БҰЛБҰЛ ӘНШІ
Ақын, әнші, жыршы, күйші, сері, композитор, шежіреші, қайраткер, ұлы өнерпаз дейтін адамның бойындағы ерекше қасиеттерін даралап көрсететін атаулар бар. «Кенен соның қайсысы? деп сұрағанға, «Кененнің бойында осының бәрі тоғысқан» деуге болады. Ақынды жақсы білмейтін, шығармаларын оқымаған адам бұған күмәнмен қарауы әбден мүмкін. Болмаса ғасырға жуық өмір кешкен ақын мұндай марапатты, құрметті көзінің тірі кезінде де көптеп естіген, дүние салғаннан кейін де үзбей айтылып келеді. Осы атаулар Кененнің өзіне ғана жарасады, өзінің болмысына ғана үйлесімді.
Мәселен, ұлы Абайды суырып салма ақын, алапат күйші десек құлаққа ерсілеу естілері һақ. Ол – ойшыл, кемеңгер ақын. Сол сияқты төкпе жырдың сүлейі Жамбылға күміс көмей әнші десек әбестік боп көрінуі де мүмкін. Ол жырау, жыр алыбы. Біржан сал, Ақан сері деп қастерлегенде халық олардың болмысына, дарын ерекшелігіне қарап қадір тұтқан ғой.
Ұлы жазушымыз М.Әуезов: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне ғұлама жырау, әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген талантыңызға дән ризамын» деп ағынан жарылғаны кеше ғана.
Атақты ғалым М.Жолдасбеков: «Кенен Әзірбаев – сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз, жырау әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер» деп ой түйеді.
Есімі әлемге әйгілі саясаткер, көп жылдар ел басшысы болған үлкен жүректі қайраткер Д.Қонаев: «Кенен Әзірбаев – өмірде де, өнерде де қайталана бермейтін ерекше құбылыс» деп бұл ойымызды тіпті тереңдете түседі.
Академик, әдебиет сыншысы М.Қаратаев: «Кенен ән шығарып, сөзін жасайды (мұнда ол – ақын, шайыр), сөзге шақтап әннің мелодиясын жасайды (мұнда ол – композитор), сол мелодияға тиісті музыкалық аспапқа (домбыраға) қосып өзі орындайды (мұнда ол – музыкант), ақырында өзі шығарған әнін өз әуенімен салады (мұнда ол – әнші)» дейді.
Еуропа мәдениеті қазақ жеріне жете қоймаған сонау көне дәуірде «әнші» деген атау біздің қазіргі ұғымымыздағыдай «тек ән орындаушы» деген мағынада емес, оның ауқымы әлдеқайда кең болған. Әнші – ән орындаушы ғана емес, жанынан өлең шығаратын ақын да, оған лайықтап ән туғызатын сазгер де, сол мақамына қосып жыр тудыратын жыршы да болған. Ал композитор деген сөз бізге кейін қосылды. Арнайы музыкалық білім алған, консерватория сияқты арнаулы оқу орындарын бітірген адамдарды айтамыз. Композитор – кәсіп, мамандық.
Сонда даланың көне мәдениетінен сусындап, дала өркениетін жасасқан Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Абай сияқты өнер саңлақтарын кім деп атауымыз керек? Қазақ музыка өнерінің шаңырағын көтеріп, керегесін бекіткен осындай өнерпаздар жүздеп саналады. Солардың ешқайсысы да арнайы музыкалық білім алмаған. Халықтың ортасынан шыққан тума таланттар. Сондықтан да оларды халық ақыны, халық композиторлары дейді.
Ал өздерінің өшпес туындыларымен туған халқының даңқын шығарып, оның мақтанышына айналған ұлы ақын-жазушылар, өнерпаздар, композиторлар көп-ақ. Сондай тума дарындар қазақта да толып жатыр. Еуропа ұғымында оларды «классиктер», ал жасаған еңбектерін «классикалық туындылар» деп атайды, демек ең үздік туындылар деген мағына береді. Осы тұрғыдан алғанда өз халқына өшпес туындылар сыйлаған, атақ-абыройын арттыра түскен ақын-жыршыларымыз, әншілеріміз, композиторларымыз аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Кенен Әзірбаев.
Халқымыздың ұлттық музыка мәдениетінің жаңа түрге еніп, жан-жақты дамуы кеңес үкіметі дәуіріне тұспа-тұс келгендігін айтпасқа болмайды. Алайда сол уақыттағы саяси ахуалдар қазақ өнерінің өркендеуіне еуропалық тұрғыдан жаңа бағыт бергенімен, жан-жақты зерттелуіне, көнеден келе жатқан ұлттық мұрасын тереңірек талдап көрсетуге мүдделі болған жоқ. Қазақ халқының мәдени мол мұрасы, музыкалық, поэзиялық қазынасы, оның біртұтас өзіне ғана тән ерекшеліктері ашылмай қалды. Қайта керісінше ондай өркениет бұратана халықта қайдан болсын дейтін көзқарас қалыптасты. Сөйтіп, кеңес дәуірі кезінде қазақ елінің ежелден қалыптасқан мәденит-өнер тарихының сабақтастығы үзілді. Ендігі жерде ол өктем саясаттың ықпалымен біржақты зерттеле бастады.
Сол кезеңдегі өнертанушылардың, музыка зерттеушілердің еңбектеріне көз жүгіртсеңіз мұны аңғару қиын емес. Сөйтіп, солақай саясаттың ықпалынан шыға алмаған ғалымдарымыз, тарихшыларымыз өте ерте заманнан бері келе жатқан қазақтың мәдени мұрасын, музыкалық туындыларын өз деңгейінде, ұлттық көзқарас тұрғысынан жан-жақты зерттей алмады. Осыдан келіп қазақ халқы бұратана ел, өзінің жазу-сызуы болмаған, мәдениеті дамымаған жабайы деген пікір қалыптасты. Бұған наразылық білдіріп, қарсы болған қазақ зиялылары, ақындары, өнер зерттеушілері қуғынға ұшырады, жер аударылды, көбісі атылды.
Ал ендігі жерде осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін қазіргі заман талабына сай басқаша көзқарас, басқаша талап-таным қажет екендігі айтпаса да белгілі. Бұған халқымыз тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған қазіргі кезде мол мүмкіндік бар.
Қазақ халқы сонау көне заманда-ақ өзінің музыкалық-поэзиялық дәстүрін қалыптастырып қана қоймай, оны бір жүйеге келтірген ел. Бұл тұрғыдан біз өркениетті дейтін еуропалық елдердің қайсысынан болса да кем түспейміз, қайта озық тұрамыз деуге болады. Қазақ халқының байырғы салт-дәстүріне (қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, жастардың ойын-сауықтары, жоқтау т.б.), тіршілік ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі жанрдағы әндер мен күйлер дүниеге келді. Соның нәтижесінде халықтың орасан бай музыкалық мәдениеті қалыптасты. Бар айыбы осының бәрі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша көшіп отырды. Олардың ішінде классикалық деңгейге жеткен туындылар аз болған жоқ.
«Аты аңызға айналған Қорқыт баба (VІІІ-ІХ ғасыр), нота жазудың ең алғашқы үлгілерін ойлап тапқан Әбу Насыр әл-Фараби (Х-ХІ ғасыр), ХV ғасырда өмір сүрген Қазтуған мен Асан қайғы – қазақтың өткендегі дамулы музыка мәдениетінің дүлдүл өкілдері. (ҚСЭ, 6-том, 293-бет.).
Музыка зерттеуші ғалым А.В.Затаевич қазақ халқының мыңнан астам ән-күйін жинап, нотаға түсіргені белгілі. Міне, осы кезеңнен бастап ғасырдан-ғасырға ауызша беріліп отырған қазақтың дәстүрлі музыкалық мұралары жаппай нотаға түсіріле бастады. Бұл енді қазақ өнері үшін жаңаша бетбұрыс еді.
Заманымыздың біртуар композиторы Нұрғиса Тілендиев өзінің «Дүлдүлі еді әннің де» дейтін мақаласында, халық ақыны Кенен Әзірбаев жайлы ой түйіндей келіп: «Кененнің кей шығармалары үлкен полотнодағы музыкалық еңбектерге арқау болды. Мысалы, Е.Брусиловский оның А.Затаевич нотаға түсірген бір әнін «Қыз Жібек» операсында пайдаланған» дейді. Бұл әрине, тек Кененге ғана қатысты емес, қазақтың басқа да атақты әнші-композиторлары жайлы да осындай деректерді көптеп келтіруге болады. Сондықтан қазақ халқының жазуы, музыкалық өркениеті болмаған, ол кейін Еуропа дәстүріне сай, соның ықпалымен дамыған деуге ешқандай негіз жоқ.
Бір адамның бойынан ақындық, композиторлық, күйшілік, ғажап әншілік те табылып жататындығы ақиқат. Осындай феномендік ерекшеліктеріне, табиғат сыйлаған тума талантына қарап халық оларды, «сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесі деп дәріптеген. Қазақтың сондай саңлақтарының бірі Кенен екені даусыз. Бірақ оның бойындағы өнерін, сан алуан ерекшеліктерін жеке-жеке талдап, жан-жақты зерттеп-зерделеуге келгенде ғалымдарымыз біржақтылық танытады. Көп жағдайда ақынның өмір жолына, өлең жырларына, сол туындының шығу тарихына баса көңіл бөліп жататыны рас. Кененнің әндеріне заманауи тұрғыдан, музыкалық терең, жан-жақты тұжырым жасаған зерттеулер әлі жоқ. Ал сол өнердің ішінде шоқтығы биік тұратыны Кененнің әндері, яғни композиторлығы.
«...Кенен әндерінің құрылысы ерекше. Әнші-композитор ой мен сезім тілін әнмен өрнектеп, кестелеп жеткізуге келгенде өзінен бұрынғы өткен халық композиторларының ешқайсысына ұқсамайды. Үлгі алуы бар, қайталауы жоқ. Домбыраның құлақ күйіне дейін өзгеше. Әсем әндері кім орындаса да «мен Кененнің перзенті едім» деп оқшау, дара тұрады...».
Осы жолдардың авторы атақты әнші, өнер зерттеуші марқұм Жәнібек Кәрменов. Бұдан әрі ойын жалғастырып «...Кенен Әзірбаев сөз жоқ ірі тұлға. Кенен әндерінің бітім-болмысынан сахараның мол пішімі, ондағы өмір сүрген елдің арман-мұңы, тағдыр-талағы көлбеңдеп көз алдыңа келгендей болады» деп түйіндейді.
Кенен әндерінің ерекшелігін тап басып көрсеткен әнші-ғалымның ойын, белгілі жазушы, ақынның жерлесі Несіпбек Дәутаевтың мына пікірімен толықтырсақ деймін:
«Кенен әндерінің бауыры жазық, құлашы кең. Ол шексіздікке бет алған, самғауы ұзақ құстардай жер бетін сызып, көк төсін арқалап, құладүзденіп кете барады. Бұған жел жетпейтін жүйріктің алапат жүрек соғысы керек... Кенен – дала музыкасының классигі» дейді.
Айтса айтқандай-ақ, Кененнің әндерін осы уақытқа дейін дәл өзі сияқты келістіріп орындаған әншіні көрген жоқпыз. Жәнібектің сөзімен айтсақ, «талпыныс көп, тап басу жоқ».
«Он жаста бұл өлеңге міндім аттай» деп ақынның өзі айтпақшы 13 жасында жүрегін жарып шыққан «Бозторғай» әні сол замандағы «азар кешке дейін» мал соңында өмірі өткен жүздеген-мыңдаған адамдардың қайғы-мұңын, көңіл күйін аңғартатын классикалық ән деуге толық негіз бар. Бұл ән өнер атты киелі кеңістікке самғай ұшқан бала қыранның қанатының сусылындай, ел құлағын елең еткізген аса зор оқиға болғаны даусыз.
«Пайыз әні» Кененді бүкіл қазақ-қырғызға әнші ретінде танытты. «Пайыз» деген сөзді Жетісу мен оңтүстіктің тұрғындары арқасы, пайызы (құжыры) қозып деген мағынада түсінеді. Кейін бұл әннің аты көпке ұғынықты болсын деп «Көпшілік тыңда әнімді» болып өзгертілді.. 1939 жылы осы ән «Тік шырқау» деген атпен грампластинкаға жазылған екен. Екі әннің де басталуы өте ұқсас. Алайда мазмұны да, әннің табиғаты да, иірім-бояуы да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. «Тік шырқау» ақынның (25 жас) жігіттік кезінде туған әні. Балуан Шолаққа еліктеп шығарғанмын дейтін.
«Тік шырқауды» естиміз деп қаумалаған жұрт, алты қанат ақ үйді қиратып кеткен екен. Бұл оқиға жалайыр руынан шыққан Сүндетбай деген атақты байдың тойында болыпты. Мұнысын ақын:
«Жалайыр Сүндетбайдың жиынында,
Алты қанат ақорда үй шайқалды (қирады),
Алатауды жаңғыртып ән салғанда» деп еске алады.
Ал Кененнің атақ-даңқын бүкіл қазақ даласына паш еткен «Базар-Назар», «Көкшолақ», «Ойжайлау» әндері. Осы үш ән адамның тіршілік-болмысында кездесетін үш жағдайды білдіріп тұр. Бірі – қайғы, бірі – әзіл, бірі – шаттық.
Өзі жоқта шейіт боп кеткен балаларын жоқтап шығарған «Базар-Назар» әні жұртқа кеңінен мәлім. «Көштің көркі болмайды түйесі жоқ... Бірте-бірте баламды ала бердің, домбырамның қала ма иесі жоқ?» дейтін зарлы әні талай жанның көңілін босатып, жүрегін тербеген туынды.
«Көкшолақтың» өрісі тіпті кең болды. Адамды бір мұңайтып, бір күлдіретін ғажап әнді сол кездегі кедейліктің құрығын киген бүкіл жас жігіттердің арман-мұңы деуге әбден болады. Ақынның бозбала кезінде шығарған бұл әні ғасырлармен жарысып, әлі күнге дейін сахнадан түскен емес. Қазақтың төрінде әлі шырқалып келеді. Классикалық ән, мәңгілік ән.
«Ойжайлау» әні қазақтың байырғы өмір-салтынан елес беретіндей ғажап ән. Осы әнді естіп отырып, құлағыңа қыз-бозбаланың салған әні, бойжеткен таққан сырғаның сыңғыры, желіге байланған бие-құлынның кісінесі естілгендей әсерде боласың.
«Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап,
Отырса қыз, бозбала күліп-ойнап.
Киінген қызғалдақтай қыз-келіншек,
Сапырса сары қымыз, «құлан ойнақ» дейтін сөзге мың бұралған ойнақы ән қосылғанда жұмақтың төрінде отырғандай әсер алатының сөзсіз. Ақын бұл жерде сөзбен шілтер тоқығандай әдемі көріністі көз алдыңызға әкеледі. Қылқалам шеберлері салатын суретті сөзбен көркемдейді. Қыз-бозбаланың бір-бірімен әзіл-қалжыңы, алтыбақан тепкен ойын- сауығы, «көктем кезіндегі құланның ойнақ салып, тістесіп-тебіскенін» еске салғандай. Ән құдіреті деген осы.
...Кенен ақын өз өмірінде үш соғыстың куәгері болды. 1916 жылғы халық көтерілісі. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі азамат соғысы. 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы. Осындай тарихи оқиғаларды көзбен көргендігі бір басқа, соның бел ортасында жүріп, талай дауылпаз әндерін шығарды. Мұны ақынның шығармалар жинағынан оқып білуге болады. Ол жөнінде әдебиетшілер де, музыка зерттеушілер де көптеп қалам тартқан.
Осындай патриоттық сезімге толы, азаматтық рухта шығарған әндерінің бірі «Батыр Москва» әні. Бұл ән 1947 жылы Мәскеу қаласының 800 жылдық мерекесіне арнап шығарылған. Оны бүкіл астана жұртшылығына радио арқылы әншінің өзі орындап берген. Кененнің әндерін зерттеуді бірінші болып қолға алған музыка зерттеуші ғалым Б.Ерзакович: «Бұл әнді қазіргі қазақтың халық музыкасындағы эпикалық-жауынгерлік стилінің жоғарғы үлгісі деп есептеу керек» деп тұжырымдайды.
«Кененнің «Бұлбұлы» бір үлгі, дейді қазақтың ұлы композиторы Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабында. ...Алдыңғы әндеріндегі аяқ алыстан «Бұлбұлда» басқа бір қадам бар сияқты. Басында Кенен бірнеше ұстамды, сабырлы, созымды ноталар арқылы іштегі шерін шығарып алғандай, тек содан кейін ғана сөзге бағынған қысқа әуенді музыкалық әуендер арқылы ойын жеткізеді... Кененнің бір кездегі творчестволық туындыларының ішінде «Бұлбұлы» музыкалық тілінің анықтылығынан, байсалдылығынан, ырғақтың жан-жақтылығынан ерекше орын алады».
Ұлы композиторлар мен ұлы ақындардың шығармашылық үндестігі деген ұғым бар. Бұл бірін-бірі көшіру немесе қайталау деген ұғымнан әлдеқайда тереңде жатыр. Ұлы адамдардың өмірге, тылсым жаратылысқа, табиғатқа, адам болмысына деген көзқарасында ұқсастық, сабақтастық болатынын ғылым да жоққа шығармайды. Олардың өздері мұндай ерекшелікті аңғармауы да мүмкін.
Махамбет Өтемісовтің:
«Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Сені көлден айырған,
Лашын құстың екпіні,
Мені елден айырған,
Хан Жәңгірдің текпіні» дейтін өлеңіне Кененнің «Бұлбұлға» деген әніндегі мынадай шумағы үндес келіп жатады.
«Ей, бұлбұл, сен де бұлбұл, мен де бұлбұл,
Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр»
Мұндай ұқсастық Абай өлеңінде де бар. Ұлы ақын: «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» десе, Кенен өзінің «Қаладау» деген әнінде «Қайран елім, туған жерім ажал жетсең қаладау, қара жерге, қатты көрге халқым шулап саладау!» дейді. Осындай тақырып ұқсастығы, ойдың сәйкестігі ұлы композиторлардың музыкалық туындыларында да көптеп кездеседі.
Мәселен, ұлы Абайдың шығармашылығын терең зерттеген ғалым-жазушы Тәкен Әлімқұлов, «Жұмбақ жан» деген зерттеу кітабында әлгіндей жайларға ерекше тоқтап, мұның өзі ойлау жүйесі, сезіну қабілеті ерекше жаратылған тұлғаларға тән қасиет екендігін баса айтады.
Осы кітапта Б. Ерзаковичтің мынадай әңгімесін келтірген. «Абай Омбы мен Семейде жиі болған. Бұл қалаларда оған таныс орыс зиялылары көп еді. Абай үлкен-үлкен концерттерді көреді, достарының үйінен музыка тыңдайды... Сахарасына қайтып келгесін Абай орыс және қазақ әндерінің әуенін пайдаланды. Осы кітабында Б. Ерзакович Абайдың алпысқа жуық әні анықталғанын, соның ішінде он екісі «Евгений Онегиннің» аудармасына жазылғанын әңгімелейді.
Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп аталатын өлеңі һәм әні А.Г.Рубинштейннің «Разбитое сердце» («Я видел березку») атты романсының аудармасы... Абай романстың сөзін барынша жатық, дәл аударса, музыкасын да сондайлық үйлесімді, оралымды келтіреді, деп жазған. Мұның бәрін келтіріп отырғандағы себеп, байырғы ақын, әншілердің туындысынан әйтеуір бір ұқсастық байқап қалса болды, оның байыбына бармай жатып, «мынау пәленнің сөзі (әні), содан алған» деп кеңірдек созатын «дүмше» ғалымдарға айтар уәжіміз еді.
Кененнің әндерінде қырғыздың, татардың, орыстың да ән элементтері кездеседі. Бірақ олардың жымдасып, сіңісіп кеткендігі соншалық, олардың ара жігін, ұлттық реңін айыру ең білікті деген музыканттарға да қиын түседі. Нағыз дарын, ерекше қасиет деген осы.
Кенен 1940 жылы Мәскеуге барып КСРО-ның халық әртісі Р.М.Глиердің бастамасымен ашылған әнші-композиторлар курсына қатысып келгені белгілі. Ол жөнінде ақын әзіл-шынын араластыра отырып әңгімелеуші еді. «Бір ай оқып – до, ре, ми, фа, соль – дегеннен басқасы миыма қонсашы, шіркін! Музыкаға байланысты небір термин сөздерді еске сақтай алмай қаратер болатын едім. Көңіл арнасы көң болып қатып, тепсеңге айналып кеткен бе өзі?» деп өзіме-өзім талай ренжіген кездерім болды» дейтін.
Есесіне орыс музыка өнерінің тарихын бар зейінімді салып тыңдаушы едім. Оны бізге қазақ тілінде оқып түсіндірді. Қазақша ағып тұрған татар жігіті оқыды. Осы курсқа келген өзге де ұлттың әнші-музыканттары көп болды. Солардан бірқатар ән үйреніп қалдым. Орыс, татар, ұйғыр, грузин, украин әндері бар. Әсіресе маған қатты әсер еткен грузин халқының «Сулико» деген әні.
Менің «Бозторғай» әнімді тыңдап, бастарын шайқап, таңғалатын еді. Бір-бірімен орысша сөйлесіп, у-шу болып, кәдімгідей кеңірдек созысып дауласып қалатын. Не деп жатқандарын толық түсінбесем де қимыл-ишараттарына қарап әңгіме менің әнім жайлы болып жатқанын топшылаймын. Қолдарына менің домбырамды алып, ары-бері қарап бастарын шайқайтын еді. Қалақтай ғана «ағаштан» осыншама дыбыс иірімі қалай шығады дегенге сенбейтін болу керек.
«Бозторғайды» қайта-қайта айтқызып, қағазға түсіріп әлек. Мен айтқан сайын «жаңа басқаша орындағансыз, неге өзгертіп жібердіңіз, әлгінде мына иірімдер жоқ болатын»» деп шулайды. Мен әнімді қайта шырқаймын. Бастарын тұқыртып, жазуға кіріседі. «Тағы да өзгертіп айттыңыз» деп ренжиді. Кейін ұққаным, менің ән салғандағы дауыс ырғағын, бірде созып, бірде баяулатып айтатын тұстарын нотаға түсіру қиын екен ғой. Қазақтың дарқан даласындай кең, мың бұралған мөлдір бұлағындай, бірде самғап, бірде төмен құйылып шырқалатын, табиғаттың өзіндей тап-таза ән иірімдерін дәл басып, нақ өзіндей етіп нотаға түсіру мүмкін емес. Мұны көп кейін өз әндерімді нотаға түсіру кезінде байқап, қатты налығанмын.
1948 жылдан бастап Кенен Әзірбаевтың әндерін нотаға түсіруді алғаш болып қолға алған музыка зерттеуші ғалым әрі ақынның досы Борис Ерзаковичтің: «Кенен – дарынды халық әншісі. Оның күшті де, күмістей сыңғырлаған әдемі тембрлі даусы кең диапозонымен ерекшеленіп, әбден қартайған шағында да өз әсемдігін жойған жоқ. Кененнің орындаушылық, мәнерлік құралдары ән мазмұнына қарай, маңғаз байсалдылықтан темпераментті екпінділікке дейін, енді бірде масаттанған күшті сезімділіктен жадыраған, жайлы көңіл күйіне дейін түрленіп отырады» деуі ақынның әлгінде айтқан ойын нақтылай түседі.
