Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҰЛ-ҚЫЗДЫҢ ҰЯСЫ – ОТБАСЫ, ҰЛТТЫҢ ҰЯСЫ – ОТАН

ҰЛ-ҚЫЗДЫҢ ҰЯСЫ – ОТБАСЫ, ҰЛТТЫҢ ҰЯСЫ – ОТАН
ашық дереккөз
ҰЛ-ҚЫЗДЫҢ ҰЯСЫ – ОТБАСЫ, ҰЛТТЫҢ ҰЯСЫ – ОТАН
«Отан – отбасынан басталады» деген дана халқымыз қай кезде де ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Құй келісіңіз, құй келіспеңіз, өкінішке қарай қазіргі қоғамда бала тәрбиесіндегі ата-әженің, ата-ананың жауапкершілігі төмендеп барады. Нәтижесі қандай?! Отбасындағы тәрбие әлсіреген соң қазір баланы әке емес – кафе, қызды шеше емес көше тәрбиелеуде. Осындайда актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыстың: «Қазір әкесі мен баласының, анасы мен қызының арасы Ащыкөл мен Тұщыкөлдің арасындай бір-бірімен мүлде қиыспайды. Ата, бала, немере осы үшеуі ошақтың үш бұтындай ұғым болатын. Ал қазір үшеуі үш түрлі кезеңнің өкілдері. Үшеуі бір-бірінің жан дүниесімен емес, мал дүниесімен бөліседі. Баяғыда ыммен түсінісетін ұрпақ, бүгін тілмен түсінісуден қалды», деген сөзі ойға оралады. Бұдан асырып не айтуға болады? Бекжан Тұрыс тағы бір сұхбатында: «Қазір ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасатын жастар көбейді» деп бүгінгі қоғамның боямасыз шындығын бір-ақ ауыз сөзге сыйдыра білген. Мүмкін актер ойымен келіспейтіндер де табылар. Алайда статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсеңіз, келіспеске амалыңыз қалмайды. Мәселен, өткен жылдың бес айында 1 272 неке тіркелсе, 216 жұп отбасы бола алмай екі жаққа кетіпті. Ал 2022 жылдың бес айында 1 155 адам некеге тұрып, 180 жұп ажырасқан екен. Аз ба, көп пе? Әрине, аз емес. Он айда 396 шаңырақ шайқалды. Жыл аяғына дейін қалай боларын бір Құдай білсін. «Осы өмірге лайық отты жағып»... бас құраған жастар неге ата-ананың үмітін ақтап, махаббатты мәңгілік сақтай алмай жүр?! Неге бүгінгінің жастары үйленуді ойлап, үй болуды ойламайды? Көкейде ұялаған сұрақ көп. Ендеше қал-қадірімізше зерделеп көрелік. Жалпы, жұп болып жұптасып өмір сүре алмайтындардың тағдыры да әртүрлі. Ажырасып кетуінің себебі де әртүрлі. Мысалы, көптеген ерлі-зайыптылар ата-ана болуға қабілетсіздігінен екіге айырылысатын көрінеді. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал елімізде жылына шамамен 150 мыңдай жұп шаңырақ көтерсе, 20 мыңдайы бір сәбиге зар болатын көрінеді. Ал олардың 10 мыңға жуығы экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж. Қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы Отбасы институтын зерттеу орталығының мәліметінше, 2020 жылы елімізде бедеулік ауруы бойынша 16 187 әйел, 1 372 ер кісі тіркелген. Орталықтың зерттеуінше некеге тұрғандардың 16 пайызға жуығы ұрпақ сүйе алмайды екен. Ең өкініштісі, статистика жыл санап өсіп барады. Қош, жұптардың ұрпақ сүйе алмауы ажырасудың негізгі себептерінің бірі делік. Ал жас шаңырақтың туын қадағанымен, бір шаңырақ астында тұра алмай, татулығы тез таусылған жастардың өзі не дейді?! Осы орайда жастардың да пікіріне құлақ түріп көрдік. – Біз әдетте ажырасқан отбасыны кінәлауға құштармыз. Арғы жағында не себеп болғанын білмейміз. Білгіміз де келмейді. Өзім қыста үйлендім. Басында барлығы жақсы болды. Шыны керек келіншегімді тойға дейін де, тойдан кейін де ештеңеден тарылтқан жоқпын. Қалағанының барлығын жасап, керегінің барлығын алып бердім. Алайда жұмыстан кеш келетініме байланысты ортасында кикілжің пайда бола бастады. «Сіз маған көңіл бөлмейсіз, сізден жылу күтемін, сіз мені сүймейтін сияқтысыз» дейтінді шығарды. Тауда фазендамыз болатын. Шаруашылықпен айналысқан соң қала мен фазенда ортасында шапқылап жүремін. Кейде малшы қалаға кеткенде бір-екі күн тауда мал қарап қаламын. Сондықтан жұмыстың қарбалас екенін, ештеңеден тарықтырмайтынымды, тек үйде болып, тып-тыныш отыруын сұрадым. Сөйтіп жүргенде базарға барысы жиілеп кетті. Егер жоқ нәрсені алса жақсы ғой. Қос-қостан алып, ақшаны шаша бастады. Амал жоқ, бір тиын болса да үлкен еңбекпен келіп жатқанын айттым. Бәрібір түсінгісі келмеді. Бір күні қойшы жұмыстан кетіп, келіншегіммен бірге тауға барып, малға қарауға тура келді. Бір күннен кейін-ақ кетемге басты. Қойшы табылғанша басқа амал жоқ екенін айтып, жағдайды түсіндіруге тырыстым. Көнбеді. Амалсыз қаладағы үйге әкеліп тастадым. Бірақ «отбасы болуды ойласаң бәріне көніп, шыдауың керек» деп айта бердім. Тіпті үйде отырып зеріксең дүкен ашып берейін дедім. Оған да илікпеді. Осылайша екі ай өтті. Бір күні таудан үйге келсем, келіншегім жүгін жинап дайындалып отыр екен. Не болғанын сұрадым. Мұндай өмірдің ұнамайтынын, «жұмыс, жұмыс» деп жүре бергенімді қаламайтынын айтты. Райынан қайтарудың бар амалын жасадым. Нәтиже шықпады. Заттарын алды да кете барды. Бар болғаны осы. Отбасылық өмірім екі айға ғана созылды,– дейді Бегалы Азамат. Ал тегін жазбауымызды өтінген Аида есімді келіншек: – Біз отбасымызды сақтап қалғымыз келді. Алайда күйеуім мені еркелетіп, ер азаматтар сияқты романтикаға бөлей алмады. Оны да кінәлай алмаймын. Тұрмысқа шыққаннан кейін неге екенін білмедім, күйзеліске ұшырадым. Көңіл күйім болмағаннан кейін бе, төркініме кетіп қала беретінмін. Бірде күйеуім: «Неге күнде жылай бересің? Мен сені ұрып-соқтым ба? Әлде бір нәрсе жетпей жатыр ма?» деп сұрайтын. Жөнін сұрап, жанашырлық танытып тұрса да жолдасыма ашуланып тұратынмын. Себебін өзім де білмеймін. Сөйтіп психологке баруға шешім қабылдадық. Алайда маманның бір қабылдауының өзі 7 мың теңге тұрады екен. Ал тегін қарайтын психологтер көбіне өз-өзіңе көңіл бөлуді айтқаннан асып ештеңе айта алмайды. Бір сөзбен айтқанда, сенімен жұмыс істей алмайды. Сөйтіп жүріп ақыры күйеуім екеуміз екі жаққа кетуге тура келді. Бірақ өзімді қазір соншалықты бақытсыз сезінбеймін. Жалғыздыққа жаным үйреніп қалған ба, әйтеуір осы өмірім өзіме ұнайды. Ал адамдар не десе, о десін, – дейді Аида. Міне, отбасын құрып, аз уақыттан кейін ажырасқан ер мен әйел осылайша өз уәждерін алға тартты. Иә, тұрмыс болғасын әртүрлі жағдайлар орын алады. Әрине, ондай жағдайда ашуды ақылға жеңдіріп, отбасын сақтап қалуға тырысу – нағыз ақылды адамның ісі. Алайда ақылымызды ашуымыз көлегейлеп қалуына не себеп? Мүмкін біздің жастарға табиғи және шариғи білім де керек шығар өз деңгейінде. Бұған біздің асыл дініміз не дейді деп облыстық орталық мешіт қызметкерлеріне де сауал жолдадық. – Жалпы, Жаратқан Ие адамды жаратқанда еркек пен әйелді екі бөлек табиғатпен жаратып, жарастырған. Сондықтан екі табиғат иесі ешқашанда бір-бірінен бөлек кетпейді. Сонымен қатар ер әйелдей, әйел еркектей бола алмайды. Қазіргі жағдайда көбінде осы мәселе алмасып кеткен сияқты. Біз ол табиғатты өз жаратылысынан бөлек қабылдап жүрген сияқтымыз. Сондықтан отбасында көбінде бірге мәмілеге келе алмай жатады. Оның үстіне жастар отбасылық өмірден бұрын бір-бірімен арасындағы махаббатты жүру немесе бірге бір жерге бару, құшақтасу деген сияқты ғана сезімдермен байланыстырып ойлап алады да көбінде үйленгесін шынайы бірін-бірі тану олай болмайтынын біліп жатады. Міне, бұл қоғамның дерті болып тұр. Шариғатқа келсек, ол алдымен бір-бірін толық тануды, әркім өз бойындағы кемшіліктерін айтуды бұйырады. Бұл міне ажыраспайтын некеге тұрудың бастапқы қадамдары. Қазіргі жастар махаббат деп ойлап, көбінде шатасып жатады. Негізінде ол махаббат емес, бір сәттік сезім мен эмоцияның жиынтығы. Шынайы махаббат ол отбасылы болғаннан кейін барып ғана пайда болады,– дейді облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің әйел-қыздар секторының жетекшісі, әрі психолог Нұргүл Әлиханқызы. Тілші түйіні: Бәрін айт та бірін айт, әркім өзінікін жөн санайтын мына қоғамда отбасын сақтап қалудың ең тиімді жолы салмақты мінез, адал ой, кіршіксіз пиғыл, риясыз махаббат, темірдей төзімді сабыр, жібектей жұмсақ мінез, ақыл мен парасат, жылуы мол жүрек болуы ғана шарт. Егер адам бойындағы осы айтқан асыл қасиеттердің бәрі болмаса да бірен-сараны жаңадан жұп құрып жатқан жастардың бойынан табылып жатса, ол отбасының өмірі ұзақ болары анық.

Ш.ӘБДІРҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар