ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ ӨЗЕКТІ
Өрт – мезгіл талдамайтын апат. Егер қауіпсіздік шараларын қатаң сақтамаған жағдайда жазда да, қыста да орын ала береді. Әрі оның тұтану жолдары да әртүрлі. Бірі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болса, енді бір жағдайда темекінің шоғын тастаудан да тұтанып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан сақтық шаралары қатаң сақталуы керек.
Жалпы бұл бағытта облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының атқарып жатқан еңбегі орасан зор екенін атап өткен жөн. Сала мамандары халықтың амандығы үшін өз бастарын бәйгеге тігіп жатады. Тіпті күні-түні үзіліссіз қызмет ететін кездері де болады. Мысалы, биылғы 29 тамызда Сарысу ауданының Жайылма ауылында өрт оқиғасы тіркелген. Онда тұрғын үйдің ауласында жиналған шөп өртенген. Өртсөндірушілер 1 сағаттан аса уақытта тілсіз жауды ауыздықтады. Өрт салдарынан 50 түк шөп жанып кеткен. Ал дәл осындай жағдай 30 тамызда Тараз қаласының аумағында да тіркелген. Онда жеке тұрғын үйдің шатыры өртенген. Өртсөндірушілер қызыл жалынды 1 сағатта өшірді. Өрт салдарынан үйдің жанындағы жаздық асхана мен сарай және үйдің шатыры зақымдалған. Дәл сол күні осындай жағдай аудандарда да тіркелген. Мысалы, сағат 16:10-да Жамбыл ауданының Сұлутөр ауылындағы тұрғын үйдің ауласында темір ангар өртенген. Өрт салдарынан ангар және ішіндегі 2 000 түк шөп жанып кеткен. Оқиға орнына өртсөндіруші-құтқарушылар жедел шығып, өртті 5 сағатта өшірген. Ал сағат 22:30-да Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ ауылдық округінің Қызылшаруа ауылы маңындағы шаруа қожалығында бетон конструкциялы бастырмада 35 000 түк және 100 рулон шөп өртенген. Оқиға орнында өрт сөндіруші-құтқарушылар тиісті өрт сөндіру жұмыстарын атқарып, қызыл жалынды 1 сағатқа жуық уақытта ауыздықтап үлгерген. Өкінішке қарай, өрт салдарынан 535 тонна шөп жанып кеткен. Ал 31 тамыз күні сағат 04:40-та Т.Рысқұлов ауданының Өрнек ауылындағы тұрғын үйдің жаздық асханасының шатыры өртенген. Шақырту орнына жедел шыққан от жауынгерлері өртті жарты сағаттан аса уақытта өшірген. Өрт салдарынан жаздық асхананың төбесінің жабындылары өртенген. Алайда аталған өрт оқиғаларынан зардап шеккендер мен қаза болғандар тіркелмеген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының бас маманы Сәуле Мұнатаева қазіргі уақытта тиісті мамандармен өрттің шығу себебі және келтірілген материалдық шығыны анықталып жатқанын айтады.
– Біздің мамандар тәулік бойы тұрғындардан келген телефонды қабылдап, қай жерде қандай жағдай орын алғанынан хабардар болып отырады. Егер оқыс оқиға бола қалған жағдайда арнайы жасақталған мамандар жедел түрде аттандырылады. Қызыл жалын шарпыған өрттің салдарынан кейде қызметкерлеріміз де зардап шегіп жататыны жасырын емес. Сондықтан бұл бағытта жалпы қоғам болып сақтанып, бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Ал өрт немесе төтенше жағдай туындағанда тұрғындарға шұғыл түрде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатынын хабарлағым келеді. Өрт күшпен тоқтайтын апат емес, ол сақтанған іспен тоқтайды, – дейді С.Мұнатаева.
Ал биыл жыл басынан бері облыстың өртсөндіруші-құтқарушылары қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғаларына – 13, тұрғындардың үйлерінің құлыптанып қалған есіктерін ашу жұмыстарына – 5, тұрғын үйді түтіннен тазарту жұмыстарына – 2, электр сымдарының қысқа тұйықталуы бойынша – 4, апаттық-құтқару жұмыстарына 2 рет жедел көмекке шыққан.
Келесі мақала