Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Декларация тапсырдыңыз ба?

Декларация тапсырдыңыз ба?
ашық дереккөз
Декларация тапсырдыңыз ба?
2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайы мемлекеттік кірістер органдарына кірісі мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті. Яғни осы жылы жалпыға бірдей декларациялау бюджет қызметкерлеріне – мұғалімдерге, дәрігерлерге, спорт және мәдениет, сондай-ақ квазимемлекеттік және ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты болады.  Мәліметтерді уақытылы ұсынбағандарға әкімшілік айыппұл салынады. Декларацияны қағаз түрінде 15 шілдеге дейін, электронды түрде 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты – көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген бірінші жылы аталған санаттағы адамдардың барлығы Қаржы министрлігі бекіткен 250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынуға міндетті. 250-нысанды декларация – бастапқы декларация. Игілігіңізде бар барлық мүлік пен ақша бастапқы декларацияға бекітілуі керек. Бұл мәліметтердің барлығы кейіннен қажет болады. Мәселен, ертең автокөлік сатып алғанда мемлекет «қандай ақшаға сатып алдыңыз, оны қайдан алдыңыз?» деп сұрайды. Егер сіз қазір растайтын болсаңыз, яғни сізде бірінші декларацияны тапсыру кезінде осындай сомаға мүлік тіркелген болса, онда сіз бұл ақшаның қайдан келгенін дәлелдей аласыз. Егер ақшаның қайдан келгенін дәлелдей алмаса, онда соманың 10 пайызын төлеуге тура келеді. 250-нысанның декларациясы жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген күнге барлық активтер мен міндеттемелерді тіркеуге арналған болса, 270-нысанның декларациясында өткен күнтізбелік жылдың мәліметтерін көрсету қажет. Онда өткен жылы не сатып алынғанын және не иеліктен шығарылғанын көрсету маңызды. Ал 250-нысандағы декларацияда қандай мәліметтер көрсетіледі? Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Жанбатис Ибраев айтты. – Біріншіден, мұнда Қазақстаннан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Оларға жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, «өзен-теңіз» жүзу кемелері, көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер, елден тыс жерлердегі шетелдік банктердегі есепшоттардағы ақша, елден тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі жатады. Жеке тұлғалар (жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдарды қоспағанда, мысалы, мемлекеттік қызметшінің жұбайы) тұрғылықты жері бойынша декларация тапсырады. Ал жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар декларацияны орналасқан жері бойынша тапсыруы керек. Декларацияны тапсырудың бірнеше жолы бар. Декларацияны мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталындағы «салық төлеуші кабинеті» (cabinet.salyk.kz) арқылы, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталы (e-gov.kz) және e-SalyqАzamat мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде тапсыруға мүмкіндік бар. Қағаз түрінде тапсырғыңыз келсе, мемлекеттік кірістер органдарына бару керек, – дейді Жанбатис Ибраев. Бірінші жылы салық төлеушілер 250-нысанды декларацияны толтырса, келесі жылдары 270-нысан бойынша декларация тапсырады. 270-нысанның декларациясында өткен күнтізбелік жылдың мәліметтерін көрсету қажет. Онда өткен жылы не сатып алынғанын және не иеліктен шығарылғанын көрсету маңызды. Жоғарыда айтқанымыздай, декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі. Ал екінші ретінде 15 АЕК, толық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Декларацияда Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жерлердегі мүліктер көрсетілуі керек. Бұған тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үй ғимаратындағы үлес, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, қолма-қол ақша, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі жатады. Және декларацияда сенімгерлік басқаруға берілген мүлік көрсетілуі керек. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайы, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы декларациялауға жатады. Ал 2025 жылы төртінші кезең енгізіледі. Сол кезде халықтың басқа да санаттары мүлік пен ақша туралы есеп беруге міндеттеледі.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар