Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТЕЛЕГРАМ-БОТ АРҚЫЛЫ ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕ ТҮСЕДІ

ТЕЛЕГРАМ-БОТ  АРҚЫЛЫ ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕ ТҮСЕДІ
ашық дереккөз
ТЕЛЕГРАМ-БОТ АРҚЫЛЫ ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕ ТҮСЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіретінін айта келіп: «Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет» деп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. БҰҰ-ның есірткі және қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының мәліметіне сүйенсек, синтетикалық есірткі саудасы Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде күшейіп бара жатқан көрінеді. Өкінішке қарай еліміздегі ахуал да мәз емес. Мамандар да ресми статистика бойынша елімізде есірткі тұтынушылар саны жылдан-жылға азайып келе жатқанына қарамастан, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары керісінше көбейгенін айтып дабыл қағуда. Синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар әсіресе жастар арасында көп қолданылады. Сондықтан бүгінгі қоғамның аса қауіпті əрі ауқымды əлеуметтік кеселінің таралуына қарсы күрес бір сәтке де тоқтаған емес. Құқық қорғау органдары тарапынан синтетикалық есірткі айналымының жолын кесу мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен дүйсенбі күні облыстық прокуратураның құқықтық мониторинг орталығында «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботын таныстыру рәсімі өтті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары қатысқан жиынды ашқан облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының алдын алу үшін жаңа әдістер енгізіліп жатқанын айтып, «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботының тиімділігіне тоқталды. – Жастар арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, студенттер мен орта мектеп оқушыларының шамамен 47 пайызы әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткі сатып алудың қолжетімділігі туралы хабарлады. Арнайы құрылған жұмыс тобы бір ай ішінде синтетикалық есірткіні насихаттайтын 400-ден астам сілтемелер мен сайттарды анықтады. Қазіргі таңда оның 100-ге жуығы жойылып, қалғандары бұғатталу сатысында тұр. Ал «NARKO SHEKTEU TARAZ» платформасының негізгі мақсаты – нашақорлар санын азайту, халық арасында есірткі айналымы мен тұтынуға теріс көзқарас пен нөлдік төзімділікті қалыптастыру. Жаңа жүйенің негізгі функциясы жарнамасы бар сайттарды, сілтемелерді және есірткі сатып алу бойынша ұсыныстарды табуға, есірткі жасырынған жерлерді анықтауға, есірткіні дайындау орындары және қоймасы туралы ақпараттарды зерделеуге бағытталған. Бағдарламаның мүмкіндіктері есірткіні одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне насихаттайтын немесе жарнамалайтын заңсыз сілтемелер туралы алынған деректерді енгізу тәртібін көздейді. Бағдарламада әзірленген жауап үлгілері арқылы олардың авторларының есептері бойынша «кері байланысты» қамтамасыз етеді, – деді Нұрғалым Әбдіров. Таныстыру рәсімінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров синтетикалық есірткінің ошағын анықтау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын және облысымыздағы ахуалды сұрады. Ал прокуратура қызметкерлері синтетикалық есірткі заттары сыртта ғана емес, өз өңірімізде де дайындалатынын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушыларға пилоттық жобаны енгізу, іске қосу және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру туралы бірлескен жоспар қабылданды. Шара соңында облыс прокуратурасы азаматтарды нашақорлыққа қарсы күресте өзінің азаматтық ұстанымын және нөлдік төзімділігін белсенді түрде көрсетуге шақырды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар