Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өскелең ұрпақты патриоттыққа баулу – оңды іс

Өскелең ұрпақты патриоттыққа баулу – оңды іс
ашық дереккөз
Өскелең ұрпақты патриоттыққа баулу – оңды іс
Бүгінгі таңда мектеп пен колледждерде жалындаған жас ұрпақты елжандылыққа, ұлттық рухта тәрбиелеу және білім нәрімен сусындату басты орынға қойылған. «Отанды сүю – иманнан» деген нақыл бар қазақта. Жүрегінде иманы бар, ары таза адам елі мен жері үшін аянбай, адал қызмет етеді. Міне, біз жастарымызды осылай тәрбиелеуіміз керек. Жақында Жамбыл жоғары медициналық колледжінде өткен бір жиында жас жеткіншектердің бойында елдік, патриоттық сезім қалыптастыруға септігі тиетін, елдің болашағына қатысты өте жақсы әңгіме қозғалды. Мұндай тәрбиелік мәні бар басқосудың студенттер үшін берері мол. Қазіргі жастардың талабы таудай. Шынында да олар бойында қуат, күш-жігер барда тау қопарып, көп тірлік тындырып тастағысы келіп тұрады. Ата-ана мен мұғалімнің басты міндеті – балаларға дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие бере білу. Яғни баланың қабілетіне қарай мамандық таңдауға жағдай жасауы керек. Әйтпесе көптеген жас әр істің басын бір шалып, ары-бері шапқылап жүргенде, біріншіден, алтын уақыттарын өткізіп алады, екіншіден, қолынан келмейтін іске килігіп, жігері жасиды. Жас ұрпаққа терең білімді болуды, еңбек ете білуді айта отырып, «өз еліңді сүй, өзге халықты кемсітпе» деген мәселеге тоқталу керек. Осы арқылы көп нәрсенің байыбына баруға болады. Өз еліңді сүю деген құрғақ сезім ғана емес, сол жолда өнімді еңбек ету, қоғамға пайдалы іс тындыру. Біздің оқу орнында өткен жиында алға қойған барлық міндеттерді орындау үшін білім мен ғылымды дамыту, білікті кадрлар даярлау қажеттігі қаперге алынған. Жалпы жастар, ең алдымен, денсаулығына баса көңіл бөлуі қажет. Мықты денсаулығы бар адам ғана үлкен мақсаттарға жете алады. Ал мықты денсаулықтың кепілі – спорт. Спортпен айналысу керек. Күнде таңертең белгілі бір жаттығуларды жасап үйрену қажет. Өйткені спортпен шұғылданған адамның денсаулығы жақсы, санасы сергек болады. Санасы сергек адамды маңайында, елінде болып жатқан игі істер қанаттандыра алады. Адам өзін бірқалыпты ұстап жүру де үлкен өнер. Сондықтан білімге, табысқа ұмтылатын адам осыны ұмытпағаны абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең әуелі, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Отанға деген сүйіспеншілік – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес, отаншылдық – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе. Өйткені өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді», деген еді. Президенттің жас ұрпақты мемлекетін сүюге, құрметтеуге, қажет жағдайда қорғауға үндеген осындай салмақты ойлары бәрімізді жігерлендірері хақ. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы өткен жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сес­сия­сында патриотизмді ұлтаралық артық­шылық сезіммен шатастыруға болмайтынын меңзеген еді. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашы­лық­тарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді», деді. Шынында да патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік. Респуб­ликадағы ұлттар мен ұлыстардың ешқайсысын алаламай, бәрінің де толыққанды дамуына нақты жағдайлар туғызып, көпэтносты елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету қазақстандық патриотизмнің туындауына негіз бола алады. Ұлтына қарамастан Қазақстанда тұратын әрбір азамат Қазақстанды туған Отаным деп түсінуі қажет. Сонда ғана адамның жүрегінде қазақстандық патриотизм сезімінің, өз Отанына деген перзенттік мақтаныш сезімнің өркен жайып тамырлануына негіз қаланады. Яғни, этносаралық интеграцияның базасы емес, адамдардың өзін-өзі азаматтық билеуі, Қазақстан халқының бір бөлшегі ретінде сезімі дамып қалыптасады. Қазіргі жастарға патриотизм тән бе? Әрине, қазіргі жастарға патриотизм тән. Себебі көріп отырғанымыздай «Дипломмен – ауылға!», «Жас Отан – жастар қанаты», «Студенттік құрылыс жасағы» секілді елімізде жүзеге асып жатқан бағдарламаларға қатысу арқылы елге пайдасын тигізіп жатқан жастардың үлесі көп. Олардың елін, жерін сүйген патриоттық сезімін осыдан аңғаруға болады. Кейде қоғамда жастардың ана тілінен, ұлттық болмысынан, төлтума мәдениеті мен салт-дәстүрден алшақтап бара жатқаны туралы кереғар пікір айтылып қалатыны рас. Мұндай сыни пікірлердің дені студенттерге бағытталатыны белгілі. Әйтсе де бес саусақтың бірдей еместігін ескерген жөн. Олардың барлығын бірдей «батыстанып кетті» деу артық. Негізі мұндай кертертпа пікірлерді алға тарта берсек, сол арқылы жастардың рухын төмендетіп, болашақта толыққанды патриот азамат болып қалыптасуына кедергі жасайтынымыз анық. Ақиқатын айтқанда, жастардың туған жерге деген ықыласы мен патриоттық сезімін бағалай білуіміз керек. Сонымен қорыта айтарымыз, қа­зіргі жастардың патриотизмі – бүкіл қа­зақстандықтарға тән. Себебі ортақ Отан, ортақ тарих, ортақ салт-дәстүр, ортақ қазақтың тілі бар бізде. Сондықтан басқа ұлт өкілдері мүмкіндігінше қазақтың тілін білуі тиіс. Отан отбасынан басталады десек, туған облысымыздың, қаламыздың көрнекі жерін, тарихын, атаулы оқиғаларын, айтулы адамдардың өмір жолдарын жастарға дәріптеудің мәні зор. Азаматтардың биік отаншылдық сезімі бүгінге ғана емес, ертеңге керек, болашаққа да қажет. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, ұлтжандылық, отансүйгіштік, патриотизм ұғымдары. Мұндай сезім әр заманның ақиқаты мен наным-сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы – қазақстандық патриотизм болды. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазақстандық патриотизм – Отан-Анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік. Бойдағы білім мен білікті, ақыл-парастатты ел игілігіне жұмсау, ата-мекен мүддесіне арнау. Өз елінің өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм құрамына кірсе керек. Патриотизм туралы Президент Қасым­Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген еді. Бүгінде ел халқының 19,8 пайызы – жастар. Өткен жылдармен салыстырғанда, яғни соңғы 12 жылдағы халықтың табиғи қозғалыс көрсеткіштері жастар саны­ның азаю тенденциясын көрсетіп отыр екен. 2009 жылы халықтың жалпы құрылымындағы жастар үлесі 28,2 пайыз болып, ең жоғарғы көрсеткіш тіркеліпті. Ал бүгін біз санға емес, сапаға назар аударып, жастарымыздың патриоттық рухын сөз етеміз. Жалпы патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды. Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық. Бала болашағына, еліне сеніп өсуі маңызды. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргеніне қарау жеткілікті. Бала 10 тіл білсе де бір ғана ана тілін жетік білудің орнын толтыра алмайды. Патриоттықтың іргетасы тілмен қалыптасады. Тіл арқылы діл, дәстүр, мәдениетке деген сүйіспеншілік оянып, оның негізінде патриоттық сезім оянады. Сонымен қатар жастардың патриоттық сезімі елдің ұлттық идеологиясына тікелей байланысты. Бұл еліміздегі танымал психолог мамандардың айтып жүрген уәжі. Патриотизмді қалыптастыру – бұл адамның күш-жігерінен, отбасы, оқу орнынан бастап, саяси билік органдарына дейінгі әртүрлі әлеуметтік институттардың қажырлы жұмысын талап ететін күрделі процесс. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны – туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Сондықтан патриоттық сезімді қалыптастыру үшін, ең алдымен, ана тіліміздің қолдану аясымен қатар мектеп кезінен балаларды ішкі туризммен де таныстыру керек. Егер оқушылар сабақ барысында оқыған тарихи жерлерін көздерімен көрсе, басқа да өзі сияқты оқушылармен танысса, өзара пікір алмасу арқылы еліміз туралы көбірек білер еді. Бұл білімге баулиды әрі елге деген сүйіспеншілікті оятады. Одан қала берді туризм де дамиды. ХХІ ғасыр жастары тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне адал қызмет етіп, ата-баба, батырларымыздан өнегелі өмірлерінен үлгі ала отырып, еліміз бен кең байтақ жерімізді жаудан қорғап, бізге бақытты өмір сыйлаған ұлы ерліктерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Көріп отырғанымыздай, қазақ жастары, ең бастысы Отанды сүю білім, ғылыммен сусындап, қажырлы еңбек арқылы іспен дәлелдеу керектігін түсінеді. Ел мүддесі үшін еңбек ертеңнен емес, бүгіннен басталатынын саналарына сіңірген жастар өз буындарының Отанын сүйетініне, оның дамуы үшін теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесін қосатынына кәміл сенеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сеніп қана қоймай, үміт те артады. Мемлекет басшысының жастарға қарата: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз», деген сөзі бар. Қазақ жастары бойындағы отансүйгіштік қасиетпен сенімге селкеу түсірмей, үмітті ақтар деген ойдамыз. Ербол ТӘЖИЕВ, Жамбыл жоғары медициналық колледжі қазақ тілінің аға оқытушысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар