КИБЕРБУЛЛИҢНЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ?
Таяқтың екі ұшы секілді ғаламтордың да жақсы, жаман тұстары төңірегіндегі талас толастамай тұр. Интернеттің ақпарат алмасудағы жылдамдығы мен оңтайлылығын алға тартатын тараптың уәжін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де оның уақыт пен көзге зиянын былай қойғанда тұтас ғаламды шырмауына алған «тордың» жасөспірімдердің өміріне қатер төндіретін жайттардың орын алып жатқаны ащы да болса шындық.
Қазақ үшін аты таңсық болғанымен заты таныс кибербуллиң ұғымы желі қолданушысын ғаламторда қудалау, мазалау, кемсіту мағынасын береді. Отандық интернет кеңістігіндегі кеңінен етек жайған кибербуллиң әрекеті 2017 жылдың ақпан айында байқалды. Cол жолы «Көк кит» деп аталатын ойынның ережесіне сай жасөспірімдер арасында кең тараған «В Контакте» әлеуметтік желісінің қолданушылары аталған ойын ұйымдастырушыларынан түрлі тапсырмалар алған. Оның кейбірінің тіпті бұл тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, өз әрекеті жайында есеп жіберіп отырғаны белгілі болды. Ең сорақысы, тапсырмалардың соңғы нүктесін жасөспірім өз-өзіне қол жұмсау арқылы қоюы керек еді. Алайда тиісті құрылымдардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде онлайн режимде оқушыларға «әмірін» жүргізіп отырғандардың жолы кесілді. Сол жолғы «Көк китке» қатысты статистикалық деректердің өзі-ақ қазақстандық интернет кеңістігінің балалар үшін қауіпсіз еместігін аңғартты. Сәйкесінше, ата-аналар да балаларының онлайндағы «ортасына» көз қырын салуды әдетке айналдырды.
Құқықтық қатынастарды реттеудің әлемдік тәжірибесінде интернет-платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, заңнама аясында интернет қолданушыларды кибербуллиңнен қорғау мақсатында арнайы заң қабылдаудың мыңдаған мысалын кезіктіруге болады. Мәселен Германияда кибербуллиң ұйымдастырған азаматтар заңға сай 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал көршіміз Ресейде интернет арқылы жәбірлеу, қорқытып-үркіту фактілерінің көптеп орын алуынан Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік кодекске түзетулер енгізіліпті. Аталған түзетулер де онлайн режимдегі бопсалаушылардан жәбірленушілердің құқықтық тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде дәл осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса назар аударып: «Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегіп отыр. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады» деп, балаларды кибербуллиңнен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келгенін атап өтті.
Шындығында жұмыс пен оқу, құжат айналымы онлайн режимде қолжетімді болған сәтте кез келген адамның интернеттегі зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы ықтимал. Ал ресми статистика кибербуллиңнен зардап шегушілердің 12 пайызын 11-16 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайтынын айғақтайды.
Психологтар интернеттегі зорлық-зомбылық, қорлау, бопсалау әрекеттеріне тап болған жағдайда бұл жайында ешкімнен қысылмай айтуға кеңес береді. Тіпті, мұндай жағдайда аз уақыт интернеттен қол үзе тұру да артық болмайды.
– Жасыратын несі бар, интернет арқылы адамды әдейі ренжіту, қорлау дегеніңіз түкке тұрмайды. Тіпті, сіз біреу туралы жазылған теріс пікірдегі постқа лайк бассаңыз да бұл – кибербуллиңдік әрекетке жатады. Әдетте кибербуллиң жалған аккаунттар құрып, онда әлдекімнің ерсi фотосуреттерін орналастыру, мессенджерлер арқылы күдікті хабарламалар жіберу, өзгенің жеке деректерін әлеуметтік желілер арқылы жариялау сипатында өрбиді.
Көпшілігіміз үшін ұсақ-түйек болғанымен шындап келгендегі интернет арқылы зорлық-зомбылық көрсету кез келген адамға зиянын тигізеді. Оның салдарынан жәбірленуші үмітсіздік пен шарасыздық күйге түседі.
Есте болатын бір дүние – кибербуллиңдік шабуылға ұшырау әлсіздікке жатпайды. Сондықтан мұндай жағдайға тап болғанда көмек сұраудан қорықпаған жөн. Бастысы онлайн қауіпсіздікті сақтауды мұқият ойластыру керек, – дейді психолог Ләйлә Алдатаева.
Психологтың айтуынша, кибербуллиңдік шабуылға ұшыраған жағдайда әбігерге түсудің қажеті жоқ. Керісінше шабуылға тойтарыс берудің қамын жасау керек.
– Ең әуелі әлеуметтік желіде сізге онлайн режимде зорлық-зомбылық жасағысы келетін желі қолданушысын немесе парақшаны бұғаттау керек. Одан соң әлеуметтік желінің немесе парақшаның әкімшісіне сіз туралы айтылған постқа қарсы шағым келтіргеніңіз жөн. Күдікті хабарламалар мен посттарға жауап берудің де қажеті шамалы. Бұл арқылы сіз жағдайды ушықтырып алуыңыз мүмкін. Сізге жіберілген хабарламалар мен жазбалардың скриншотын жасап алыңыз. Өз мәселеңіз жайында өзгелерге ашық айтып, ата-анаңыздың, ұстаздардың ақыл-кеңесіне жүгініңіз. Біраз уақытқа интернетті ұмыта тұруға да тура келеді.
Ата-аналар өз тарапынан балаларының бойынан әлдебір өзгерісті байқаған жағдайда оларға көмектесу қажет. Ол үшін олардың ұялы телефондағы парақшаларын үнемі тексеріп отырғаны жөн. Балаңыздың достары, сыныптастары, араласатын ортасы жайында толық ақпарат жинау да артық болмайды. Кибербуллиңнен сақтану үшін оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет, – дейді Л.Алдатаева.
Осылайша кибербуллиң ғаламдық мәселеге айналып келеді. Жыл сайын қарыштап дамыған технологияның озық үлгісін кәдеге оңтайлы жаратып, оның теріс салдарына тыйым салу күн тәртібіне қойылған сәтте ғаламторға үңілген баланың қауіпсіздігі үшін әрқайсымыз жауапты екенімізді ұмытпайық!
Келесі мақала