Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АТА ЗАҢЫМЫЗҒА ЕНГІЗІЛЕТІН ТҮЗЕТУЛЕР

АТА ЗАҢЫМЫЗҒА ЕНГІЗІЛЕТІН ТҮЗЕТУЛЕР
ашық дереккөз
АТА ЗАҢЫМЫЗҒА ЕНГІЗІЛЕТІН ТҮЗЕТУЛЕР
Конституцияның 91- бабына сәйкес түзетулер жобасын Конституциялық Кеңес қарастырып, алдағы 4 мамырда түзетулер бойынша оң қорытынды берді. Негізінде Конституцияның 91-бабына сүйенсек, Конституцияға түзетулерді қабылдаудың 2 жолы бар. Ол – республикалық референдум арқылы немесе Парламент арқылы Ата Заңға түзетулер енгізу. Президент бірінші жолды, яғни референдумды таңдап отыр. Бұл өте құптарлық жағдай. Өйткені дәл осы жол демократиялық институттардың дамуын көрсетеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарғы қабылдаған болатын. Референдумға еліміздің кәмелетке толған азаматтары қатысады. Қазір Орталық сайлау комиссиясы референдумға қатысуға құқығы бар адамдардың тізімін жасақтауда. «Референдумға 1 мәселе – Конституцияға түзетулер қабылдау мәселесі шығарылады. Егер 11 қаладағы халықтың көпшілігі «жақтап» дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептеледі. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбаған болып саналады. Неліктен 11 қала туралы айтып отырғаныма нақтырақ тоқталып өтейін. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заң бойынша референдумға шығарылатын мәселе, егер ол үшін өңірлердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Айта кетейін, қазір Қазақстанда 17 өңір бар (жаңа 3 облысты құру туралы Жарлық – олар Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары ағымдағы жылдың 8 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі), осылайша 17 өңірдің үштен екісі 11 өңірді құрайды. Осыған байланысты Конституцияға түзетулерді қабылдау толығымен халықтың еркіне беріледі. Түзетулерді 12 блокқа бөлуге болады. Біріншісі Президенттің лауазымына байланысты шектеулер. Яғни Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруына қойылатын шектеу. Екіншіден, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына шектеу қою. Бұдан әрі Президенттің өңірлер әкімдерінің актілерінің күшін жою және тоқтата тұру, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің әкімдерін босату құқығы алынып тасталады. Сонымен қатар Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау көзделген. Мәселен, Бірінші Президентке 2 реттен артық сайлану мүмкіндігімен, оның қызметін жекелеген Конституциялық заңмен реттеумен, Тұңғыш Президент іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің және оның мәртебесінің өзгермеуімен байланысты 3 норма алып тасталады. Ата Заңға енгізілетін түзетулер қатарында жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау қарастырылған. Тағы бір маңызды түзету – кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер. Мәселен, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық Палатаның Төрағасы мен мүшелері үшін саяси партияда, кәсіподақтарда болуға, және қандай да бір партияны қолдауға тыйым салу ұсынылады. Сондай-ақ Ата Заңға енгізілетін түзетулерде өлім жазасын жою да көзделген. Айта кетейік, елімізде 2003 жылдан бастап өлім жазасына мораторий енгізілген. Бұдан басқа, Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру, құқық қорғау институттарын күшейту көзделген. Аса маңызды бірқатар түзетулерді түсіндіруде олардың қоғам үшін маңыздылығына дәлірек тоқталуға болады. Біріншіден, Конституциялық Соттың құрылуы. Екіншіден, Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту. Үшіншіден, заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту. Төртіншіден, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша соттардың шешімдері бойынша мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі. Бұдан басқа облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту де қарастырылып отыр.

Нұрғали АНДАСОВ, облыстық әділет департаментінің басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар