ЕЛГЕ СЫЙЛЫ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, ЕҢБЕК ЕТ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады», деген болатын.
Негізінде қаржылық дағдарыстан қорғанудың ең тиімді тәсілі – еңбек. Өйткені бойында еңбекқорлық пен қарапайымдылық қасиеті бар адам кез келген тығырықтан өз қарым-қабілеті мен күш-қуаты арқылы шыға алады. Жалпы еңбек дегеніміз не? Еңбек деген сөзді ойға алсақ, есімізге бірден адамдардың қоғамда қауымдасып немесе жеке атқарған қызу жұмысы түседі. Еңбек ету арқылы адам өзінің қалаған арман-мақсатына жетеді, қоғамға, қоршаған ортаға пайдасын тигізіп, үлкен белестерді де бағындырады. Тек адамның ынтасы мен талабы болса жеткілікті.
Жұмыстың жаманы болмайды. Қара жұмыс істеу немесе мемлекеттік қызметші болу, белгілі бір кәсіппен айналысу және тағы басқа жұмыс атаулының барлығы да еңбекке жатады. Сол себепті өз мамандығы мен кәсібіне адал болған әр адамға бірдей құрмет көрсетілуі керек. Құрмет, тәртіп оны көріп, сезініп өскен адамда болады. Осы орайда ұлы ойшыл Әл-Фараби: «Тәрбиенің негізі – еңбекте», дейді.
Қарап отырсақ, адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер еңбекқорлықпен тығыз байланысты. Бұл тұрғыда ұлтымыздың ұлы тұлғалары еңбек жайлы көптеген ұлағатты сөздер қалдырған. Мысалы, Шәкәрім бабамыз: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек», дейді.
Хәкім Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деп, адамға еңбек етуді, адал табыс табуды өсиет еткен. Неге ұлы адамдар тек адал табыс табуды насихаттаған? Біріншіден, адал еңбектің наны тәтті болады. Екіншіден, адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету. Бұл адам баласына жүктелген бұлжымас міндеттердің бірі. Сондықтан да берекелі табыс пен сыйлы құрметке лайық болу үшін осы қағидаларды ұстанғанымыз жөн.
Адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің бірі – тәкаппарлық және жалқаулық. Осы орайда айта кетер бір жайт, ауыр жұмыспен айналысатын адамдарға жоғарыдан әрі мұрын шүйіре қарап баға беруді сана-сезімнің өте төмен деңгейі деп білемін. Барлығымыз бірдей ет пен сүйектен жаралғанбыз, адамды кемсітіп, құрметтемегеннен абырой-даңқымыз күшейіп кетпейді. Әсіресе адал еңбек етіп жүрген адамдарға менсінбей қарау адамшылық қасиетке жатпайды. Адал еңбектің қайыры мәртебелі болады. Сол себептен еңбек ету барысында таза жолмен табыс табуға талпыныс жасағанымыз абзал.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жұмыстың жаманы жоқ. Өңірімізде кең тараған тамақ өнеркәсібі саласында қолға алған ісі жүріп беріп, кәсіпте бағы жанған адамның бірі – Әсем Дәулетбаева. Ол – көпбалалы ана. Бүгінде түрлі тәттілер және нан пісірумен айналысатын жеке кәсіпкердің де еңбек, табыс жайлы айтар ойы бар.
– Бұрыннан өз отбасыма дәмді тағамдарды дайындағанды ұнататынмын. Балаларым мен жұбайымның ризашылығына себепкер болып, түрлі тәттілер мен тамақтарды пісіріп жүрдім. Негізі үйде тәтті тағамды қолдан пісіріп, оны дастарқан басында жиналып тұтыну отбасылық берекенің артуына жол ашады.
2020 жылы әлемдік пандемия кезінде барлығымыз карантинге байланысты үйде отырдық. Сол кезде аталған тағамдарды, тәттілерді пісіруді барынша дамыта бастадым. 2021 жылы мемлекеттен 583 400 теңге қайтарымсыз қаржы алдым. Өз кәсібім жайлы тиісті орынға есеп беріп отырдым. Мемлекет берген қаржыға наубайханаға қажетті түрлі құрал-жабдық сатып алдым. Соның бірі – нан пісіретін үлкен пеш. Мемлекеттің қолдауымен әрекет етіп, кәсібімді жүргіздім. Кәсіппен айналысқаныма бүгінде 4 жылдай уақыт болды.
Елге сыйлы болуы үшін әркім еңбек етуі керек. Адам маңдайының терін төкпей, адал еңбек етпейінше бейнеті ақталмайды. Әрине, көпшіліктің ойынша, түрлі тағам пісіріп, сатылымға шығару оңай көрінетін шығар. Алайда кез келген істің өз қиындығы бар. Бастапқыда тапсырыс аз болғандықтан жұмыс ауқымы жеңілдеу болып жүрді. Кәсіби маман болмағандықтан бойымда қобалжу, қорқыныш болды. Алайда жандүниеммен, таза ниетіммен, айрықша талпыныспен осы күнге жеттім. Қазіргі таңда, шүкір, тапсырыстар күннен-күнге көбейіп келеді. Сондықтан қазір осы кәсіппен бүкіл отбасының еңбекке жарамды мүшелері айналысып, барлығын бірге дайындап жүрміз. Осы күні бұл біздің отбасылық бизнесімізге айналды. Тіпті ұйықтамайтын кездеріміз де болады. Бұл кез келген істің оңай еместігін, табыстың жеңіл жолмен келмейтінін көрсетеді. Тапсырыс берген адамның көңілінен шығу – біз үшін басты парыз, – дейді Әсем Шәріпқызы.
Ол мына заманда «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отырғанды жөн санамайды. Еңбек етемін деген адамға жұмыс табылатынын айтады.
– Жұмыс жоқ емес, бар. Адамда тек ізденіс пен талпыныс болу керек. Әрі қарай ниет болса, әрекет етіп, жетістіктерге жетуге болады. Қазір мемлекет тарапынан «еңбек етемін, кәсіп ашамын» деген адамға барлық жағдай жасалған. Тіпті қайтарымсыз гранттың жастарға және халықтың басқа да тиісті санаттарына неше түрлі бағыт берілген. Адам тек ізденсе болғаны. Ең бастысы жалқаулықты жеңіп, еш нәрседен қорықпай еңбек етіп, өз ісінің маманы болу адамды көздеген мақсатына жеткізеді. Адал еңбектеніп, ешкімнің ала жібін аттамау керек. Сонда ғана нәтиже болады, – дейді Ә.Дәулетбаева.
Міне, қоғамда еңбек етемін деген адамдарға осындай аналар үлгі болып жүр. Көпбалалы ананың ойға алған ісі орындалып, кәсіп аясы кеңейе берсін дейміз!
Әдемі ОРАЛБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті
Келесі мақала