Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«АНАМ СҮЙЕКТЕН ӨТЕТІН ӘДІЛ СӨЗІМЕН, ОТТЫ КӨЗІМЕН ТӘРБИЕЛЕДІ»

«АНАМ СҮЙЕКТЕН ӨТЕТІН ӘДІЛ СӨЗІМЕН, ОТТЫ КӨЗІМЕН ТӘРБИЕЛЕДІ»
ашық дереккөз
«АНАМ СҮЙЕКТЕН ӨТЕТІН ӘДІЛ СӨЗІМЕН, ОТТЫ КӨЗІМЕН ТӘРБИЕЛЕДІ»
– Менің анамның аты-жөні – Гүлзада Өмірзаққызы. Туған жері – Жуалы ауданы. Мен үшін қазақтың жерінің бәрі қымбат. Бірақ Жуалы жері ерекше. Себебі, дүниедегі теңдесі жоқ асыл анам дүниеге келген топырақ – осы Жуалы мекені. Бұл аудан Алатау мен Қаратау сынды қос алып таудың құшағында жатқан аудан. Сол таулардың бауырындағы анамның табаны тиген әр тас мен үшін ыстық. Анам 1960 жылы дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, шешесінің тәрбиесінде өскен. Әкесінің мейірімі мен қамқорлығын сезінбей өсу қаршадай қыз үшін аз қасірет емес. Анам отбасының бесінші перзенті. Яғни ата-анасының сүт кенжесі. Әжеміз еңбекқор, еті тірі жан болған соң, балаларына жетімдікті көрсетпесе керек. Анам мептепті бітірген соң Ташкент қаласындағы медицина институтына оқуға түскен. Бірақ таудың салқын самалына бетін тосып өскен бұла қызға ол жақтың аптап ыстығы жақпай, Тараз қаласындағы педагогикалық институтқа қабылданыпты. Оқып жүріп әкеммен танысып, жиырма жасында шаңырақ құрыпты. Анам өзі педагог болған соң, біздің тәрбиеміз бен білімімізге қатар көңіл бөлді. Үлкенді-кішілі мәселелерді дастарқан басында еркін айтуға баулыды. Бабаларымыз да мемлекеттік, руаралық, әулеттік мәселелерді дастарқан басында шешетінін енді біліп жүрміз. Сондағы анамның қолданған әдістемесі бабалар даналығында жатыр екен деп ойлаймын. Қазір анаммен кез келген бағыттағы жоспарларымды ашық айтып, ақ дастарқан басында ұзақ-сонар шай үстінде ашыла аламын. Арамызда еш кедергі жоқ. Анам қырық жылдай бір мектепте «Физика» пәнінен сабақ беріп, маңдай ақы терімен зейнетке шықты. Бәрімізді көлденең табыссыз-ақ еңбекақымен адал асырады. Ауылдас ағайындардың айтуынша, анам жастайынан тамақтың барлық түрін дәмді етіп дайындайды екен. Әсіресе банка жабу өнері қазақ үшін бір таңсық шаруа ғой. Анам сол істің шебері. Абысындарына шеберлік сыныбын да өткізіп тұратыны бар. Тағы бір жақсы қасиеті, «жақынымсың, жатымсың» демей, турасын айтатын адам. Егер қате жіберсең, баласы болсаң да әділет жағында болатыны мені тәнті етеді. Анам сегіз құрсақ көтеріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, аналық парызын толық өтеген жан. Әсіресе, еңбекқорлығын ерекше айтқым келеді. «Осы істі бастадым, қалай да бітіруім керек» деп, бітпейтін, нәтиже бермейтін істің соңында салпақтап ешқашан жүрмейді. Нәтиже беретін істі танып, соны ыңғайлы жағынан келіп тындырады. «Маған ешқашан таппай қойдым деп келме, жөнін тауып тындыр» деп үйретті. Сол тәрбиесінің арқасында мен де мойныма алған шаруаны ретімен тындыруды дағдыма айналдырғанмын. Әкем Серік Ізтілеуұлы анаммен құрдас. Ол кісінің де мамандығы – педагог. Жұрт түр-пішінімді анама, мінезімді әкеме ұқсатады. Анам әкемді хан секілді құрметтеп отырады. Дастарқан басына әкеміз келмей асқа қол салғызбайтын. Бұл – отбасымыздағы бұлжымас қағида. Мен әзіл-қалжыңды ұнатамын. Сынды да әзілге орап айтамын. Анам сонда, «Байқап әзілде! Адамның шамына тимей сөйле»деп отырады. Болмайтын жерде «анамды ренжітіп алдым-ау» деген ой келсе, сол сәтте бетінен сүйіп, құшақтап, қабағын тез жазып аламын. Ал мойнына асылып, ерекше еркелеу деген әдет жоқ. Іштей еркелеп, іштей жақсы көріп тұрамын. Сағынышымды да жүректе сақтаймын. Анамды қатты қуантқан кезім деп мектептің жоғарғы сыныптарында оқып жүргенде облыстық, республикалық олимпиадалардан орын алып келген сәттер деп ойлаймын. Баланың ата-ананы білім сайысында озып қуантса, ол ерекше қуаныш болады деп топшылаймын. Дүниенің кілті білімде емес пе?! Өзім де перзенттерімнің білім сайысында озғанын көрсем, одан артық қуаныш жоқ шығар. Мен анама түр-әлпетіммен ғана емес, тумысыммен де тартқан сияқтымын. Жоғарыда анамның отбасындағы кенжесі екенін айттым ғой, мен де бес қыздан кейін анамның аңсап көрген баласымын. Менен кейін Бауыржан есімді інім бар. Қауынның пәлегіндей шырынның көп баратыны секілді, інім екеумізге де мейірім мен үміт көп сіңген секілді. Анам перзенттерін бөле-жара сүймейтін. Мен бұл жерде табиғи жағын айтып тұрмын. Анам маған жүкті кезінде есімімді Мейіржан қойғысы келген екен. Бірақ мен дүниеге келердің алдында әкем түс көріп, түсінде тау бөктерінде түрлі-түсті темірлердің арасында жүріпті. Содан ояна салып, «Бұл да бір аян сияқты түс екен» деп, есімімді Теміржан қойыпты. Үйдегілер кішкентай кезімнен мені «Тимка» деп атайды. Әлі күнге дейін балалығым есіме түссе Тимка болып асыр салып жүремін. Әрине, ойыммен ғана. Қатты қапа қылып, анамды ел алдында қызартқан кезім жоқ. Енді бала болған соң, майда-шүйде бұзықтық емес, бұзақылықтар болып тұрды. Мектепте кезекті бұзақылығым үшін директордың анамды кабинетіне шақырғаны бар. Абай ақынның «Ақырын-ақырын алыстап, көрінбей кетті құрғырлар» демекші, мектеп бітірген соң, әлгі бұзақылық балалықпен бірге ақырын алыстап, көрінбей кетті. Анам қол жұмсап, жасқамайтын. Бірақ сүйектен өтетін әділ сөзімен, отты көзімен тәрбиелейтін. Ол сөз бен көз таяқтың неше түрінен қатты. Және ерте тұруды тапсыратын. Түске дейін төсекте домалап, көзім былшық болып, есінеп отыру менде болған жоқ. Түннің қай уағында жұмыстан келсем де, ерте тұру тәрбиемен сүйегіме ерте сіңген дағдым. Түрлі адамдармен жұмыс барысында эмоцияға беріліп, кейін ішкі құлазу сәттерімде анама барып, ақыл-кеңесін тыңдап қуаттанамын. Қазір ата-анам күн сайын қартайып келеді. Сағынған кезімде сәт сайын соны сезінемін. Әйел адам жасы келген сайын киінуге әуес келеді. Мүмкін болғанша дүкенді бірге аралап, киім әперемін. Кейде мейрамханаға барып, қалаған асын алдырып, бірге тамақтанамыз. Ананың балаларынан аңсайтыны – мейірім. Мейірім дегеніміз қашан да уақыт тауып, қасында болу. Қазір сұхбат беріп болған соң анама барамын. Теміржан ІЗТІЛЕУОВ, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар