Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тура жолдан таймайық

Тура жолдан таймайық
ашық дереккөз
Тура жолдан таймайық
Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген екен. Өкінішке қарай қазіргі таңда діннің қасиетінен гөрі, қасіретіне көп куә болып жүрміз. Басты себебі – қоғам мүшелерінің діни сауатсыздығы. Жалпы қай салада болмасын, ондағы мәселелердің шешімі тек сауаттылықта жатқаны анық. Кейінгі уақытта елімізде пайда болып жатқан діни ұйымдар, ең әуелі өздерінің үгіт жұмыстарын діннен хабары жоқ, діни түсінігі төмен азаматтардан бастайтыны сөзсіз. Олар діни шешендіктің ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың ой-санасына теріс ықпалын тигізуде. Көп жағдайда идеологиялық ықпалға оп-оңай бой алдыртатын қоғамның ерекше тобы саналатын жастар, теріс пиғылды діни насихаттың қызметі үшін ыңғайлы нысанға айналып отыр. Зерттеу нәтижесінде, діни ағымдардың қатарында жастардың көрсеткіші жоғары. Негізінде әрбір ағым өкілдері жастарымызды өздерінің ықпалына қарай саяси мақсатта қолдануға тырысады. Кез келген жасөспірім жаңашылдыққа талапшыл болып келеді. Жаңа құбылысты үйренуге, оның қыр-сырын игеруге немесе оны білуге құштарлық танытады. Сонымен қатар, әрдайым ақпарат алаңының алдында отыратын да – жастар. Өзіне керекті мәліметтер іздеу барысында, осы діни ағым өкілдерімен кездейсоқ танысатын да жастарымыз. Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің бірнеше себептерін атап көрсетуге болады. Біріншіден, сауаттылық мәселесі. Яғни діни сауаттылықтың төмен дәрежеде болуы. Екіншіден, әлеуметтік жағдай. Материалдық жағынан аз қамтылған отбасыларды, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады. Әрине, елдегі барлық отбасыны материалдық жағынан қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ адамдарды діни сауатты етуге болатын іс. Дегенмен жаңа заманның жетістігі саналатын ғаламтор да бір жағынан өз зиянын тигізіп отыр. Мәселен, теріс діни ағымдардың өкілдері өз алдарына ғаламтор сайттарын ашып алып, көп уақытын компьютер алдында өткізетін жастардың санасын улауға тырысып бағуда. Сайт арқылы олар конституциялық құрылымға қарсы шығу, қалыптасқан дәстүрлерді терістеу, ата-ананы тыңдамау деген секілді теріс түсініктерін тықпалап жатыр. Жалпы алғанда ғаламторды толық бақылау қиын іс. Бірін жапса, ертең екіншісі ашылады. Енді тек мемлекет тарапынан қатаң бақылау жүргізіліп, ғаламтор сайттарындағы мәліметтер сұрыпталып отыруы керек. Сонымен қатар бүгінде дін істері комитеті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе, мұндай ғаламтор сайттарындағы теріс мазмұнды мәліметтермен күресті өз құзыреттеріне ала отырып, олардың жарыққа шығуын қадағалап, барынша тосқауыл қоюға тырысып жатыр. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздігін алған жылдардың басында діннің беделі артып, дінге қызығушылық танытқан жастардың саны көбейді. Діни білім беру және діни сауатсыздық тұрғысында да ақсап тұрған жерлеріміз болды. Себебі ол кезде қазіргі күнгідей ҚМДБ және дінтанушы, теолог мамандар санаулы ғана еді. Діни білім алуға құштарланған жастарымыз шет мемлекеттерге кете бастады. Олардың қандай білім ордасында, қай бағытта діни білім алып жатқаны мемлекет тарапынан ескерілмеді. Шетелге кеткен жастарымыз сол мемлекеттің ұлттық-діни ерекшеліктерін үйреніп, оны біздің қоғамға келіп тарата бастады. Жастарымызды теріс діни идеологиядан сақтандыру жолдарының бірі – діни білімді арттырумен қатар, отбасы институтын жетілдіру. Жастарымыз дәстүрлі емес ағымдардың арасында адасып жүрсе, елдің болашағы не болмақ? Және сол ағымдарда жүрген жастарымыздан және олардың ұрпақтарынан қандай азамат шығатындығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан, бұл олқылықтың алдын алу үшін ең біріншіден әр ата-ана өзін, одан кейін баласын жастайынан жетілдіріп, дұрыс адами қасиеттерді бойына сіңдіре білуі қажет. Бала кезден дұрыс тәлім-тәрбие ала білген жасөспірім болашақта отансүйгіш, елжанды азамат болары сөзсіз. Қазіргі кезде кейбіреулердің қазаққа дін тарамаған дегені бос сөз. Мұндай сөзді олар қазақ тарихын білмегендіктен айтады. Біз дінді өз деңгейінде түсініп жүрміз бе? Немесе базбіреулердің түсінуі мен көрсетуі бойынша түсініп жүрміз бе? Міне, бұл Алла Тағаланың әр пендесінің басында болуы тиісті сұрақ. Ұзақ уақыт діни тоқырауға ұшыраған халықтың аңсаған Ислам діні қазір адам нанғысыз мәселелермен қоса жетті. Тіпті қарапайым халық та әрі-сәрі болуда. Сенімдерін жоғалтып, үмітсізденуде. Кейбіреулері әлде бір саяси, діни топтың зымиян саясатының құрбанына айналуда. Осындай сорақылықтың себебі неде? Әркім әртүрлі жауап береді. Біздің қазақ дінді таза ниетпен, жүрекпен қабылдаған. Дін түркілердің күллі салт-санасы мен ырым-тыйымына, әдет-ғұрпы мен танымына балдай батып, судай сіңді. Дін – біздің темірқазығымыз. Бұл темірқазығымыз – ар-ұждан тәрбиесі мен обал-сауап тәрбиесінен құралған Алланың берген алтын қазығы. Тарихымыз бен әдебиетіміз осы діннің құдыретін бойымызға сіңіргенін ұмытпауымыз керек. Есімі дүниежүзіне мәшһүр болған Шыңғыс Айтматовтың Найман-Ана бейітінің тарихын айтатын психологиялық романындағы Найман-Ананың ұлы Жоламанға көн қаптау арқылы қолдан жасалған мәңгүрттікті шығармадан оқыған едім. Өз анасын танымаған ұл. Өз анасын атып өлтірген ұл. Мәңгүрт ұл. Бұл – көркем шығарма еді... Дәл қазір түрлі ағымның шырмауынан шыға алмай жүрген психологиясы әлсіз жастарымыз Жоламанның кебін киіп келеді. Діни экстремизмге, діни сауатсыздыққа тосқауыл қоймасақ, еліміздің тыныштығы, берекесі бұзылары анық. Исламның нағыз жауына айналып, қазақтың арасына жік салып, тура жолдан тайғандар әке-шешесінің айтқанын тыңдамай, қатігезденіп барады. Бұндайлар – қоғамға қауіпті. Дін – біле білгенге рухани азық, білмегенге – от, оттан өрт шығады. Осы қасиетті рухани азықты қадірлей білейік, қасіретке ұшыраудан сақтасын, Алла. Рамазан АБДЕЛИЕВ, облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының Жуалы ауданы бойынша инспекторы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар