
Ананы қолдау ортақ парыз
Бала – еліміздің болашағы, ұрпақ жалғасы дейтін болсақ, отбасында сол баланың елге пайдасы тиер есті азамат болып өсуіне бірден-бір жауапты тұлға – ата-ана. Балаға тәлім-тәрбие беруде отбасындағы ананың рөлі айрықша. Себебі әйелдер уақытының басым бөлігін отбасына, ұрпақ тәрбиесіне арнайтыны белгілі.
Әлеуметтік дағды дамытылады
Ұлтымызда ер адам түздің тірлігін істеп, отбасы-ошақ қасындағы іске әйелдің жауапты болуы ежелден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың қанында бар осы менталитетті қазіргі заманда да қатар ұстап, отбасын да бақытты етумен қатар қоғамның, мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген әйелдер қауымы арамызда аз емес. Олардың ұлт болашағы және мемлекетіміздің нығаюы жолындағы арқалаған жауапкершілік жүгі ауқымды. Сондықтан да олардың ісі көпке үлгі. Әйтсе де қазіргі уақытта ата-анасының аялы алақанын, отбасы қамқорлығын көріп өсіп, өзінің қарым-қабілеті, білім-білігіне сай қоғамға пайдасын тигізе алатын дәрежеге ие нәзікжандылардың кейбірі отбасын құрып, жар сүйіп, ұрпақ тәрбиелеу барысында бақытсыздыққа душар болып жататыны жасырын емес. Әйелдердің кейбірі етегінен ұстаған ерінің немесе енесінің тарапынан отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, тағы бірі жесір қалып, қаршадай балаларды жеткізе алмай тағдыры тығырыққа тірелген жайттар да кездеседі. Кейбір келіншектердің күйеуі ішкілікке салынып немесе құмар ойынға берілуі салдарынан отбасының ойраны шықса, енді бір әйелдің сүйіп қосылған некелі жарымен көңілі жараспай, айырылысуы да өмір шындығы. Әйтеуір бір келеңсіз жағдайға тап болып, абдырап қалған немесе қу дүниенің жетіспеушілігінен қабағын кірбің шалған аналар маңайымызда жетеді. Осы тектес тағдыр тауқыметін тартып жатқан аналардың мәселесі қоғамды алаңдатпай қоймайды. Ал мұндай жағдайда ұлт ұрпағына ұлық қасиетті сіңіруші әйелдерге қолдау көрсету – біз үшін ортақ парыз. Қандай да бір қиын жағдайға тап болған аналарға «Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығы» немесе «Аналар үйі» қамқорлық көрсетумен айналысатыны баршаға мәлім. Бұл мекемелердің ана мен балаға қызмет көрсетудегі басты мақсаты – ана мен баланың құқығын қорғау, оларға мекеменің психолог, заңгер сынды қызметкерлері арқылы көмек беру, баладан бас тартқысы келген ананы райынан қайтару. Сол секілді облыста аналардың құқығын қорғаудан бөлек, оларға әртүрлі бағыттар бойынша қолдау көрсету мақсатында жұмыс істеп жатқан ұйым немесе мекемелер де баршылық. Соның бірі – Тараз қаласында бұрнағы жылы ашылған облыстық «Анаға тағзым» орталығы. Бұл орталық отбасы құндылықтарын дәріптеу, маңайына сыйлы және еріне, отбасына адал жар, әулеті үшін ибалы-инабатты келін, отбасында аяулы ана, ардақты ене болуды қыз-келіншектерге дәріптейді. Отбасы құндылықтарына қатысты тақырыптарда қаузалған түрлі мәселелер бойынша әйелдердің басын қосатын мекеменің атқарып отырған жұмысы ауқымды. Орталық директоры Эльмира Мырза-Ғалидың айтуынша, мұнда да әлеуметтік-тұрмыс жағынан қиын жағдайға душар болып, тығырыққа тірелген аналарға арнайы мамандар арқылы көмек көрсетіледі. Жалпы орталық 16 бағыт бойынша жұмыс істейді екен.
