Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Геопортал ғаламат мүмкіндіктерге жол ашты

Геопортал ғаламат мүмкіндіктерге жол ашты
ашық дереккөз
Геопортал ғаламат мүмкіндіктерге жол ашты
Облысымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, цифрландыру жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Саладағы ауқымды жобаның бірі – өңірдің геопортал жүйесін қалыптастыру. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, бүгінгі таңда өңірлік геопортал жүйесінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС-қабаттар енгізілген. Яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленіпті. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысына қатысты 6 және жер қатынастары саласы бойынша – 7, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілген. – Сонымен қатар облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан 2022 жылы геопорталға деректерді еңгізу және мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлеріне оқыту жүргізіліп, тізімі бекітілген. Тараз қаласында және ауылдық округтерде орналасқан цифрлық ақпараттық орталықтарға геопортал енгізу бойынша мамандарға оқыту-семинары ұйымдастырылды. Геопортал қолданушылары сайлау учаскесін жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы анықтаудың онлайн-сервисі іске асырылды. Сайлаушы тізімде анықталмаған жағдайда облыстың бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметіне (Jambyl 109), Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің call-орталықтарына хабарласа алады. Ақпарат геопорталда орналастырылған. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде ТМС (табиғи монополия субъектілері) халыққа және бизнеске ұсынатын цифрлық қызметтерді енгізу, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы геопортал алаңында бірінші кезекте Тараз қаласы бойынша 15 қызметті автоматтандыру жоспарланып отыр. Жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру мақсатында 50 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тараз қаласының табиғи монополиялар субъектілерімен талқылау жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезеңде автоматтандырылатын қызметтердің тізімі анықталды, – дейді Р.Ноқрабеков. Сондай-ақ басқарма басшысы облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына арналған модуль әзірленгенін жеткізді. Бағдарламаға қатысу үшін жастар өтінімдерді геопортал арқылы жіберген. Руслан Москауұлының сөзіне сүйенсек, геопортал жүйесін қалыптастыру, дамыту бойынша атқарылған жұмыстар аз емес. Тиісінше алдағы міндеттер де ауқымды. – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінен геопортал ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау нәтижелері бойынша тыңдаудан өтті. Нәтижесі бойынша оң қорытындылы сынақ актісі алынып, өнеркәсіптік пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік деректер қорымен интеграция жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік қызметтерді іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2023 жылы облыстың 10 аудан орталығының цифрландырылған аэрофототүсірілім материалдарын геопорталдың кезекші картасына енгізу және Тараз қаласының бекітілген бас жоспарын векторлық форматта енгізу көзделген. 2023 жылдың 24 наурызындағы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы комиссия отырысының хаттамасында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне 2023 жылдың 17 сәуіріне дейін жер учаскелерін электронды түрде беруге көшу үшін өңірлік геоақпараттық жүйелердің толық дайындығы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылған. Осыған байланысты 2023 жылдың шілде айынан бастап жер учаскелерін автоматты түрде беру электрондық үкімет порталы (e-gov.kz) және бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры ақпараттық жүйесі интеграциялану негізінде атқарылып, геопорталда бизнес-процесі жүргізіледі, – дейді Р.Ноқрабеков. Байқағанымыздай, облыс тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы қолға алынған жұмыстар белсенді жалғаса бермек.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар