Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отанды сүю —иманнан

Отанды сүю —иманнан
ашық дереккөз
Отанды сүю —иманнан
Ел арасында патриоттылық деген сөздің мәнін, әсіресе ұлтшыл, отаншыл деген ұғымды басқаша түсінетін адамдар баршылық. Өйткені қазір патриотизмнің өзі бірнеше түрге бөлініп жүр. Жалпықазақстандық, қазақи патриотизм деген ұғым шықты. Бұрын, яғни кеңестік тоталитарлық кезеңде қалыптасқан қасаң стереотип бойынша ұлтшылдық жағымсыз ұғымға айналды. Ұлтжандылық әрбір ұлт үшін қажет. Өйткені ұлтшыл болу арқылы ғана адам өз халқының туған тілін, салт-дәстүрін, ерекшеліктері мен ұлттық мемлекеттілігін сақтап қалуға, дамытуға үлес қоса алады. Ал шын мәнінде «ұлтшылдық, патриотизм» деген не? Қандай адамды біз «патриот» деп айта аламыз? Осы жайында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаевадан пікір білдіруді сұраған едік. Ол нағыз патриот деп өз елінің тәуелсіздігін қадір тұтатын, Отанына адал, қызметіне берік, басқа ұлттар мен ұлыстарға кеңпейілділікпен қарайтын, ел мүддесіне қызмет ететін адамды санайтынын сөз етті. – Орыс ұлтшылы, жазушы Валентин Распутин: «Менің анам бар. Мен оны жанымдай жақсы көремін. Мен үшін одан асқан сұлу, одан асқан мейірбан, одан асқан ақылды адам жоқ. Менің анамды жақсы көруім басқа аналарды жек көреді деуді білдірмейді. Мен барлық аналарды құрметтеймін, сыйлаймын, бірақ өзімнің анам үшін қолымнан келген жақсылықтың бәрін жасаймын. Міне, осыны ұлтшылдық дейді», деген екен. Қарап отырсаңыз, ұлтшылдықтың түрі көп. Ұлтшылдықты саяси көзқарасқа айналдырмау керек. Патриот дегенді елін, жерін сүйетін адам деп ұғып жүрміз. Шын мәнінде, нағыз патриот дегеніміз – өз сөзін ісімен дәлелдейтіндер. Өз еліне пайда тигізіп жатқандар. Мұғалімдер елдің баласын оқытып, халыққа пайда келтіріп отыр. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалып жатыр. Журналистер арасында да нағыз патриоттар бар. Олар халықтың қамын жеп, мұңын мұңдап жүр. Шындықты шырылдап айтатын журналист көп қой бізде. Баспанаға мұқтаж адамдарға үй әперіп, көпке пайдасын тигізіп жүрген блогерлер де бар. Оларды да мен патриот деп айта аламын. Менің ойымша, ұлтшылдық – адамның бойында болатын туабітті қасиет. Ол әр адамның жүрегінде, қанында, ми қыртысында бұғып жатады. Алайда ұлтшылдық ұраны ұлттың басына ауыр жағдай түскенде ғана көтеріледі, сол арқылы халықтың басы бірігіп, өздерін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болады. Ұлтшылдық мәселесінде ерекше мән беретін маңызды ерекшелік – тек бір ұлтты мақтап, екінші бір ұлтты тұқырту емес, ұлтшылдықта сынға да орын бар. Өз ұлтының бойындағы кемшіліктерді сынап көрсетіп, олардан арылудың жолдарын іздеп, қайғырып-қамықпаған ұлтшыл, ойшыл тұлға кез келген халықта бар. Мәселен, ұлы Абай өз қарасөздерінде қазақтың бойындағы кемшіліктерді атап көрсетуге баса тоқталған. Алаштың ұлтжанды қайраткерлері де кезінде «Айқап», «Маса», «Қазақ» басылымдары арқылы өз ұлтының кем-кетігін сөз етіп, жас ұрпақты білім-ғылым игеруге, ана тілін сүюге, мәдениетті болуға шақырып, осындай ұлы мақсаттағы жолда аянбай тер төкті. Бұл тұрғыдан алғанда, ұлтшылдық – ұлтты өзін-өзі сақтауға ұмтылдыратын инстинкт іспетті аса қажетті қасиет. Сонымен патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, өз еліне, жеріне деген сыйластық, өз халқы үшін қолда барын, өмірін аямайтын адам, – дейді Мүбарак Қасымқызы. Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Малдарбековтің де бұл тұрғыда айтар ойы салмақты. Ол патриотизм адам бойында бала кезінде берілген тәрбиемен қалыптасатынын айтады. – Қазақтың маңдайына біткен талантты ақынының бірі – Мұқағали Мақатаев: «Оңай сөз ғой ол «Отанды сүйем» деген, Не тындырдың «басымды иемменен». Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой, «Отан үшін өлемін, күйем» деген. Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген, Іс тынбайды жанамын, күйемінмен. Өгей әке емес қой Отан деген, Отанды мен Атамдай иемденем!», деп жырлаған. Мұқағали Мақатаев өз Отанын «Атамдай иемденем» дейді. «Отанды атасындай иемденудің» жауапкершілігін ақын осы өлең жолдары арқылы сезіндіреді. Бабаларымыз қасық қаны қалғанша қорғаған атамекеннің құнын алтын таразымен өлшейді. Міне, патриоттық сезімнің буырқанған асау толқыны асқақ күйінде-ақ қағазға өлең болып төгілді. Бір алапат күш тұла бойыңды шымырлатып, арқаңды қоздырады. Отанды қалай сүюдің қарапайым ережелерін есіңе салады. Отаншылдықтың екінші аты – патриотизм. Бұл ұлттық сананың салтанат құруына әкелетін тәрбие жемісі. Бала күннен батырлар жырын оқып, ертегілер тыңдап, ерлік туралы өлеңдер жаттап өспеген бала патриот бола алмайды. Бұл ретте ана тіліміз жайлы айта кету керек. Ұлтымыздың тілі – еліміз бен жерімізді қорғап, қазақ мүддесі үшін күресіп, ел болашағын қамтамасыз ететін отансүйгіштіктің, ұлттық патриотизмнің қайнар көзі. Ұлттық идеологиясыз қазақ тілі дами алмайды, патриоттар бой көрсете алмайды. Идеологиялық тәрбиемен көсегеміз көгеріп, шынайы патриотизм қалыптасады. Әлемдік үлкен додаларда патриотизмнің үлгі-өнегесін спортшыларымыз көрсетуі тиіс. Олар сол сенімнен шығып жүр ме? Мәселен, хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының кейбір ойыншылары Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалғанда бірен-сараны болмаса, қалғаны ең болмаса ауыздарын жыбырлатуды да білмейді. Өз елінің патриоты екенін сезінбеген спортшыдан қандай нәтиже күтуге болады?! Қазіргі жұрт аузында айтылып жүрген «Қазақстандық патриотизм» деген ұғым әлі жетілмеген, өз деңгейіне көтерілмеген патриотизм ұғымы сияқты. Бізге елі мен жерін, туған тілін, дәстүрін қорғайтын Қазақстанның көркейіп-гүлденуі үшін жан-тәнімен еңбек ететін адамдар тәрбиелейтін патриотизм қажет. Ондай патриотизмнің орнығатынына сенімім мол, – дейді М.Малдарбеков. Біз пікір иелерімен сөйлесу барысында патриотизмнің Отанға, елге, жерге адал қызмет ету, оны жан-тәнімен сүю екенін ұғындық. Ұлтшылдық – өз ұлтыңа деген сүйіспеншілік, ұлттық болмысыңа, ерекшелігіңе мақтанышпен қарау, салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыпты орнымен ұстанып, ана тілінде жетік сөйлей білу. Егер кез келген халық өзінің ұлттық болмысынан ажырайтын болса, онда ол халықтың болашағы күмәнді болатыны даусыз. Эльмира БАЙНАЗАРОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар