Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ГАЗ БАЛЛОНЫ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ

ГАЗ БАЛЛОНЫ  ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
ашық дереккөз
ГАЗ БАЛЛОНЫ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
Заман алға жыл­жыған сайын адамдардың да күнделікті қолданатын тұрмыстық техникалары көбеюде. Оның ішінде қауіпті техникалар да, қауіпсіз техникалар да жетерлік. Соның бірі – газ баллондары. Олай дейтініміз елде соңғы жылдары газ баллоны жабдықтарымен жұмыс істейтін автокөліктердің саны едәуір өскен. Алайда бұл адам өлімі мен материалдық залалға әкеп соқтыратын түрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупін де бірнеше есе арттырып отыр. Соңғы 5 жылда облыс аумағында газ аспап­тарымен, газ баллоны қондырғы­ларымен және жылыту пештерімен байланысты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан 283 өрт болып, 3 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алған. Әрине, мұндайда паркингтерде және жабық автотұрақтарда газ баллоны жабдықтарымен жабдықталған автомобильдердің өртенуі аса қауіпті. Ал газдан болған өрттердің негізгі себептері «қолөнер тәсілімен» газ баллонын орнату, технологиялық процесті бұза отырып, біліктілігі жоқ мамандардың жабдықтау жұмыстарын жүргізуі екендігі белгілі. Алайда мемлекеттік өрт бақылау басқармасы алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Өйткені облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары газ баллондарын пайдаланатын объектілердегі өрттердің алдын алу шараларын жаппай жүргізіп жатқан көрінеді. – Ешқашан өрт қауіпсіздік ережелеріне сәйкес жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар мен жабық үлгідегі үй-жайларда немесе паркингтерде газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған автомобильдердің тұрағына жол берілмейді. Осыған байланысты бақылауды қамтамасыз ету мақсатында газ баллоны жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұрақ саласындағы заңнама нормаларының сақталуына баса назар аударып, Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп «Газ баллоны» профилактикалық іс-шарасын өткізген болатын. Іс-шара шеңберінде газ баллоны жабдықтарымен жарақтандырылған құралдарды пайдалану және көліктұрақ жөніндегі заңнама талаптарының сақталуын тексеру мақсатында рейдтік іс-шаралар үздіксіз жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар біздің құтқарушылар тұрғындарға тұрғын үйлер мен инфрақұрылым объектілерін газдандыру кезіндегі нормативтік талаптар туралы түсіндірме жұмыстарын да жүргізеді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев. Дейтұрғанмен биыл жыл басынан бері облыс бойынша 105 автокөліктегі өрт оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4 көлікке аз. Ал өрттің бәрі газ баллоны жабдықтарынан шыға бермейді. Бірі электр сымы мен электр құрылғыларының қысқа тұйықталуынан, енді бірі жанар-жағармай жүйесіндегі ақауға байланысты туындап жатады. Адамдардың отты қолданудағы абайсыздығынан да түрлі оқыс оқиғаның орын алып жататыны рас. Алайда өрттің тұтануына қандай жағдай себеп болса да облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері газ жүйелері мен құрылғыларына байланысты жарылыстар мен өрт фактілеріне тұрақты негізде талдау жүргізіп отырады. Мәселен, департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мақсатында жыл басынан бері 417 мыңнан аса ауланы аралап, 2 535 жиын өткізген. Нәтижесінде 57 мың адамға нұсқау беріліп, 600 мыңнан аса жадынама мен нұсқаулықтар таратылған. – Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт қауіпсіздігі тақырыбында 52 билборд және 9 баннер орнатылды. Сауда орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және жарықдиодты жарнамалық таблолар мен телевизиялық экрандарда, сондай-ақ «Авторадио FM»-де өрт қауіпсіздігі ереже­лерін сақтау туралы еске салу жұмыстарын жүргіздік. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы төтенше жағдайлар департаментінің бастамасы бойынша газ тұтынушыларға тұтынылған газ үшін ақы төлеуге арналған түбіртектердің артқы жағына «газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы» хабарламаларды жаздырдық. Ал тұрғын үйлерде газды пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту және газдың қауіпсіз пайдаланылуын бақылау мақсатында облыс әкімдігі энергетика және ТКШ басқармасы жанынан газтехникалық инспекция құрылып, жұмыс істеп тұр, – дейді М. Әшірбайұлы. Айта кету керек, газ жарылыстарының алдын алу мақсатында газ аспаптарын пайдалану мен оларға күтім жасаудың мынадай қағидаларын білу және мүлтіксіз сақтау қажет: Онда заң талаптарына сәйкес шағын көлемді жылыту қазандықтары орналасқан жеке тұрған ғимарат шатырсыз болуы және I, II және ІІІ отқа төзімділік дәрежесіндегі ғимараттарға сәйкес келуі тиіс деп көрсетілген. Сонымен қатар шағын көлемді жылыту қазандықтарында сәйкестік сертификаты болуы керек. Ал негізгі ғимараттар мен құрылыстарға шағын көлемді жылыту қазандықтарын орналастыруға арналған жапсарлас үй-жайлар негізгі ғимараттан II типті өртке қарсы қабырғалармен бөлінуі тиіс. Бұдан бөлек 2007 жылғы «Тұрғын ғимараттар» ережесінің 11.5.2-тармағына сәйкес тұрғын үйлерге бекітілген сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету объектілеріне жапсарлас кез келген газ құрылғыларын пайдалануға тыйым салынатынын да естен шығармағаныңыз жөн. Ал газ баллоны жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарының тұрақтарын пайдалану саласында заңбұзушылықтардың анықталған барлық фактілері туралы «101» және «112» диспетчерлік қызметінің пультіне хабарлау қажет екендігін де еске саламыз. Сондай-ақ күнделікті өмірде қолданылатын газдың жарылғыш екенін ұмытпаңыз. Сондықтан газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау әрбір адамның өз міндеті екенін де атап өткен жөн.  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар