ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫДАН ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БАР?
2019 жылы «Бизнес саласына қатысты тың идеясы бар жастарға мемлекет тарапынан 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы беріліп жатыр» дегенді естіп, ұлым облыс әкімдігі кәсіпкерлік басқармасына аталған гранттан үміткер ретінде өтініш тастаған. Бірақ инновациялық жобасы үшін қайтарымсыз қаржыдан үміткер болашақ кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу барысында арнайы құрылған конкурстық комиссия ұлым ұсынған бизнес жоспарды жаратпай тастаған. Конкурстық ереже бойынша қолға алғалы отырған бизнесің бұрын өңірде болмаған кәсіп түрі болуы шарт. Анығын айтқанда, басқа да талаптардан бөлек, ең негізгісі кім стартап жоба ұсынады, сол грантқа ие болуы қажет еді. Алайда біз сол кезде грантқа ие болған кей азаматтардың бизнес жоспарынан қаржыны бұрын өңірде болған кәсіп түріне де алғанын, кейбірінің кәсібі өміршең еместігін аңғарғанбыз. Тіпті кейбірінің жобасын жүзеге асыруы мүмкін еместігін де байқап қалдық. Осыдан кейін конкурстық комиссия гранттық қаржыны «Бармақ басты, көз қысты» әрекетпен тамыр-танысқа таратты ма?» деген күдікті ой келді. Десе де ұлыммен бірге әр есікті бір қағып, әлеуметтік желі арқылы біз ұсынған жобаның өтпей қалғанын мәселе етіп сан мәрте көтеріп жүріп, келер жылында ұлым 4 миллион теңге грантқа қол жеткізді. Қазір жоба бойынша ұлымның қыш құмыра шығаратын цехы жұмыс істеп тұр.
Халқымызда «Әлің келмейтін шоқпарды беліңе байлама» деген мақал бар. Сол кезде ретін тауып қайтарымсыз қаржы алғандардың барлығы бірдей өз кәсібін дөңгелетіп отырғанына күдігім бар. Сондықтан облыстық кәсіпкерлік палатасы немесе «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы не облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы секілді мүдделі мекемелер гранттың кімдерге берілгені, грант арқылы қаржыландырылған нақ осы жобалардың қайсысы жұмыс істеп тұрғаны, жұмысын жүргізе алмаған грант иелеріне қандай шара қолданылғаны жөнінде неге есеп бермейді. Бұл құпия болмауы керек. Мен осы сұраққа жауап алғым келеді.
«Өз ұлым грантқа ие болды, кәсібі жүріп тұр, қалғаны не болса, ол болсын» деп те отыра берсек, қоғамда іс алға баспайтыны белгілі. Кезінде шүленше тарқатылған қаржы мемлекеттің, халықтың ақшасы екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені қайтарымсыз қаржы көрінгенге тарататын қоржындағы сыйлық емес. Оған ие болған адам кәсіпкер ретінде мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосуы керек. Осыған кім жауап береді?
Мамыр АСАТУЛЛАЕВ, Тараз қаласының тұрғыны
«2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) аясында жаңа бизнес-идеялар гранттық негізде қаржыландырылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 Қаулысымен бекітілген бағдарлама шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес біздің басқарма аталған бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі. Басқарма гранттар беруге үміткер кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу жөнінде конкурстық комиссия құрады және оның құрамын бекітеді. Конкурстық комиссия жұмыс органы болып есептелетіндіктен гранттар беру жөніндегі конкурсты ұйымдастырады және өткізеді. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді қарау кезінде бизнес-идеялардың жаңалығы және бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі өлшемшарттары негізінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беру-бермеу туралы шешім қабылдайды. Осыған байланысты басқарма кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның шешім қабылдау барысына ықпал ете алмайды. Өйткені бұл қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді. Десе де біздің басқарма осы істің үйлестірушісі болғандықтан төмендегі жайттарды баяндаймыз. Осы бағытта 2020 жылы жалпы сомасы 171 миллион теңгені құрайтын 45 жоба қаржыландырылған болатын. Қағидаға сәйкес аталған жобалар бойынша 2020 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы зерделеу жұмысын жүргізді. Мониторинг қорытындысына сәйкес аталған жобалардың 27-сі ғана іске асырылғаны анықталып отыр. Ал 18 жобаның ішінде 14 кәсіпкермен шарт бұзылды. 4 кәсіпкерге комиссия тарапынан қосымша 6 айға дейін уақыт берілді. 2019 жылы мемлекеттік грантқа жалпы сомасы 339 миллион теңге бөлініп, конкурстардың қорытындысы бойынша 165 жеңімпаз анықталған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жүргізген мониторинг нәтижесінде 2019 жылы жүзеге асырылған 165 жобаның ішінде 103-інде (63 пайыз ғана) міндеттемелер тиісті деңгейде орындалған. Комиссия шешімімен 1 кәсіпкерге 2022 жылдың желтоқсан айына дейін жобасын іске асыруға уақыт белгілеп отыр. Сонымен қатар 61 жобада сәйкессіздіктер анықталды. Бұл жобалар конкурстық комиссия қарауына қайта ұсынылып, оның 56 жобасы бойынша келісімшарт бұзылып, соттың шешіміне сәйкес қаражат бюджетке қайтарылды. Қалған бесеуі бойынша грант қаражатын қайтару туралы талап-арыздар сотқа жіберіліп, оның екеуі қанағаттандырылмады. Екеуі өз еркімен қаражатты бюджетке қайтарды және 1 жоба бойынша сот сараптама жүргізуде. Мақсатсыз пайдаланылған грант қаражатын қайтару бойынша басқармамен атқарылған шаралардың нәтижесінде облыстық бюджет кірісіне жалпы сомасы 117,9 миллион теңге өндірілді. 2021 жылы гранттық қаржыландыруға республикалық бюджеттен барлығы 21 миллион теңге бөлінді. Конкурс өткізіліп 5 кәсіпкер айқындалды. Бүгінгі таңда грант алушылар бойынша ағымдағы жылдың қазан айында мониторинг жүргізіледі.Айжан ЖҮНІСБАЕВА, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы
Келесі мақала