БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ
Жақында облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай студент жастармен кездесу өткізіп, оларға лекция оқыды. Қазіргі жастар мәдениеті мен олардың қоғамдағы рөлі туралы ой өрбіген кездесуге Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенттері қатысты.
Сөз басын жастардың қоғамдағы рөлі туралы ойымен бастаған Ерлан Жүнісбай өңір жастарының мәдени жетістіктеріне де тоқталып өтті.
– Қай салада болмасын біз болашақты жастардан көреміз. Мәдениет саласында да солай. Болашақ мегажұлдыздар мен сахна саңлақтары, өнер қайраткерлері жастардың ортасында екендігі ескеріле келе, шығармашыл жастарға арналған түрлі жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда өңіріміздегі жас таланттарды танып-білу, оларға қолдау көрсету мақсатында шығармашыл жастардың «Жаңа есім» жобасы дәстүрлі түрде жалғасын тауып жүр. Бұл жобаның ерекшелігі – ауыл-ауылдарды аралап, таланттардың басын бір арнаға тоғыстыру. Мысалы, өткен жылы жалпы саны 322 үміткер бақ сынап, төрт кезеңнің нәтижесінде эстрада, аспапта орындау, дәстүрлі ән номинациялары бойынша 10 жеңімпаз анықталды. Ал осы жылы 493 үміткер өтінім білдіріп, ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық іріктеу кезеңдері бойынша 16 үздік алға суырылып шықты. Енді сол үздіктердің қатысуымен жақын арада жоба аясында гала-концерт ұйымдастырылмақ, – дей келе, Е.Нұрманұлы барша колледж студенттері мен ұстаздарын гала-концертті тамашалауға шақырды.
Жиын барысында студенттер тарапынан сұрақтар қойылды. Ал театрға жиі бас сұғып жүргендер А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрындағы «Шер-Хан», «Ұлт ұстазы», «Жәмилә» қойылымдарына қатысты пікірлерін айтып, алғыстарын жеткізді.
Жүзден аса студент қатысқан іс-шара соңы басқарма басшысының жастарға кеңесімен түйінделіп, колледж ұжымымен, білім алушыларымен естелік суретке түсті.
А.Бекенқызы
Келесі мақала