ЖҮРЕКТІҢ КӨЗІ АШЫЛСА...
«Жүректің көзі» демекші... Жүректің өзі – сан алуан сезім құбылыстарының бастау көзі. Турасы, «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды»
(Абай).
Шынында да кім-кім де әрбір сөзін жүрекпен айтып, жазса, әрбір ісін жүрекпен атқарса, бір уәжіп іс болар еді-ау! Өміріміз де шындықпен шырайлана түспес пе? Бүгінгі жастар көшбасшылары арасынан оқ бойы озық шығып отырған Салтанат Жұмабекова да сондай, не нәрсені де жан-тәнімен, шын жүрегімен беріле атқарады екен. Әлеуметтік желіге, түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдарға оның жазған-сызғандары, оқшау ой-толғамдары жиі жарияланып тұрады. Сөз саптасына қарап-ақ, оның сүйегіне сөз сіңген, қамшы салдырмайтын сужорға, ылдидан салса төске озған еңіреубоз, айыркөмей ділмар-шешен екенін аңдап қалдым. Соңында «WhatsApp» мессенджері арқылы өзара шаппа-шап айтысқа да ерік бердік. Ол ағасының бұл сынағынан да сүрінбей өтті! Классик жазушыларымыздың кез келген шығармасынан тақырыпқа қатысты сұлу да бейнелі сөздері мен цитаталарды «суырып салып» айтатыны тәнті етті мені. Өзі де тыңнан ой өрбітіп, сөз сабақтау қабілетіне ие екен. Өлең де жазады. Қысқасы, шығармашылық ізденістегі жаңашыл, әмбебап ұстаз болып шықты ол!
Көркем әдебиет дегенде ішкен асын жерге қоятын елгезектігін, кітапқұмарлығын қоя қалыңыз енді. Бүгінде көркем әдебиет тәрбиесі айрықша әлеуетке де ие ғой. Кітапты өзі де оқиды, өзгеге де оқытады. «Жүректің көзі ашылса-ақ» осы, енді...
Дүниеде ол бетін ашпаған кітап қалмаған ба деп те қаласың кейде.
Отанын, елін-жерін, ділін, тілін жан-жүрегімен жақсы көретін, сүйетін нағыз ұлт ұстазы, тіл жанашыры екені кімді болсын қайран қалдырады-ақ. Жуырда облыстық деңгейде өткен жыр мүшәйраларының бірінде ақын ретінде жүлделі орыннан көрінгені де бар. Ұстаз, ана, ұлт тәрбиешісі, ақын һәм жастар көшбасшысы. Ол бірқатар облыстық, қалалық қоғамдық комиссиялардың да мүшесі. Қашан да саяси-қоғамдық жұмыстардың қайнаған қызу ортасында жүргені. Жергілікті телеарналар мен мерзімдік басылымдарда оқу-тәрбие ісі, ана тіліміз, қазақы салт-дәстүрлеріміз төңірегінде өтетін сұхбаттар мен кездесулерге жиі шақырылып та жатады. Соның бәріне қалай уақыт табады десеңізші! Бірер ай бұрын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Жамбыл аудандық филиалының хатшылығына тағайындалуы да әбден оңды іс болды деген ойдамыз. Салтанат Жұмабекқызының мектептегі аткөпір жұмыстарынан тыс әлеужеліде «Әдебиет. Шығарма. Көзқарас» бағдарламасын жүргізіп, шәкірттерінің ғана емес, тұтастай елдің көзін ашып, көңілін оятып, «оқыта» бастағанының өзі неге тұрады!
Білімін ұдайы жетілдіріп те отырады екен. Жаңа оқыған кітаптары – Санжар Керімбайдың «Логотерапиясы», Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адамы», тағы басқалары.
Айтпақшы, ол шетелде, Нидерландыдағы Лейден қаласында магистр ретінде білімін жетілдіріп келген санаулы ұстаздардың да бірі. Өзі де кемел адамға айналғандай. Жеткіншектерімізді міне, осындай кемел білім иелері оқытып тәрбиелегені қандай ғанибет!
Облыстық «Өрімтал» балалар журналын шығарушы ретінде өзі де, сөзі де, өмірі де үлгі ұстаздарды мұқым елге таныстырып, танытуға бүйрегім бұрып тұратынын несіне жасырайын! Салтанат та сондай... жас та болса, бас болған сирек жауһарларымыздың бірі һәм бірегейі.
Әр кезде де алда бол, идеяң да, идеалың да, интелектуалдық білімің мен біліктілігің де биікте болсын, еңбегің жана берсін, айналайын!
Баймаханбет АХМЕТ, журналист
Келесі мақала