалғасын тапты. Рафаэль ақынның жұбайы Г.Мұхамадиеваны Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков қабылдап, құрмет көрсетті. Мұнан соң Талас аудандық орталық кітапханада Рафаэль Ниязбектің 80 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың ақтаңгер ақыны» атты поэтикалық еске алу кеші өтті. Іс-шараға Талас аудандық мәслихаты­ның төрағасы Қадірбек Садубаев, Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ғалым Қартабаев, Талас ауданының Құрметті азаматы Байұзақ Көлбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов қатысып, сөз сөйледі. Бұл жиында да Г.Мұхамадиева ағынан жарылып сөйлеп, Рафаэль ағамыз жайлы елеулі естеліктер айтты. Іс-шара барысында ақынның өнегелі өміріне арналған «Тұлға» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ кітапхана­шы­лар ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінің әншілері Гүлсезім Тазабек, Дана Шалқарбаева, Әзімхан Ерген әннен шашу шашты. Сонымен қатар Қаратау технология білім және бизнес колледжінің білімгерлері және Қаратау көпсалалы білім және бизнес колледжінің білімгерлері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназияның оқушылары шағын көріністерін сахналады. Кеш соңында Рафаэль ақынның немере қарындасы Зайтуна Нұртайқызы да келер ұрпаққа мол рухани азық болар тәрбиелік мәні зор естеліктерімен бөліссе, Қаратаудағы Қонаев мұражайының меңгерушісі Лес Нұрұлы Гүлжан Мұхамадиеваға құрмет көрсетті. Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов ақынның жарына «Талас ауданына – 95 жыл» медалін табыс етті. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Талас аудандық орталық кітапханасының директоры Шынар Шеңгелбайқызы бастаған кітапхана ұжымының да еңбегі үлкен екенін айта кеткен жөн. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар