Сирек кездесетін өнер түрлері
«Өнерлі өрге жүзеді» дейді қазақ халқы. Өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары мен адамның әртүрлі сезімдері бейнеленеді. Сөз, әуен, би, қолөнерден басқа да біз білмейтін сан қырлы өнер түрлерін ғаламтордан кездестіре аламыз. Кітап мүсіндерінен бастап, инсталляция қондырғыларынан жасалған заманауи туындылар барша адамды таңырқатары да анық. ХХ ғасырдағы өнерге тән танымал тенденцияларды назарларыңызға ұсынамыз.
Кітаптардан тұрғызылған мүсіндер
Кітаптың көмегімен сурет салып, мүсін ретінде жандандыруға болады десек сенесіз бе? Американдық суретші Брайан Деттмер мен канадалық Гая Ларамиді сендірудің де қажеті жоқ. Өйткені олар ескі энциклопедия мен сөздіктерді пайдаланып-ақ жаңа өнер туындыларымен әлем халқын таңдандырып жүр. Жер ландшафтысы, космос, әртүрлі тасқа қашалған мүсіндер кітаптарда бейнеленеді. Қағаз оқулықтардың орнын электронды кітаптар алмастыруына байланысты мүсіншілер осы іс-қимылдары арқылы қағаз кітаптардың әлі күнге дейін маңызы зор екендігін еске салады. Айта кетейік, мұндай өнер түрін тек шетелден ғана өзіміздің облысымыздан да бақылауға болады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде де кітаптан жасалған өнер туындысы бар. Кітапханаға кіреберісте орнатылған мүсін әрбір студенттің жадында қалып қана қоймай, кітап оқуға шақырады.Қолшатырдан жасалған инсталляциялар
Әдетте қолшатырлар тек жауын жауған кезде ғана қолданылады. Бірақ қазіргі кезде қолшатырлар әлемге танымал түрлі инсталляцияларда да жиі көрініс табады. Португалиялық қолшатырлардан жасалған кемпірқосақ, Болгария еліндегі қызғылт түсті инсталляцияның барлығы адамдар су болып қалмас үшін жасалмаған. Олар әдемілік пен көңіл күйді көтеру үшін арнайы әзірленген. Шеберлердің айтуынша, кейде қажетсіз саналған заттың өзінен әдемілікті тауып, өнер туындысына айналдыруға болады. Лас машиналарды бояу Жуылмай, шаң басқан көліктерге балалар ойнап жүріп сурет салып кететін кездер болады. Үлкендер мұндай істі құп көрмей де жатады. Алайда дәл осындай өнерді әлемдік сарапшылар жоғары бағалайды екен. 52 жастағы американдық дизайнер Скотт Уэйд лас көліктерге таңғажайып суреттерді салу арқылы танымалдыққа ие болған. Бастапқыда Уэйд көлік терезелеріне саусақ немесе таяқтармен сурет салса, қазір арнайы құралдар мен қылқаламдарды қолданады екен.Дененің әртүрлі бөліктерін сурет салу үшін пайдалану
Қазіргі кезде суретшілер сурет салу үшін тек арнайы қылқаламдарды пайдаланбайды. Өйткені соңғы жылдары дене бөліктерін пайдаланып өнер туындыларын дайындау танымалдыққа ие болды. Бірі тек саусақ іздерімен сурет салар болса, бірі кеудесі мен тілін қолданады екен. Суретшілердің пікірінше, мұндай әдіс еркін болуға көмектеседі.Көлеңкелер кереметі
Ежелгі заманнан бастап адамдар жарық пен көлеңкені өнерде пайдаланған. Қазіргі замандағы суретшілер жарық пен көлеңкені пайдаланудың жаңа жолын ойлап тапты. Сурет салу үшін ешбір бояу мен қылқаламның да қажеті жоқ. Қолыңыздағы бар заттар мен жарықтың дұрыс қойылу процесі суретшінің фантазиясына ерік береді. Мүсіннің өзіне қарасаң, тек түрлі заттардан жасалған хаосты байқауыңыз мүмкін, бірақ көлеңкеден тамаша бейнені бақылай аласыз. Әзірбайжандық суретші Рашад Алакбаров түрлі-түсті шыныны қолдану арқылы көлеңкелі суреттерді даярлайды екен.
Келесі мақала
БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет
«Бауырына салу» фильмі Франция фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 қараша, 2024