– «Анаға тағзым» орталығы осы жылдың 1 шілдесінен бастап облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Қазіргі таңда орталық әйел-аналарға, қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беру, отбасылық құндылықтар мен міндеттерге үйрету, қазақ әйелінің озық образын қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде әйел-аналарға арналған 9 бағыт, қыз балаларға арналған 7 бағыт бойынша барлығы 3 бөлімнің көрсететін қызметі ұсынылуда.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда түрлі жағдайға байланысты әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларда өмір сүріп жатқан әйелдер қоғамда бар. Олар да «тұрмыстық жағдайымды түзеп, отбасымды бақытты етсем» деген үмітпен күн кешіп жатыр. Сонымен қатар азғантай еңбекақы немесе жәрдемақысын отбасына жеткізе алмай, қандай да бір кәсіппен айналысуға ниеттенген аналар да бар. Бұл ретте біз көмек сұрап келген әйел-аналарға әлеуметтік дағдыларды дамыту бағыты бойынша жөн сілтейміз. Мұндағы негізгі басты мақсат – аз қамтылған, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жүргізу. Сондай-ақ «бір терезе» қағидасы негізінде, көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және тағы да басқа ақжаулықтыларға жекелеген санаттар бойынша кешенді консультациялық қызметтер көрсетеміз. Аналарды қысқамерзімді кәсіптік курстарда оқытып, өз кәсібін ашуына да айтарлықтай ықпалымыз тиіп отыр. Үкіметтік емес ұйымдармен де бірлескен жұмыс жоспарларымыз бар, – дейді Эльмира Мырза-Ғали.
Бүгінде мемлекетіміз отбасы институтын нығайту арқылы отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға барынша көңіл бөліп отыр. Себебі отбасылық құндылықтарды дамыту есебінен ата-бабамыздан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ізгі дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар арқылы бала тәрбиелеудің артықшылығы мол. Әсіресе жас отбасылар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау айрықша маңызға ие. «Анаға тағзым» орталығы отбасы құндылықтарын қолдау бөлімінің басшысы Жанат Айтжанова бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келе жатқанын айтады. Осы орайда орталықта өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеу тұрғысында тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.
– Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балалары мен жанұя мүшелерін қосымша білім беру бағдарламалары арқылы оқыту, отбасындағы құндылықтар туралы идеяны насихаттау және отбасы мүшелерінің өзін-өзі бағалау, қадір-қасиет, мақтаныш сезімдері мен жоғары құндылықтарының басымдылығын нығайту да біз ұстанған басты бағыттың бірі. Бұл бойынша орталыққа жүгінген ақжаулылықтыларға ақпараттық талдау жүргізіліп, оларға консультациялық көмек көрсетіледі.
Азаматтардың жекелеген санаттарын қабылдауды, жұмыс бағыттарын белгілеуді және отбасымен жеке жұмыс жоспарын жасауды да жүзеге асырамыз. Қызмет алушыларға әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық консультация да беріледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларды анықтау бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Біздің мекемедегі үш бөлімге қарасты 6 үйірме, 7 курс, 2 қызығушылық клубы бар және қызмет алушыға психологиялық, заңгерлік бағытта кеңес беретін екі кабинет жұмыс істейді.
Орталық ашылғанан бері рухани-адамгершілік тәрбие беру және әлеуметтік дағдыларды дамыту мақсатында 423 іс-шара өткізіліп, осы іс-шараларға 11 985 адам қатысты. Атап айтқанда, 2021 жылы 45 іс-шара өтіп, 735 адам қатысса, былтыр ұйымдастырылған 196 іс-шара 6 193 адамды қамтыды. Биыл 9 айда 182 іс-шара ұйымдастырылып, оған 5 057 адам қатысты.
2021-2023 жылдар аралығында үйірмелер мен курстарға, клубтарға 1 104 қатысушы тіркелді. Оның ішінде 764-і қыз балалар болса, 340-ы әйел-аналар. Олардың арасында көпбалалы отбасынан шыққан 566, жағдайы төмен отбасынан 14, мүмкіндігі шектеулі 2 бала және отбасында мүгедектігі бар 7 адам бар, – дейді Ж.Айтжанова.
Курстар жекелеген санаттағы әйел-аналарға Қазақстан халқының мәдени дәстүрі мен қолөнерін жаңғыртуға және әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік беруде. Орталық ашылғалы бері 327 әйел-ана «Бойтұмар», «Тырнақ әрлеу шебері», «Бет әрлеу шебері», «Аспаз және кондитер», «Шаш сәндеу» және «СММ» кәсіпке баулу курстарын бітіріп, қолдарына сертификат алыпты. Оның ішінде «Бойтұмар» тігін курсын 47 адам аяқтаса, «Тырнақ әрлеу шебері» курсынан 79 нәзікжанды өткен. Сол секілді «Бет әрлеу шебері» курсын 87, «Аспаз және кондитер» курсын 98 адам, «Шаш сәндеу шебері» курсын 9,
«СММ» курсын 7 адам аяқтаған.
Орталықтың көмегіне жүгінгендердің ішінде 122-сі бүгінде еңбек дүбіріне араласуда. Мәселен, «Тырнақ әрлеу шебері» қысқамерзімді оқыту курсын бітірген 40 әйел, «Бет әрлеу шебері» бойынша 45 адам өз кәсібін ашса, «Аспаз және кондитер» курсын бітірген Алтынай Қаппарова кондитер мамандығы бойынша жұмысқа орналасыпты. Курстан өткен 37 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, табыс тауып отырған көрінеді.
«Анаға тағзым» орталығындағы аталған үйірмелер мен курстардың ішінде «Аспаз және кондитер» курсы бойынша білімін шыңдап, мемлекеттік грант ұтып алған келіншектің бірі –
Айгерім Омарова. Ол қолына курстан өткенін айғақтайтын сертификат алғаннан кейін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаржыға ие болып, өз кәсібін ашқан. Бүгінде ол өзінің шағын цехін іске қосып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Тараз қаласының тұрғынымын. Көпбалалы аналар санатына жатамын. Өз кәсібімді ашқанға дейін отбасылық бюджетіміздің мандырымсыздығына байланысты қаржылай дағдарысты бастан өткердім. Ойлана келе, «Анаға тағзым» орталығына қайырылып, ондағы мамандардың кеңесін алдым және сол жерден қысқамерзімді оқыту курсынан өттім. Онда мамандар бізге қоғамдық тамақтандыру ісімен айналысу, өз кәсібіңді жүргізу, қалай пайда табу керектігі жөнінде кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретті. Қолыма сертификат алғаннан кейін «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы арқылы бағымды сынап, өз жобамды сәтті қорғап шықтым. Қазір ол қаржыға керекті құрал-жабдықтар алып, қаттама нан, әртүрлі тәтті тоқаштар мен бәліш, самса пісіріп, қолдан түшпара түйіп сатып жатырмын. Кәсібімнің атауын «Береке» деп қойдым. Өйткені мен өзім курстан өткен орталықтағы аспаздық студияның атауы «Береке болатын. Мен сол жерде көп нәрсе үйреніп, кәсіппен айналысуыма осы студия айрықша ықпал еткендіктен осындай шешім қабылдадым. Алдағы уақытта кәсіп аясын кеңейткім келеді. Әзірге өз-өзімді жұмыспен қамтып отырмын, – дейді Айгерім Нұрханқызы.
Психологиялық көмек үздіксіз көрсетіледі
Орталықта 483 әйел мен қызға психологиялық кеңес беріліпті. Жалпы 306 сеанс өткізіліп, оның ішінде 29 топтық тренинг жүргізілген. Тренингтерге қамтылғандар саны 7 262 адамды құраған. «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының психологі Аида Назымбекова орталықтың «Жан дауа» психологиялық көмек беру кабинетінің психолог мамандарынан аталған уақыт ішінде жеке психологиялық кеңес алуға 315 адам келгенін сөз етті.
– Ұйымдастырылған сеанстар саны – 230. Жалпы 43 топтық тренинг өткізіліп, бұл бойынша 972 адам қамтылды. Олардың жас ерекшеліктеріне келер болсақ, 7-20 жас аралығындағылардың саны – 70. 109 адам 20-35 жаста болса, 94-і 35-50, 27-сі 50-70 жас аралығындағы азаматтар. Олардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Мәселен, 149-ы толық отбасынан болса, 53-і толық емес отбасы мүшесі. 44-і жалғызбасты ана, 19-ы ажырасқан. Жасы кәмелетке толмағандар саны – бесеу, жиырмасы көпбалалы отбасынан болса, тағы осыншамасы зейнеткер, 2 бала қамқорлыққа алынғандар қатарында.
Психологиялық көмекке зәру болып келген тұлғалардың мәселелері оңтайлы шешіліп, әр тұлғаға психологиялық қолдау көрсетіліп, тиісті кеңестер, тиімді бағыт-бағдар берілді. Психологтардың қабылдауына келген әйелдердің отбасындағы ажырасу, жанұядағы келеңсіздіктер, бір-бірімен тіл табыспау секілді қарым-қатынастырдың бұзылуы отбасы мүшелеріне де әсер етеді. Оның соңы бала бойындағы жағымсыз іс-қимылдар, еліктеулер секілді жасөспірімдердегі мінез-құлық өзгерісіне алып келеді. Баланың бойында күйзеліс пайда болады. Кейбір балалардың қалыпты жетілуі өзгеріске ұшырап, кекештік, энурез секілді дертке душар болады. Осы мәселелер бойынша олардың көңілін күпті еткен түйткілдер оңтайлы шешіліп, әрбір келушіге психологиялық қолдау көрсетудің арқасында тиісті кеңестер, тиімді бағыт-бағдар берілді. Атап айтқанда, 7 отбасы қайтадан қосылып, 20-сы татуласып, қарым-қатынас дағдыларын меңгерді. 9 әйел ажырасу мәселесі бойынша, 5 адам отбасылық жанжал, 6 нәзікжанды психологиялық тұрғыда, 8 адам стрестік жағдайдан шығу бойынша көмек алды. Сонымен қатар энурез, энкопорез, психологиялық ауытқуы барлар да мамандар көмегіне жүгініп, оң нәтижеге қол жеткізілсе, 20 қыз ата-анасымен тіл табысты. Ондай отбасы мүшелері бір-бірін түсінді. Жан күйзелісіне ұшыраған 12 адам қалыпты жағдайға оралса, жаны жабырқап, торығып жүрген 18 азаматтың жағдайы бұрынғы қалпына келді. 23 адамға тұлғалық өсу бойынша мотивация беріліп, өмірге құлшынысы мен құштарлығы артты. 1 адамға қатысты кекештік бойынша коррекциялық шаралар басталып, бұл іс әлі де жүргізіліп жатыр. Энурез дертіне шалдыққан 2 баламен коррекциялық жұмыс қолға алынса, өкпелеу эмоциясының денсаулыққа зияны және кешірім жасай алу дағдылары бойынша түзету жұмыстары атқарылып жатыр, – деді А.Назымбекова
Д.А.Қонаев және Абай Құнанбаев атындағы, Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен «Менің мақтанышым», «Отбасы сен үшін...», «Менің телпегім», «Кім белсенді?», «Ойымды тап», «Армандар орындалады» атты іс-шаралар ұйымдастырылыпты. Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында «Менің сиқырлы саусақтарым» атты танысу жаттығуы жүргізіліпті. Олардың қабілеті мен қызығушылығын анықтау мақсатында тренинг барысында «Көңіл қоңырауы» интерактивті ойын ойнатылған екен. Аталған интерактивті ойынның мақсаты – жасөспірімдерді тереңінен ойлануға машықтандыру, болашаққа қамдану мен жауапкершілік туралы ой бөлісу. Сондай-ақ жасөспірімдердің жас ерекшелігін ескере отырып, тиімді әсер алмасу үшін «Әмбебап қабілет» кубик-рубигімен де жаттығу жасалыпты. Тренинг соңы «Менің Бразилиядағы әжем» атты ойын арқылы оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаумен аяқталған.
Облыстық «Jambyl» телеарнасының «Рауан» бағдарламасында «Бақыттың құпиясы неде?», «Адал сауда – береке кілті», «Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны» тақырыптарында арнайы айдар бойынша тікелей эфирде 3 сұхбат, әлеуметтік желіде 1 сұхбат берілген екен. «Зорлық-зомбылыққа әйел шыдай беру керек пе?» тақырыбы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы базасында құрылған «Munara TB» республикалық рухани-ағартушылық телеарнасынан да жұрт назарына сұхбат ұсынылған.
Заңгерге
жүгінетіндер көп
Біреуден жәбір көрген немесе құқығы тапталған адамдарға да немесе қандай да бір іс бастау үшін ненің заңды, ненің заңсыз екенін білуі үшін де заңгерлік көмек ауадай қажет. Біз мақалаға арқау етіп отырған «Анаға тағзым» орталығынан көмек сұрап келетіндердің де арасында заңгерлік көмекті қажет ететіндер жетерлік. Мәселен, мұндағы заңгерлік кеңес беру кабинеті арқылы заңгер маманы 63 келушіге кеңес беріпті. Оның ішінде жас ерекшілігі бойынша 7-20 жас аралығындағы 3, 20-35 жастағы 19 адам заңгер кеңесін алған. Осындай көмекке 35-50 жастағы 31, 50-70 жас аралығындағы 10 адам жүгінген.
Заңгердің көмегін қажет етіп келгендердің әлеуметтік жағдайына көз салсақ, 18-і толық отбасынан, 29-ы көпбалалы отбасынан, тоғызы толық емес отбасынан, жетеуі асыраушысынан айырылған отбасынан шыққан.
– Заңгерлік көмек алуға келген әйелдерге неке бұзу үшін қай мемлекеттік органдарға жүгіну керектігі түсіндіріледі. Мәселен, олар азаматтардың хал-актілерін тіркеу органдарына (АХАЖ бөлімі) немесе мәселені сот арқылы шеше ме, осы жағы тәптіштеледі. Орталықта алимент өндіру, отбасын сақтау, банкроттық мәселелер бойынша талап етілген сұрақтарға жауап беру секілді көптеген мәселе бойынша заңгерлік көмек көрсетіліп жатыр. Оның ішінде бір әйелдің мәселесін шешу үшін облыстық әділет департаментінің бас маманы мен адвокатын шақырып, кездесу ұйымдастырылды. Нәтижесінде оған толық неке бұзу туралы талап-арыз дайындалып, Тараз қалалық сотына тапсыруына көмек көрсетілді. Қазіргі таңда іс соттың қарауында жатыр. 2 әйелге неке бұзу туралы талап-арыз дайындалып, Тараз қалалық сотына тапсырылды. Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық мәселе бойынша бізге қоңырау шалу арқылы хабарласқан 10 әйелге көмек берілді.
«Еңбекақысы сақталмайтын демалыста отырған әйелге бағдарлама бойынша несие алуға бола ма?», «Бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелге баласы 1,5 жасқа толғанға дейін мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?», «Алимент төлемеген жағдайда оны кім арқылы өндіруге болады?» деген секілді сұрақтармен қайырылғандарға да заң аясында тиісті көмек ұсынылды. Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша қоңырау арқылы хабарласқан тағы 7 әйелге жақында ғана көмек көрсеттік. Олардың мәселесіне жіті қанығып, көтерген сұрақтары бойынша толық мәліметтер берілді, – дейді орталық заңгері Дина Орынбек.
Орталыққа келушілер тарапынан қойылған сұрақтарға толық заңгерлік көмек беріліп, оларды толғандырған мәселе қанағаттандырылыпты. Осындай көмекке жүгінгендердің ішінде бір әйелге Тараз қалалық сотына алимент өндіріп алу туралы кеңес беріліп, арызды қалай жазатыны көрсетіліп, оны тиісті мекемеге тапсыру жөнінде мамандар жөн сілтеген.
Тараз қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясында балалардың ата-аналары, әкімшілігі мен педагог-психологтары қатысқан «Еркек – діңгек, әйел – гүл» тақырыбында семинар-тренинг өтіпті. Аталған іс-шара аясында 6 ата-ананың қойған сұрақтарына заң шеңберінде жауап қайтарылған және заңгерлік кеңес берілген.
– Тараз қалалық №3 мектеп-лицейдің ата-аналары және психолог мамандарымен бірге «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Осы іс-шара аясында 2 ата-ананың қойған сұрақтарына заң шеңберінде жауап және заңгерлік кеңес берілді.
«Шөлдала» ықшамауданының №55 орта мектебінде ҚР Конституциясы күні қарсаңында облыстық әділет департаменті, Тараз қалалық көші-қон полициясы, жергілікті жерден сайланған депутаттың, заңгерлер, жеке сот орындаушылары, нотариустың қатысуымен көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Ол жиынға қатысқан 50-ге жуық азамат құзыретті орган басшыларына, заңгерлер мен сот орындаушылары, нотариустарға әлеуметтік және заң аясындағы мәселелер, аналар проблемасы, балаларды құжаттандыру секілді тағы да басқа мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, нақты көмек алды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға заң шеңберінде түсіндірме және кеңес беру жұмысары жүргізілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің адам құқықтары жөніндегі облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаев орталықта қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтар арасында алимент алу, зейнетақы қоры, декреттік демалыс, тұрғын үй мәселесі, отбасы проблемалары секілді сауалдарға жауап алынды. Қабылдауға әйелдер қауымы онлайн форматта да қатысып, құқықтық кеңес алды, – дейді Д.Орынбек.
Ол қазіргі таңда мекеменің Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін құжаттар дайындап отырғанын сөз етті. Орталықтың заң маманы жалпы 113 адамға заң аясында көмек көрсетіп, қоғамдық қабылдау, тренингтер, «дөңгелек үстел» секілді 16 іс-шара ұйымдастырыпты.
Жақсылықтың, жаңалықтың, ізгіліктің, қайырымдылық пен мейірімділіктің орталығы болған «Анаға тағзым» отбасын қолдау» орталығында ұжымның атынан мұқтаж жандарға азық-түлік себеті де таратылады екен. 2021 жылы 12 отбасына, 2022 жылы мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған 13 отбасындағы анаға, 2023 жылы «Мектепке жол» акциясы аясында бір отбасындағы 11 балаға қаржылай көмек беріліпті.
Демалыс күндері «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» «Анаға тағзым» орталығының мамандары барып бір күнін арнайтын көрінеді. Онда «Ас мәзірін» дайындау бойынша шеберлік сағаты өткізіліп, орталық психологтары қыз балалармен «Менің сиқырлы саусақтарым» атты танысу жаттығуын жүргізеді екен. Осындай бір тренинг соңы «Менің Бразилиядағы әжем» атты ойын арқылы оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаумен аяқталыпты.
Жалпы орталыққа келіп, түрлі курстарға жазылған аналар бойынша база жасақталған, қазіргі уақытта 672 қыз бен әйелдер кезекте тұрса, оның ішінде аспаздық курсына 108, тігін курсына 150, маникюр курсына 95, визажист курсына 214, СММ курсына 81, шаштараз курсына 24 адам тіркеліпті.
Облыстық «Анаға тағзым» орталығының атқарып жатқан жұмысының реті осындай. Бұл мекеме қандай да бір қиындыққа тап болып, күйзеліске түскен, сары уайымға салынып, торығып жүрген және әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен байланысты бала тәрбиесінен қол үзіп қалып, кеңес сұрай келген аналар қауымы үшін таптырмас тірек болып отырғаны анық.
Нұрым Сырғабаев
nurymsyrgabaev28@gmail.com
Келесі мақала