Кенен ақынның 125 жылдық мерейтойы 2009 жылы республика көлемінде тойланды. Осыған орай арнайы қаржы бөлініп, ақынның бес томдық шығармалар жинағы жарық көрген еді. Осы жолы композитордың 107 әні, 7 күйі, сондай-ақ айтыстағы ән туындылары тұңғыш рет домбыраға лайықтап нотаға түсірілді. Оны түсірген белгілі күйші, профессор Орынбай Дүйсен. Осы еңбекте Кенен әндеріне нақты музыкалық зерттеу тұрғысынан тұжырымдама жасауға, оның қыр-сырын ноталық жүйелеу арқылы ұғындыру жағына ұмтылыс жасалған.
Кенен әндерін нотаға түсірудің өте қиын екендігін айта келіп, композитордың ән туындыларындағы басты ерекшеліктерге түсініктеме беріпті. 26 пункттен тұратын түсініктеменің бірнешеуіне ғана тоқталып кетейік.
а) Кенен әндерінің негізгі екпіндік ерекшелігінің көрсеткіштері мынадай: адымдай, аяңдай, бүлкілдете, желдірте, термелете айту.
б) Автордың мұңлы, қайғы-қасіретке толы әндерінің өзі тым созылмай, аяңмен, бүлкіл екпінінде орындалады.
в) Кейбір әндердің негізгі екпінінен, орындалу мақамынан астындағы аттың жүріс-қимылына сәйкестігі аңғарылады. Мұның өзі әншінің көп жағдайда, алқалы жиын-тойларда ат үстінде отырып ән салғандығын аңғартады. Бұл да ақынның ән салудағы ерекшелігінің бір көрінісі деп түсінген жөн.
г) «Гі-гі-гай», «гік-көй», «ге-ге-гөк» т.б. дыбыс тізбектері автордың өзіне ғана тән ерекшелік. Кененнің әндерін орындау кезінде осыларға ерекше көңіл аудару қажет.
д) Әннің сөздері анық, ырғағы нақты, музыкасы айқын, интонациясы таза болу үшін әннің сөздерінің кейбір тұстары музыкаға байланысты орфоэпия заңдылығымен айтылғаны жөн.
Ұлағатты ұстаз, табиғатынан қарапайым Орынбай Дүйсен өз түсініктемесінде Кенен әндерінде кездесетін осындай ерекшеліктерге, Кенен әндерін домбыраға лайықтап нотаға түсіру кезінде ұстанған принциптерге, Кенен әндерін орындау үшін қандай жайларға баса көңіл бөлу қажеттігі жайында біраз пікір айтыпты.
Кененнің бітім-болмысы сияқты, оның әндері де асқақ, сан алуан әрі сұлу болып келеді. Бір бойына сан қырлы өнер тоғысқан ақын-әншінің бүкіл ерекшелігін, өнерін саралап, зерделеу үшін қаншама ізденіс қажет екені айтпаса да белгілі жай.
Ақынның шығармашылығы зерттелмей қалды десек әбестік болар. Ол жөнінде талай қаламгер қалам тартып, ақын-жыршылар толғауын арнап, талай ғалым ой-пікірін білдірген. «Мен бақытты ақынмын. Менің әндерім, өлең жырларым халыққа жетті, жүрегінде қалды. Қазақтың байтақ даласын тербетіп, дүниені шарлап кетті» деп ақынның өзі де ризашылығын білдіріп отыратын.
Кенен ақынның 125 жылдық тойына орай жазылған Секен Сыздықовтың «Ән мен жырдың кені еді» деген мақаласында («Алаш айнасы», 2009 ж,. 27 қазан) былай депті: «... Алайда анау-мынау әнді менсіне бермейтін Арқада да, өзіндік ерекшеліктері бар батыста да, тіпті көне түркі өнерінің өнегесі қалған Алтайда да Кенен Әзірбаев әндерін жатырқамай, жата-жастана тыңдайды. Егер бұл әндер соншалықты құдіретті болмаса, күллі қазақ даласына дәл осылай кеңінен тарай алмас еді. Сонымен қатар қандайда бір арнайы насихат арқылы емес, ауыздан-ауызға өздігінен тарап кеткен».
Бұған қосып аларымыз жоқ. Бұл күмән туғызбайтын ақиқат. Халқының жүрегіне жол тапқан өнер, нағыз халықтық өнер.
Бақытжан КЕНЕНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әнші-сазгер
Келесі мақала