Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шекара шебіндегі қырағы күзет

Шекара шебіндегі қырағы күзет
Автор
Кез келген мемлекеттің дамуы, тыныштығы мен тұрақтылығы шекарасының мызғымас беріктігімен өлшенеді. Жұрт алаңсыз ұйқыға кеткен сәтте елдің шетінде, желдің өтінде Отанымызды кірпік қақпай күзететін шекарашылардың еңбегі – ерлікпен парапар. Бұл абыройлы да қасиетті міндет.

Осындай жауапкершілігі зор міндетті арқалаған бөлімшенің бірі – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі облыс бойынша департаментіне қарасты «Жасөркен» шекара бөлімшесі.

Жақында аталған бөлімшеге жолымыз түсіп, шекара шебіндегі күнделікті жұмыс барысына, сарбаздардың қатаң тәртібі мен жоғары дайындық деңгейіне, олардың ел қауіпсіздігі жолындағы табанды еңбегіне куә болып қайттық.

Шекара бөлімшесінің іргетасы 2012 жылы қаланған. Қазіргі таңда бөлімшеге Данияр Баширов басшылық етеді. Біз барған сәтте шекара бөлімшесінің бастығы кезекшілігін атқаруға аттанатын жауынгерлерге тапсырма беріп жатты. Ізін ала міндеттеріне тастүйін дайын сарбаздар қызметтік көліктеріне жайғасып, шекара шебін күзетуге шықты.

Бөлімше бастығының айтуынша, мұнда қару-жарақ пен байланыс құралдарының жарамдылығы, кезекшілікке шығар алдындағы (наряд) нұсқама, қауіпсіздік талаптары, қызметтік құжаттардың дәлдігі және жеке құрамның моральдық-психологиялық дайындығы бәрі бір жүйемен, бір ырғақпен жүргізіледі.

 - Шекара бөлімшесінің негізгі міндеті

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан заңсыз контрабанданың өтуіне жол бермеу. Ең өзекті мәселенің бірі – психотроптық және есірткі заттардың заңсыз тасымалдануы. Сондай-ақ мал айдап өту, темекі өнімдерін заңсыз өткізу және өткізу пункттерінен тыс жерлер арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өту әрекеттері де тыйылмай тұр. Нақты айтқанда, бөлімшенің басты мақсаты – мемлекеттік шекараның бұзылуына жол бермеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қырағы шекарашылар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараның 22,5 шақырымын күзетеді. Оның ішінде шамамен 19 шақырымды алып жатқан жазық аймақта жаяу және аралас тәсіл қолданылады. Қырғыз Республикасы тарапынан бұл аумаққа қарама қарсы Талас облысының «Үшқорған» шекара бөлімшесі орналасқан. Екі елдің шекара бөлімшелері өзара тығыз байланыста жұмыс істейді, алдын ала анықталған ақпараттармен бөлісіп отырады және кездесулер ұйымдастырып тұрады. Бөлімше қажетті техникалармен қамтамасыз етілген. Яғни 6 «УАЗ-31519» және 2 «УАЗ-3909» автокөлігі бар. Бұл техникалар шекара нарядтарын жеткізуге, сондай-ақ дабыл сигналдары түскен жағдайда жедел әрекет ету үшін пайдаланылады, – дейді Данияр Төлеуқажыұлы.

Бөлімшедегі кеңсе, қызмет атқару орындары және жеке құрамға арналған жатын бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Сонымен қатар бөлімше аумағында офицерлер құрамына арналған тұрғын үй бар. Онда осы жерде қызмет ететін офицерлер өз отбасыларымен бірге тұрады екен. Әскери қызметшілерге арналған жатақхана да қарастырылған. Келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілердің бір бөлігі 50 пайыздық жүйемен орналастырылады, яғни олардың жатын орнының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Қалған бөлігі үшін тұрғын үй төлемдері берілетіндей жағдай жасалған. Ал бөлімшеде емес, сыртта тұратындар, яғни өз баспанасы бар қызметкерлер жұмыс уақыты аяқталғанда да атқаратын міндеті болмаса үйлеріне қайтады. Ал 50 пайыздық жүйемен тұратындар бөлімшеде қалады. Бөлімшеде сол секілді автокөліктерге арналған тұрақ та бар. Ол жерге қысқы және жазғы техникалар қойылған.

Бөлімше бастығының сөзіне сүйенсек, өткен жылы «Жасөркен» шекара бөлімшесі таулы аймақта барымташылық фактісінің алдын алып, барлығы 107 жылқыны ұстаған. Бұл жылқыларды барымташылар Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына заңсыз өткізбек болған. Сол секілді биыл қаңтар айынан бері бөлімше 5 мемлекеттік шекара бұзушыны құрықтаған. Олардың екеуі күрд ұлтының өкілі болса, үшеуі Пәкістан Республикасының азаматтары. Олардың Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат беретін құжаттары, оның ішінде жеке басын куәландыратын паспорттары болмаған. Сол себепті ресми өткізу пункттері арқылы өте алмай, шекараны заңсыз жолмен кесіп өтпек болған.

– Жалпы бір мемлекеттен екінші мемлекетке өту үшін арнайы өткізу пункттері қарастырылған. Алайда құжаттары дұрыс болмаған жағдайда кейбір азаматтар шекараны заңсыз жолмен кесіпөтуге әрекет жасайды. Осындай жағдайлар 2025 жылы да тіркелген. Былтыр жеті шекара бұзушы анықталған, олардың қатарында Қырғызстан және Өзбекстан Республикасының азаматтары да бар. Көз алдыңда жатқан жазық далада кейде бәрі анық көрініп тұрғандай әсер қалдырғанымен таулы өңір аса сақ болуды қажет етеді. Сол себепті бөлімшеде тактикалық дайындыққа, дұрыс бағдарлауға, қозғалыс қауіпсіздігіне және байланыс тұрақтылығына айрықша мән беріледі. Жұмыс барысында кез келген жағдайға дайын болу керек. Қажет кезде топпен әрекет ету, кейде жедел әрі нақты шешім қабылдау, бәрін заң талаптарына сай орындау күнделікті машық арқылы қалыптасады. Ерекше дайындықты қажет ететін маңызды бағыттардың бірі – қызметтік иттермен жұмыс істеу. Шекара бөлімшесінде жалпы 4 қызметтік ит бар. Оның ішінде шекараны заңсыз кесіп өтпек болғандарды ұстауға көмектесіп жүрген қызметтік іздеу иті Флена ерекше атап өтуге тұрарлық. Оның нұсқаушысы – кіші сержант Жәнібек Юсупов. Бұл ит арнайы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүйесіне қарасты кинологиялық орталықта дайындалған. Атап айтқанда, Қараой ауылы аумағында орналасқан орталыққа нұсқаушы өзі барып итті таңдап, арнайы жаттықтырып, бөлімшеге алып келген. Флена бөлімшеге 2024 жылы әкелінген. Осы уақыт ішінде ол өзінің қабілетін көрсетіп, шекара бұзушыларды іздеп табуда тиімді нәтиже көрсетіп жүр. Айта кету керек, біздің бөлімшедегі қызметтік иттер негізінен адам ізімен жұмыс істеуге үйретілген. Яғни олар шекара бұзушыларды іздеу және табу бағытында қызмет етеді. Ал есірткі, қару немесе валюта іздеумен айналысатын иттер бөлек, олар арнайы өткізу бекеттерінде қызмет атқарады. Сонымен қатар жаяу немесе автокөлікпен жету қиын аймақтарда қызметтік жылқылар пайдаланылады, – дейді Д.Баширов.

Жас та болса үлкен әскери ұжымға басшылық жасап отырған сұхбаттасушымыз Данияр Төлеуқажыұлы Абай облысы, Мақаншы ауданының тумасы. Әкесі Төлеуқажы Тасыбаев Мақаншы ауданындағы шекара басқармасында жұмыс істеген.

Данияр 2013 жылы орта мектепті аяқтап, 2014-2015 жылдары мерзімді әскери қызмет атқарған. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қабылданып, 2020 жылға дейін Майтал шекара бөлімшесінде қызметтік иттер нұсқаушысы болып жұмыс істеген. 2020 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы білім алған. 2024 жылдың тамыз айында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы бойынша оңтүстік шекара басқармасына қарасты шекара бөлімшесі бастығының тәрбиелік және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған. 2024-2026 жылдар аралығында осы лауазымда жұмыс істеп, 2026 жылдың 13 сәуірінен бері «Жасөркен» шекара бөлімшесінің бастығы болып еңбек етіп келеді. Отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.

Бөлімшеде мерзімді әскери қызметшілермен, яғни сарбаздармен тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, жергілікті мәдени орталықтармен, мешіт имамдарымен кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар Тараз қаласындағы кинотеатрлар мен музейлерге экскурсиялар ұйымдастырылады.

– Одан бөлек мектептерде ашылған «Жас шекарашы» үйірмелерінің жұмысы аясында оқушыларға шекара қызметінің ерекшеліктері түсіндіріледі. Ай сайын Жасөркен және Қызылқайнар ауылдарындағы мектептермен бірлескен іс-шаралар өткізіледі. «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып, оқушылар шекара бөлімшесіне келіп, қызметтің қыр-сырын өз көздерімен көреді. Күнделікті ақпараттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Қазақстандағыжәне шетелдегі жаңалықтар, сондай-ақ шекара қызметіне қатысты маңызды ақпараттар жеткізіліп отырады. Сарбаздар арасында түрлі байқаулар, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар ата-ана, туған-туысқа хат жазу дәстүрі де жойылған жоқ. Әскери ұжымдағы тәртіп пен өзара қарым қатынасты нығайту мақсатында да алдын алу шаралары қарастырылған. Әсіресе жас сарбаздар мен тәжірибелі әскери қызметшілер арасында түсініспеушіліктердің алдын алу үшін жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары, жеке және топтық әңгімелесулер жүргізіледі. Ұжымдық рухты көтеру, бір-біріне құрметпен қарауды қалыптастыру басты назарда ұсталады. Күнделікті өткізілетін тәрбие жұмыстарының да маңызы зор. Оның аясында әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің баптары түсіндіріледі. Сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында шекара басқармасынан және облыс бойынша шекара қызметі департаментінен арнайы тәрбиеші офицерлер келіп, аптасына және ай сайын жоспарлы түрде тәрбиелік іс-шаралар өткізеді, – дейді Данияр Төлеуқажыұлы.

Мұнда шекара бөлімшесі ашылған жылдан бері еңбек етіп жүрген әскери қызметкер бар. Ол – бөлімше старшинасы, 3-сынып сержанты Ербол Баймұхамбетов. Ол 2012 жылы жас сарбаз ретінде қызметін бастап, бүгінге дейін осы бөлімшеде үздіксіз еңбек етіп келеді.

Ербол жас әскери қызметшілермен жұмыс жүргізіп, оларды тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді.– Бөлімшеде табан аудармай қызмет етіп келе жатқаныма біраз жыл болды. Осы уақыт ішінде талай сарбазбен бірге жұмыс істедік, қолдан келгенше тәрбие бердік. Олардың арасында бүгінде осы салада қызметін жалғастырып жүргендері де, басқа бағытты таңдағандары да бар. Бірақ қай жерде жүрсе де хабарласып, жағдайымызды сұрап, іздеп тұрады. Бұл – біздің еңбектің текке кетпегенінің белгісі, – дейді Ербол Сыдықұлы.

Бөлімшеде Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар кезекшілік атқарып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауда. Жас сарбаздар еліміздің әр өңірінен шақырылған. Олардың қатарында Қызылорда және Түркістан облыстарынан келген әскери қызметшілер де бар. Қызметке келгендеріне шамамен 7 айға жуықтаған жауынгерлер темірдей тәртіпке толықтай бейімделген. Тіпті мұндағы өмірді ұнатып, келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруды жоспарлап жүргендері де кездеседі. Соның бірі – Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Ербол Әміров.

– Әскерге Мақтаарал ауданынан келдім. Өз қалауыммен Отан алдындағы борышымды өтегім келді. Бастапқыда бәрі жаңа, бәрі күрделі көрінгенімен, уақыт өте келе әскери ортаға толық бейімделдім. Қатаң тәртіп, нақты талап пен жауапкершілік мені шыңдай түсті. Әскери қызмет маған көп нәрсені үйретті. Әсіресе уақытты тиімді пайдалану, әр істі жауапкершілікпен орындау, берілген тапсырманы тиянақты атқару сияқты қасиеттерім нығая түсті. Бұрын мән бере бермейтін ұсақ-түйектің де маңызы бар екенін осы жерде терең түсіндім. Мінезім де біршама өзгерді. Бұрынғыдай асығыстық пен жеңіл ойлау азайып, орнына салмақтылық пен байыптылық келді. Әрбір істің, әрбір міндеттеменің артында үлкен жауапкершілік жатқанын сезіндім. Жолдастармен бірлесе қызмет ету де адамды ұйымшылдыққа, бірлікке үйретеді екен, – дейді Е.Әміров.

Әскердегі жігерлі жігіттердің барлығы бір бірімен тез тіл табысып, бір үйдің баласындай араласып кеткен. Ортақ мақсат пен ортақ міндет оларды жақындастырып, нағыз жауынгерлік достықты қалыптастырған. Олардың қатарында Түркістан облысынан шақырылған Ерсұлтан Мәуленұлы да бар. Ол қатарластары арасында ұйымшылдығымен, сабырлылығымен және тапсырманы тиянақты орындауымен ерекшеленеді.– Әскери қызметке Жетісай ауданынан шақырылдым. Әскери өмірге тез бейімделдім, барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Отбасымда үш баламыз, мен үшіншісімін. Екі ағам бар, екеуі де әскерде болған. Алдағы жоспарым – әскерден кейін үйге оралып, әрі қарай білімімді жалғастыру. Жетісай қаласындағы №14 колледжде оқыдым, болашақта жоғары оқу орнына түсіп, IT саласында білім алғым келеді. Сонымен қатар отбасымызда өз шаруашылығымыз бар. Оны да дамытуды ойлап жүрмін, – дейді жас сарбаз.

Осындай іске бейімдігі мен жауапкершілігі жоғары «Жасөркен» шекара бөлімшесінің әскери ұжымы өткен жылы республика бойынша үздік бөлімше атаныпты. Жарқын жетістік сөзіміздің құрғақ мақтау емес екенін айғақтап тұрғандай.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар