Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тарихи ескерткіштер – мәдениетіміздің мәйегі

Тарихи ескерткіштер – мәдениетіміздің мәйегі
ашық дереккөз
Тарихи ескерткіштер – мәдениетіміздің мәйегі
Орыс әскерлерінің оңтүстік-батысқа жылжуы барысында Шу мен Талас алқаптарын жаулап алып, Ресей империясына қосу аймақта зерттеушілердің келуіне себеп болды. Олардың арасында тарих пен археологияға қызығушылар да аз емес еді. Археологиялық ескерткіштер мен көне архитектуралық құрылыстарға арналған жұмыстар пайда бола бастады. 1864 жылы суретші М.С.Знаменский Ақыртас қиран­ды­ла­ры­ның, оның қамал құры­лыс­та­ры­ның бірнеше суреттерін салды. Ірі тас блоктардан тұрғызылған бұл ескерткіш өзінің құпиялығымен, жоспарының ерекшелігімен өзіне бірден көңіл аударды. Шығыстанушы П.И.Лерх Ақыртаста 1867 жылы болып, оны буддалық монастырь деп анықтады. Бірнеше жылдан соң геолог Д.Л.Иванов оған сипаттама беріп, ең қызықты өрнекті блоктардың суреттерін салды. 1889 жылы Күйік асуының маңындағы Үңгірлісай деген жерде мола қазылып, онда жібек матаға оралған мүрде мен бес қола айна табылды. Басқа моладан күміс ыдыс пен екі тиын шықты. Бұл олжалар туралы «Императорлық археологиялық комиссияның есебінде» хабарланды. 1890 жылы шығыстанушы Е.Ф.Каль Әулиеата уезінің ескерткіштерін зерттеді. Обалар мен қарауылтөбелер туралы мәліметтер жинады. Жетітөбе қорымының үлкен обаларының бірінде қазба жүргізді. 1893-1894 жылдары Шымкент-Әулиеата-Мерке-Піспек-Ыстықкөл-Верный бағыты бойынша ғылыми сапарда болған В.В.Бартольд оңтүстік Қазақстан және Жетісудың тарихы мен археологиясын зерттеуде маңызды рөл атқарды. 1894 жылы жарияланған есепте ол ортағасырлық жазба деректердің жиынтығын берді. Тарихи очерк жазды және археология мен архитектураның ең қызықты ескерткіштерін, оның ішінде Талас және Шу алқаптарындағысын, Тараздың көне қалажұрттарын, Ақыртас кешенін, Түймекент пен Құлан қалажұрттарын сипаттады. Ғалымның ықпалымен 1895 жылы Ташкентте құрылған әуесқой археологтардың Түркістан үйірмесінің жұмысы да жүріп жатты. Бұл үйірме мүшелері өлке әкімдігінің өкілдері, оқу орындарының директорлары мен оқытушылары, шенеуніктер, әскерилер еді. Олардың қатарында Талас және Шу алқаптарының ескерткіштерін ашқан және зерттеген В.А.Каллаур, В.П.Лаврентьев, Н.П.Остроумов, А.А.Диваевтар болды. Көнені зерттеуге әсіресе В.А.Каллаур көп еңбек сіңіріп, бай ғылыми мұра қалдырды. Оның көптеген мақалалары ортағасырлық қалалардың орнын анықтауға, қалажұрттардың, қорымдардың, тас мүсіндердің сипатына арналған. Көне түркілік руникалық жазуларды ашу мәртебесі де оған бұйырды. Ол архитектуралық ескерткіштерге де көп көңіл бөлді, П.И.Лерх пен В.В.Бартольд келтірген Ақыртас сипаттамасын толықтырды, Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелерін, Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар мен мекендерді, Тектұрмас тауындағы және Таластың төменгі ағысындағы архитектуралық құрылыстарды, тас мүсіндер мен көне түркілік руникалық жазбаларды сипаттады. В.П.Лаврентьев Әулиеата айна­ла­сындағы «төбелер» – қалажұрт­тар­дың реестрін жасады. Көнені зерттеуші А.И.Добросмыслов ХХ ғасыр басындағы Әулиеата құрылымын сипаттап қалдырды. Зерттеушілер мен өлкетанушылар көлемді фактілік материал жинақтады, олар жасаған ескерткіштердің сипаттамалары осы күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Өйткені олардың көбісі уақыт өте келе бұзылды немесе өзгерді. Сондықтан, сақталған мәліметтер олар туралы жалғыз дерек болып қалды. Жалпы бұл жұмыстар материал жинау, облыстың археология және архитектура ескерткіштерін тіркеу мен сипаттау жұмыстарына жол ашты. 1917 жылғы төңкеріс пен азамат соғысынан кейін, Кеңес мемлекетінің бастапқы кезеңінде Шу-Талас аймағының археологиялық ескерткіштерін зерттеу жұмыстары қайта жанданды. 1925, 1927 және 1930 жылдары М.Е.Массон Тараз қалажұрты мен Талас алқабының ескерткіштерін зерттеді. 1936 жылы ол Талас өзенінің жоғарғы ағысында кездейсоқ табылған руникалық жазуы бар таяқты ғылыми айналымға енгізеді. Алғашқы ғылыми қазба жұмыстарды 1927 жылы Көненің ескерткіштері мен өнер ескерткіштерін қорғау жөніндегі Орта Азиялық комитеттің экспедициясы (М.Е.Массон) жүргізді. Экспедиция Әулиеата маңының топографиясын зерттеді. Шахристан мен қорымда қазба жүргізді. Қазба барысында ортағасырлық керамика мен терракоталық әрлеуіш материалдардың тамаша үлгілері табылып, Әулиеатаның астында ортағасырлық қаланың қалың мәдени қабаттары бар екені анықталды. Қалажұрт фортификацияның қалдықтарын сақтап қалған үш қатар жалмен қоршалған, Талас өзенінің өткелінде орналасқан және Талас алқабының осыған ұқсас ескерткіштерінің ішіндегі ең ірісі болды. Археологиялық материалдар, оларды сараптау М.Е.Массонға Тараздың ортағасырлардағы Орта Азияның, Еуразияның ірі қалаларының бірінің қалдықтары екенін дәлелдеуге мүмкіндік берді. 1925 жылы Айша бибі кесенесін архитектор Б.П.Денике зерттеді. Кейіннен ол архитектуралық өрнекті сараптамасын және бағалау жөніндегі еңбегін жариялады. 1937 жылы кесенені Шығыс мәдениеті музейінің экспедициясы (Б.М.Никифоров, Н.В.Черкасов) зерттеді. 1931 жылы Шу алқабында археологтар М.П.Грязнов, С.И.Тереножкиндер жұмыс істеді. 1936 жылы Талас және Шу алқаптарында Жетісу археологиялық экспедициясының (ЖАЭ) жұмыстары басталды. Экспедицияны КСРО Ғылым академиясының мәдениет тарихы институты, Мемлекеттік Эрмитаж, КСРО-ның Ғылым академиясының қазақ және қырғыз филиалдары, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы қорықтар мен ескерткіштерді қорғау басқармасы ұйымдастырды. Жұмыстар 1935-1938 жылдары жүргізілді. Жұмыстың нәтижесінде кең хронологиялық диапазондағы б.д.д. V ғасырдан б.д. ХІХ ғасырға дейінгі алуан археологиялық ескерткіштер ашылып, мерзімделді. Тараз қалажұртында 6 қазба, соның ішінде стратиграфиялық қазба да жасалды. Қалажұрттың топографиясы зерттелді. Қалажұрттағы қазба жұмыстары нәтижесінде ХІ ғасырдағы бірегей монша табылды, көне су құбыры анықталды, керамика, шыны, металл, тиын коллекциялары жинақталды. Алғаш рет Тараз қаласының тарихын археологиялық материалдарды пайдалана отырып қалпына келтіру әрекеттері жасалды. 1938 жылы археология және архитектура ескерткіштерін зерттеу және сақтау үшін Жамбыл археологиялық пункті ұйымдастырылды. Оны кәсіпқой археолог Г.И.Пацевич басқарды. 1935-1938 жылдары А.Н.Бернштамның жетекшілігімен ұйымдастырылған КСРО Ғылым Академиясының Қазақстан филиалымен жүргізілген жұмыстар барысында Тараз бен оның төңірегіндегі қалаларға қатысты тың материалдар жинақталды. Тараз қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу арқылы қаланың құрылысын анықтауға күш салды. А.Н. Бернштам Луговой елді мекенінің жанынан үйсін қонысының орны мен Беріққара және Кеңкөл обаларына қазба жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ол өңірдегі көптеген қалалар мен оба қоныстарды жаңадан ашып жарыққа шығарушы ғалым болды. 1940 жылы сол кезде құрылған тарихи-өлкетану музейіне археологиялық материалдар жинау үшін Жамбыл археологиялық пункті қазба жұмыстарын бастады. Қазбалар Тараздың Әулиеата орнындағы қалажұртқа толық сәйкес екендігін дәлелдеді. Ортағасырлық қала тұрғындарының дүниетанымы жөнінде қызықты материал тараздық қорымдардың қазбасы мен жерлеу кешендерінен кездейсоқ олжалар берді. Соғыстан кейінгі жылдары Г.И.Пацевич бастаған Жамбыл археологиялық пункті мен белгілі өнертанушы және сәулет тарихшысы Л.И.Ремпель жұмыс істеген Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі зерттеулерін жалғастырды. 1946-1951 жылдары Тараз қаласының қорымы мен Тектұрмас тауындағы қорым зерттелді, қалажұрттың өзіне қазба жүргізілді, Ақыртас кешені, Талас өзенінің жазық бөлігі мен төменгі ағысындағы қалажұрттар зерттелді. Г.И.Пацевич, Л.И.Ремпель экспедициялары көне қалажұрттардың орналасуы, ескерткіштер картографиясы жөнінде кең және қызықты материал жинақтады, оларды жариялады. Соғыстан кейін 1960 жылға дейін республиканың оңтүстік өңірінің архитектуралық даму тарихын зерттеу жұмыстарын Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанынан құрылған Архитектура істері бойынша басқармасы ұйымдастырған экспедиция жүргізді. Экспедицияны архитекторлар Т.К.Басенов, М.М.Меңдіқұлов басқарды. 1956 жылы Жамбыл облысының ескерткіштерін зерттеу және Қазақстанның археологиялық картасын дайындау үшін А.Г.Максимова басқарған Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының Жамбыл археологиялық экспедициясы құрылды. Экспедицияның жұмысы барысында облыстың белгілі ескерткіштері зерттелді, жаңалары ашылды және олар туралы мәліметтер дайындалды. 1958 жылы экспедицияның М.К.Қадырбаев бастаған отряды Талас ауданында Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу үшін өте сирек, негізгі таралу аймағы Орталық Қазақстан саналатын Тасмола мәдениетінің тайпалары қалдырған «Жоталы обаны» (мұртты оба) қазды. Оны қазу барысында обалар архитектурасын сипаттайтын бірегей материал алынды. Қару-жарақ заттары, керамика және «полихромдық стильге» жататын зергерлік бұйымдар табылды. 60-70-жылдары облыста Х.А.Алпысбаев бастаған археологиялық экспедиция жұмыс істеп, Қаратауда палеолит кезеңінің бірегей орындарын ашты. Төменгі палеолит кезеңінің тас құралдарының табылуы әлемдік маңызға ие. Палеолит ескерткіштерін зерттеуді Ж.К.Таймағанбетов жалғастырды. 1961 жылдан бастап, 1968 жылға дейін облыс территориясында Жетісу археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедиция құрамында Е.И.Агеева, Т.Н.Сенигова, А.Г.Максимова, М.С.Мерщиев бастаған бірнеше отрядтар болды. Тараз қалажұртының стратиграфиясы зерттелді, қаланың пайда болу және қалыптасу мерзімі, оның даму кезеңдері анықталды. Ерте темір ғасырының кезеңі зерттелді, атап айтқанда, Шөлтөбе мен Қызыл-қайнар мекенжұрттарына қазба жүргізілді. А.Г.Максимова бастаған отряд Қызыл-қайнар, Шошқала сияқты үйсін қорымдарын зерттеді, Луговое (К.М.Байпақов) және Аспара (Л.Б.Ерзакович) қалажұрттары зерттелді. 1974 жылдан қазірге дейін аздаған үзілістермен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің У.Х.Шәлекенов бастаған археологиялық экспедициясы Ақтөбе Степнинское қалажұртын зерттеп келеді. Ақтөбе қалажұртынан басқа экспедиция отрядтары ерте көшпелілер ескерткіштерін (A.M.Оразбаев) және Шу алқабының қалажұрттарын (М.Е.Елеуов, Н.О.Алдабергенов) зерттеді. 1983-1984 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының Л.Б.Ерзакович бастаған Тараз археологиялық экспедициясы құрылды. Екі жыл ішінде Жамбыл қаласының маңындағы және Талас өзенінің орта ағысындағы мекен және қалажұрттары зерттелді, қаңлы кезеңінің Шөлдала мекенжұрты, Жамбыл қаласының Сүлейменов көшесіндегі Төрткүл қазылды, Талас өзені алқабындағы көне ирригацияны зерттеу басталды. 1985 жылдан 1989 жылға дейін облыста Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының К.М.Байпақов бастаған Ескерткіштер жинағының археологиялық экспедициясы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің «Қазжобареставрация» институтының экспедициясы (А.О.Итенов, А.Н.Проскурин, Т.Д.Жанысбеков) жұмыс істеді. Экспедициялар жұмысы археология және архитектура ескерткіштерін анықтау және паспорттауға, тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы үшін материал жинауға және Жетітөбе қорымы, Өрнек, Луговое, Қостобе қалажұрттары сияқты эталонды ескерткіштерге қазба жүргізуге бағытталды. Қырғыз Алатауы мен Қаратауда петроглифтер зерттеле бастады. Меркі өзенінің жоғарғы ағысында шоғырланған түрік мүсіндері зерттелді (Э.А.Новгородова). Архитектура мен монументалды өнердің ескерткіштерін паспорттау мен зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1990 жылы облыста Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы, ал Археология институты құрылғаннан кейін К.М.Байпақов бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс жүргізе бастайды. Экспедициялық жұмыстар жаңа ескерткіштерді анықтау және зерттеуге, сонымен қатар Луговое, Қостөбе, Өрнек, Төменгі Барысхан қалажұрттарында, Ақыртас кешенінде қазба жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Археология және архитектура ескерткішін зерттеудегі жаңа кезең ел Президенті қолға алған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004 жылы басталды. Мәдени мұраның сан алуандығы мен байлығы өркениетті қоғамның негізгі белгісі, ұлттық және мемлекеттік сана-сезімнің интеграциялық компоненті саналады. Мәдени мұраның заттық бөлігі халықтың материалданған жадын көрсетеді. Мұның маңызды бөлігін археологиялық мұра құрайды. Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері. Ескерткіштер әрбір халықтың тарихы мен өткенінен сыр шертер ұлттық байлығы ғана емес, сол халықтың өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызды құрал да. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ. Салтанат ДІЛДӘБЕКОВА, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім меңгерушісі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар