АСХАНАСЫ МЕН СПОРТЗАЛЫ ЖОҚ МЕКТЕП ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР...
Өткен жылдың қыркүйек айында Жамбыл облыстық «AR-AI» газетінің журналисі Талғат Нұрханов Жаңаталап ауылына арнайы келіп, тұрғындарды толғандырған бірқатар мәселелермен танысып қайтқан болатын. Сөйтіп жастар газетінің 17 қыркүйек күнгі, №75 (866) санында тілшінің «Спортзалы жоқ мектеп» атты мақаласы жарық көрді.
Одан бері де біршама уақыт өтті. Өкінішке қарай «баяғы жартас, сол жартас». Ашып айтар болсам, талайдан бері ауыл тұрғындарын толғандырып отырған ең негізгі мәселе – спортзалға байланысты. Ауылдағы жалғыз мектепте спортзал жоқ. Ешқашан болған да емес. Жалпы, қазіргі Жаңаталап орта мектебінің ғимараты Кеңес үкіметінің кезінде жатақхана ретінде салынған. Сондықтан спортзал, мәжіліс залы, асхана қарастырылмаған. Салдарынан оқушыларымыз қыс мезгілінде немесе күн суық кездерде спортзал ретінде мектеп кабинеттерін пайдаланады. Ал күн жылы кезде мектеп ауласындағы атшаптырым аумақта спортпен шұғылданады.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, жергілікті атқарушы орган уәде беруден жалығар емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс әкімі болған Асқар Исабекұлының кезінде қатып қалған сең қозғалды. Білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда спортзалдың сызбасы дайын болмағандықтан кейінге шегерілді. Үлкен үміт күтіп жүргенде Асқар Исабекұлы қызметінен кетіп, облыс тізгінін Бердібек Машбекұлы ұстады. Арада уақыт өте келе, нақтырақ айтсам 2021 жылдың 5 ақпан күні Бердібек Сапарбаевқа мәселемізді көтеріп хат жолдадым. Хатыма Сарысу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дәуренбек Шалбаевтан (қазір аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы) хат келді. Хаттың толық нұсқасы төмендегідей:
«Сіздің 2021 жылдың 5 ақпан күні Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаевқа жазған өтінішіңізге сәйкес.
«Сарысу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» КММ тарапынан Жаңаталап ауылындағы Е.Пернебаев №14 көшесіндегі Жаңаталап орта мектебіне спортзал құрылысының жобасы әзірленіп, «QazaqSaraptama» ЖШС-ның эксперттік сараптама қорытындысы (29.11.2022 ж №QS0009/21) алынған. Жоба құны 112,3 миллион теңгені құрады, жобалаушы мекеме – «Арх-Идея-Астана» ЖШС. Жоба 1.02.2021 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім берілген.
Сонымен қатар аталған мектепке асхана және мәжіліс залы құрылысын салу жобасы бойынша әзірленген жобаға «Expert opinion» ЖШС-ның эксперттік сараптама қорытындысы ағымдағы жылдың 22 ақпан күні №ЕО-0003/21 алынды. Жоба құны 88,1 миллион теңгені құрады, жобалаушы мекеме – «АлмазПроектСтрой» ЖШС.Жобаға бюджеттік өтінім белгіленген тәртіппен 2021 жылдың 23 ақпан күні Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасына ұсынылды.
Бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда, құрылыс жұмыстары атқарылады» делінген хатта.
Арада уақыт өте келе Бердібек Сапарбаев Жаңаталап орта мектебіне арнайы келіп, жағдайды көзімен көрді. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдап, спортзал соғып беру бойынша уәде берді. Сөйтіп құжаттары дайындалып, қаржы да қарастырылды. Ауыл халқының, мектеп оқушыларының куанышында шек болмады. Өкінішке қарай қуанышымыз көпке бармады. Не спортзалы жоқ, не бөлінген қаржы жоқ. Соңы сиырқұйықшақтанып кетті. Біздің түсінбейтініміз – бөлінген қаржы қайда кетті? Әлде әлдебіреулердің жемсауына түсіп кетті ме екен? Уәде неге орындалмайды?
Құрметті Нұржан Молдиярұлы, оқушыларымыз әлі қанша жыл мектеп кабинеттерін спортзал ретінде пайдаланады. Қырық жыл күттік. Енді қанша жыл күтеміз?
Егер заман талабына сай спортзал бой көтерсе, тасада жүрген таланттардың жұлдыздай жарқырайтыны анық қой. Алақандай ауылдағы спортзалда шарболаттай шыңдалып өскен жастың болашақта Олимп шыңын бағындырмасына кім кепіл?! Әрі-беріден соң Қазақстанның атын әлемдік ареналарда асқақтатып жүрген спортшылардың барлығы ауылдан шығады. Өкінішке қарай, спортпен айналысуға лайықты жағдай жасалмағандықтан ауылымызда «қап ішінде қалған кездіктеріміз де» аз емес. Жаңаталаптан да жарқырап спорт саңлақтарының шығып, ел мерейін үстем етіп жүргенін біз де қалаймыз. Осы орайда ұлтарақтай ғана шағын ғана Жаңаталап ауылдық округінен шыққан елімізге белгілі тұлғаларға да тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Мәселен, жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа ұстаз болған, жолын ашып, батасын берген ақын, жырау Майкөт Сандыбайұлы, кеше ғана «Халық Қаһарманы» атағы берілген Ы.Сүлейменов, Шәмші Қалдаяқовтың немере інісі, Социалистік Еңбек Ерлері Қ.Данияров, Т.Жамбылова, СССР Жоғарғы Советінің депутаты С.Елеубаев, екі рет Мәжіліс депутаты болған А.Көпбергенов, ақын, журналист, жазушы Ә.Әлменов, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер К.Егізбаев және оның баласы М.Егізбаев, облыстық мәслихаттың бірнеше рет депутаты болған кәсіпкер А.Майлыбаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Жаужүрек мың бала» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған актер А.Өтепберген сынды мақтаныштарымыздың тізімін әрмен қарай да жалғастыра беруге болады. Сол секілді ережесіз жекпе-жектен Азия, әлем чемпионы А.Алмабай, белбеу күресінен әлем чемпионатында үшінші орын алған, дзюдо шебері С.Байғараева секілді әлемдік ареналарда көк Туымызды желбіретіп, ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар да жетерлік.
Қорыта айтар болсам, әлі де ауыл жастарының арасынан түн түңлігін түріп туған жұлдыздай жарқырап талай дарынды, таланттардың шығарына сенімдіміз. Ал ол үшін жағдай жасау керек. Өз күшін, энергиясын спортқа не басқа да игілікке жұмсамаған бала ертеңгі күні басқа бағытқа бет түзейтіні анық.
Бүгінде Сарысу ауданының әкімі Марат Қырғызәліұлының қолдауымен ауылымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді спортзалдың жайы жанымызға батып отыр. Сондықтан құрметті Нұржан Молдиярұлы, талай тектіні түлеткен Жаңаталап ауылы тұрғындарын толғандырған мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуіңізді сұраймыз.
Дүйсенбек ПЕРНЕБЕКОВ, Жаңаталап ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы
Сарысу ауданы
Келесі мақала