Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Сырымды айтам жүректегі жазумен...»

«Сырымды айтам жүректегі жазумен...»
Автор
Бұл өмірде алаулаған сезімді жырға қоспаған ақын жоқ шығар, сірә. Мөлдір махаббат туралы тебіренбеген жазушыны да кездестіру қиын. Осы орайда қазақ әдебиетінің алыбы Ілияс Есенберлин: «Дүниеде махаббат болмаса, табиғаты сараң кісі бұрынғысынан да сараң, ал жаратылысы қатты адам одан да қатулана түсер еді», – деп ой түйген екен. Шығармашылықта да махаббат тақырыбынан сырт айналу әсте мүмкін емес. Мәселе жүрек түкпіріндегі бұлқыныс пен ұмтылысты қалай жеткізе білуде. Тараз қаласында тұратын жас ақын – аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Сымбат Сұлтанның өлеңдерін оқи отырып, нәзік сезім мен терең ойдың үндестігінен туған көркем әлемге енгендей болдық. Ақын тек сезімді суреттеп қана қоймай, жүрек пен сананың арасындағы үнсіз сырды жеткізе біледі.

РЕДАКЦИЯДАН

Не табамын жеңілгеннен?

Қала лебі…
Жарықшамдар жалт еткен, бәрі әдемі.
Жарқырайды бәрі де,
Ал мен болсам,
Жоғалтпасам өзімді жарар еді.

Ұят па еді?
Еркелетсе жарық ай жиі-ақ мені.
Әлі есімде бұрын мен аспандағы,
Жарқыраған шоқ жұлдыз сияқты едім.

Түн шер қылды ,
Мұның бәрін боп қалам білсем мұңды.
Айта алармын сырымды көкке ғана,
Сайтан алғыр…
Сәулемді кім сөндірді?

Егіл кеудем,
Көп ішінен азап жоқ көрінбеуден.
Бақыт жоқ-ау өмірде шегінбеуден.
Қуат барда бойымда көгім берген,
Не табамын жеңілгеннен?

Ұғасың сен бәрін шала

Ұғасың сен бәрін шала,
Бұзылады күй содан.
Жаным қатты ауырса да,
Бәрі жақсы дей салам.

Ал ішімде – бір арпалыс,
Құр сүлдер-ау бұл дене.
Алдамшыға құмартамыз,
Дұрыс емес бірдеңе.
 

Тамшы болып жиі ақтыңыз,
Жанарымнан, сіз, менің.
Ұғыспайтын сияқтымыз,
Көп болса да тізбегім.

Мендік жүрек қолдан да өлер,
Шықпай, шықпай күй, үні.
Жақсы көру қолдан келер,
Түсіне алу – қиыны…

«Ақтарылма» дейді өлеңім,
Нүктесі жоқ үтір бұл.
Келеді ғой кейде менің,
Бәріне де түкіргім…

Күтетінін білмеймін алда ненің

Күтетінін білмеймін алда ненің,
Аралап қайтсам деймін арман елін.
Көп ішінде күн кешу қиынырақ,
Мен Жалғыздықты таңдар едім.

Өзімнің жүрегімде нақ шырағым,
Бір басыма жетеді көп сынағым.
Алысқа кеткендерді сағынам да,
Жанымда жүргендерді жатсынамын.

Дүниені сүрсем де жалғастырып,
Салып кеткен адамдар жанға үскірік.
Осы күні үйрендім туыстықты,
Тыныштыққа қоюды алмастырып.
Жек көремін, сүйемін өзім мұңды,
Бәрінен дей алман «төзім» құнды.
Өсек-аяң өзгеден естігенім,
Ал өзіме өзім құрбы…

Сатқындық көрем кейде сыр ішінен,
Бірі кетер бойыңнан, бірі сіңер.
Тасып төккім келсе де ішімдегін,
Қашып кеткім келеді мың ішінен…

Жанарыңда жатыр мұң

Жанарыңда жатыр мұң,
Сені сезіп қойғанын-ай ақынның.
Мен өзіңнің өміріңнен алыспын,
Әлеміңе жақынмын.
– Енді арғысы не болады, айтшы өзің?
– Келмейді оған мүлде басты қатырғым.

Әлеміңде тылсым бар,
Сезілердей шын үңілсем бір шын дәл.
Сен не мендей құлап па едің мың шыңнан?
Мен де өмірге дәл өзіңдей құлшынғам.
Барлық әлем тынышталсын ендеше,
Мән іздейік екеуара бір сырдан.

Болмысыңа құштармын,
Жүрегіңнің қақпанына ұсталдым.
Қайырмасы секілдісің күшті әннің.
Жүрегімнің сырын айтты тұспал мұң.
Біле білсең, өзімдікін бермейтін,
Нақ өзімін іштардың...

Сенің көзің...

Сенің көзің айтпағымды ұғады,
Тірілтеді жан түгіл, тәнді де.
Менің көзім мөлдірліктен тұрады,
Сенің көзің айта алады әңгіме.

Сен де мені былтырлары жыр еттің,
Бір өлеңмен бар сезімді нұсқап ең.
Сенің көзің түсініксіз, тым өткір.
Ішінде бар көздеріңнің күшті әлем.

Жанарыңда, жарығым-ау, олжа бар,
Айтқызбай-ақ ұқтыратын бар ойды.
Амал нешік, бұдан былай ол жанар,
Маған емес, басқа адамға қарайды.

Әу бастан-ақ білген едім мен мұны,
Көңілімде жатыр енді күй ысып.
Көрген кезде, Құдайым-ау, ендігі,
Қалмаса екен жанарымыз түйісіп…

Ақ көйлек

Тамыз...
Кеш...
Жолығысу – жоқ қой одан маңызды еш.
Біздегі әлем аппақ қардай кіршіксіз,
Мына менің ақ көйлегім тәріздес.

Біздің сезім – үнсіздікке сөз қосу,
Тек екеуміз...
Естілмейді өзге шу.
Мәресіне жетпеді әлі жолығу,
Әлі есімде ең алғашқы кездесу,

Ұмытпадым ең керемет сәтті кей,
Құйылғандай бар бойыма тап дүлей.
Қобалжудың өзі қандай ғажайып,
Сен сыйлаған тәттідей.

Оқып келдік жол бойына біз өлең,
Тоқтау – күнә, бел ортасын үзер ем.
Ақ көйлектің етегі ұзын мендегі,
Тартымдылау...
Төмен түскен тізеден.

Жапырақ ем жерге түскен бұтақтан,
Сағыныш па, мына сені жұтатқан?
«Ақ көйлек» деп оқып тұрдың бір өлең,
Жадыра әпкем тарту еткен кітаптан.

Сен сонда да көтересің бағамды,
Сағынышқа айналдырып санамды.
Ақшақар қыз деп ойлайсың, ақымақ,
Ақ көйлектің ішіндегі адамды.

Кездесуге кел десең...

Жолықпадық...
Екеуміз жолықпадық,
Кезігіп кет менімен, келіп танып.
Мен өзіңмен жолыға алмай жүрмін,
Абайсызда жүрмесем көріп қалып.

Көңіліңді жүр ме әлде жұрт аулатып?
Құша алмасаң, Құдай-ау, құртар бақыт.
Қыз көңілдің батылы бар деймісің,
Сырласайық бірдеме сылтауратып.

Көңілді боп көрінем көрер көзге,
Қолжетімді деймісің келер лезде?
Кездесуге шақыршы бұрынғыдай,
Ұялшақтау болғам ғой мен ол кезде.

Сағынған соң боп кетем кейде мұңды,
Жылап жатсам, деймісің «Қой, не қылды?».
Кездесуге кел десең саған ұнар,
Киіп барам тым нәзік көйлегімді.

Сенсіз жаным жатқандай қирап қалам,
Маңайымды көңілсіз күй қаптаған.
Кездесуге кел десең өзімдегі,
Сезімдердің бәрін жинап барам!

Басқаларын болмайық бақылар түк,
Құшағыңа қоймайын қапы балқып.
Кездесуге кел десең ең ұнайтын,
Иісі әдемі барайын әтір аңқып!

Бақытым деп айтайын бұ шағымды,
Сыртым менен келтіргем іш, әрімді.
Кездесуге кел десең шын көңілмен,
Дайындайын гүл алар құшағымды!

Балқып тұрмын аспанда, қалқып тұрмын,
Бақытымды келмейді тартып құрғым.
Кездесуге гүлсіз кел, мен гүлмін ғой,
Қажеті не, жарығым, артық гүлдің?

Жыр қылуға өзіңді құмар өлең,
Көзіңнен-ақ өзіңді ұға берем.
Кездесуге кел десең осы қазір,
Әдемі боп алдыңнан шыға келем.

Бір бақыт бар...

Бір бақыт бар қайғырудың өзінде,
Бір қайғы бар жай күлудің өзінде.
Қоштасу бар берілсең де сезімге,
Тек өзің бар өзіңде...

Байдың да бір бекер емес жылауы,
Кедейдің де шын бақыт қой сынағы.
Жақындардың ең жақсысы – жырағы,
Ақындарды ақын етер құлауы...

Бір қуаныш қала қоймас мәңгі ұнап,
Бақыт деген – шексіз, шетсіз, жоғары.
Көп күлгендер бір жылайды
Ал бірақ...
Бір қайғының бір қайыры болады...

Аспан жақтан бақыт келмес дөптеп бір,
Ауыр қайғы сөз болып па ендеше?
Алла алдында абыройым жоқ деп біл,
Құдай саған бір күн сынақ бермесе...

Құласаң да, жыласаң да жеңілме,
Қолпаштайтын, Құдай барда хош дейтін.
Қолтаңбаңды қалдырып кет өмірге,
Өмір бойы өшпейтін...

Сенім мен сыр

Мына кеуде ішінде сан алаудың,
Жаныңды ұғып, жүрекке дауалар кім?
Жақыным деп біреуге сырымды айттым,
Сабақ алдым...

Адам іздеп, ақтардым ішімдегін,
Түк пайда жоқ екен ғой.
Түсінгенім...
Дәл өзімдей көріппін өзгелерді,
Удай ашып барады ішім менің.

Енді кімді «сенімнің» мәні етемін?
Сенім артып өмірден тағы өтемін.
Сырымды айттым,
Ұмыттым,
Адамдардың,
Отыз екі тісінің бар екенін...

Жарық түнде отырмын айға налып,
Ол да мені тұрғандай жай ғана ұғып.
Ашық ауыз боп кетті бұл адамдар,
Құдай берген ауызды пайдаланып...

Дәл өзімдей мұңы бар өзге кімнің?
Сайтан алғыр
Бітпейтін сөз бе бұл бір?
Сырт айналдым сендерден, соның бәрі,
Менің кінәм, және де өздеріңнің...

Біз бақытты болайықшы

Сезім жайлы айта алмаймын түк дұрыс,
Түсінуге керек екен тіпті күш.
Өзгелерде шаруамыз не, жарқыным?
Біз бақытты болайықшы тып-тыныш!

Сырымды айтам жүректегі жазумен,
Мен – сабырсыз, сен соншалық төзімді ең.
Ертең, жаным, не боларын білмейміз,
Біз бақытты болайықшы қазірден!

Өтпесінші күндеріміз күңгірт кей,
Қызға беріп жатқан кезде гүл бітпей.
Жарияға жар салайық немесе,
Біз бақытты болайықшы білдіртпей!

Жүректегі сезімдерді пір деп тұт,
Мына өлеңді саған жаздым бір беттік.
Махаббаттың қаласына аттанып,
Біз бақытты болайықшы Жүр, Кеттік...

Бақыт жаққа жайғасайық төр берсе...
Ең бақытты адамдармыз болды енше.
Тірі адамның барлығы да бақытты,
Біз бақытты болайықшы...
Өлгенше...

Антоним

Бұл өмір – өткінші сәт қана,
Жүргендер көп оны жай сүріп.
Жалған бұл – бес күндік ақ-қара,
Қарама-қайшылық...

Тағдыр да терең бір тұңғиық,
Құдай-ау, кетпеңіз батып сіз.
Лауладым дегендер жүр күйіп,
Бақытты дегендер – бақытсыз...

Сужүрек дегендер батыл боп,
Шын жүдеп, жаның да күйрейді.
Жек көрем дегенің жақын боп,
Сүйемін дегендер – сүймейді...

Жұмсақты жіберер жеп қылып,
Аяқтан шалады ақырын,
Мақтайды дегенің – жер қылып.
Жат болып шығады жақының,

Қуанған адамдар қайғы алып,
Қайғырған құштар боп жүр әлі.
Дұшпаның досыңа айналып,
Достарың дұшпан боп шығады...

Құнсыздар жүр, әне, қайғырмай,
Сыр ашпас адамдар төгіліп.
Келемін дегендер қайырылмай,
Жеңемін дегендер – жеңіліп...

Келмейтін адамды сағынып,
Көрместей жандармен көрісіп.
Жетерге жол таппай, жабығып,
Бөтенге сырыңды бөлісіп...

Бос сөзбен жүректі жылытып,
Біз жүрміз жатпенен тілдесіп.
Құдайды ұмытып,
Өлместей күн кешіп...

Сезім дейтін бір сиқыр

Сезім дейтін бір сиқыр шіркін үдеп,
Бара-бара барынша бұлқынып ед(і).
Жаңа ғана жанымды жаралады,
Кеудемдегі кішкентай бір тілім ет.

Амал бар ма, алмадым ашық ұғып,
Жанардың да қалғандай жасы құрып.
Неғылғаны?
Қашқақтап жүр бүгінде,
Өз жүрегім өзімнен жасырынып.

Қуыс кеуде болып-ақ қалды-ау ішім,
Кімге жетер ендігі бар дауысым?
Тілегімді Тәңірге айтам енді,
Жүрегімді жоғалтып алмау үшін.

Жазарым да кетпесін тайқып бүгін,
Төгілейін
Табайын айтып тыным...
Бәрін қойшы, қарғам-ау, бұл жалғанда,
Жұмыр етсіз кешемін қайтіп ғұмыр?

Қорықпаймын,
Құдай-ау, қайғы алудан,
Өз кеудесін мен емес пайда қылған.
Жүзім жылы болса да қорқам қатты,
Жүрегі жоқ адамға айналудан...

Құдай салған жүрсем де жолмен бүгін,
Сарсаң қылды, сабылтып сол мендігім.
Өзімді-өзім жоғалту ештеңе емес,
Жүрегімді жоғалтсам – өлгендігім...

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар