Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
ашық дереккөз
ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Кез келген мемлекетте жаппай жұмыссыздық белең алса, оның соңы әлеуметтік қақтығысқа ұласатыны белгілі. Сондықтан да елдің ішкі-сыртқы саяси тұрақтылығын жұртшылықтың жұмысбасты болуымен де тікелей байланыстырамыз. Нақты айтқанда, халқы жұмыспен, лайықты еңбекақымен қамтылған, осал топқа жататын азаматтары әлеуметтік қорғауға алынған елдерде әлеуметтік мәселе туындай қоймайды. Бүгінде мемлекетіміз әрбір өңір, әрбір ауданда, әрбір ауылда мейлінше түрлі өндірістік кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысандарының, іргелі шаруашылықтардың ашылуына мән беруі ел экономикасын орнықтыру һәм қалыпты дамуға жағдай жасауынан туындап отыр. Халық қажеттілігі үшін түрлі кәсіпорын құрылмаған, шаруашылық нысаны шатқаяқтаған елді жұмыссыздық жайлайтыны белгілі. Ал жұмыссыздық нарықтық экономикада өте өзекті мәселенің бірі. Сондықтан да Қазақстан Республикасында жүргізіліп отырған саясаттың басым бағытының бірі – елдің әлеуметтік ахуалын дұрыстау. Жалпы бұрын жасы ұлғайған адамның немесе жас маманның жұмысқа орналасуы оңайға соқпайтын. Орта буын жастағы адамдарға қарағанда егде жастағылар мен жастар арасында жұмыссыз қалу қаупі басым болушы еді. Бүгінде мемлекеттің бұл мәселелерді біртіндеп шешуді қолға алғанына біршама жылдың жүзі болды. Мәселен, осы күні жаңадан оқу бітірген жас маманның бірі белгілі бір мекемеге «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жолдама алса, тағы бірі «Ұрпақтар келісімшарты» арқылы тұрақты жұмысқа орналасуда. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының мақсаты – оқу бітірген жас маманды өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыспен қамту. Бұл ретте зейнетке шыққалы жүрген кәсіби маман жас маманды баулып, өз білгенін үйретеді. Ол зейнетке кеткенде орнына жас маман қалады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылдық жердегі әлеуметтік сала қызметкерлері арасында мамандық тапшылығын тудырмауды көздейді. Сол секілді зейнетке шығуына екі-үш жыл қалған егде жастағы адамдар «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа тартылады. Бұдан бөлек жұртшылықты кәсіпкерлік негізде оқыту, қайта даярлаудан, қысқамерзімді оқыту курсынан өткізу секілді халықты жұмыспен қамтуға қатысты, яғни жұмыссыздықтың ел ішіндегі әлеуметтік және саяси қаупін жоюдың түрлі әдістері жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтуға, еңбек нарығын сұранысқа сай мамандықпен қамтуға септігін тигізіп келеді. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын өңірде жүзеге асыруда облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Біз осы мәселе бойынша аталған басқарма басшысы Еркін Келесовті сөзге тартқан едік. Еркін Егембердіұлының айтуынша, өткен жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бағытындағы барлық көрсеткіштер мен индикаторлар толық орындалыпты. Бұл бағытта осы жылдың міндеттері мен жоспарлары бекітіліп, олар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді екен. – Осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша облыс халқының саны 1 миллион 220,5 мың тұрғынды құраса, жұмыс күші – 571,1 мың адам. Жұмыспен қамтылған халық саны – 543,2 мың, оның ішінде жалдамалы жұмысшылар саны 361,8 мың болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 181,4 мың. Жұмыссыздар саны – 28 мың. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз, өткен жылы бұл көрсеткіш 5 пайызды құраған болатын. Басқарманың 2023 жылғы жалпы бюджеті 30,2 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту саласына 16,5 миллиард теңге, атаулы әлеуметтік көмекке 4,5 миллиард теңге, ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға 3,6 миллиард теңге, әлеуметтік-медициналық ұйымдарға 5,6 миллиард теңге бөлінді. Аймақ тұрғындары арасында кәсіпкерлікті дамыту ісін жүзеге асыру өте өзекті мәселенің бірі екені анық. Бұл шаруалардың өңірде қалай шешімін тауып жатқанын сөз етер болсақ, аталған тірліктер «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүйесін тауып отыр. Мәселен, аталған ұлттық жоба шеңберінде биыл облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54 156 адамды тарту жоспарланып, 1 мамырға дейін барлығы 23 847 тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Бұл бағытта меже 44 пайызға орындалды. Сондай-ақ жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 45 242 адам болса, есепті кезеңге 16 863 адам жұмысқа орналастырылып, жоспардың орындалуы 37,3 пайызға жетті. 2023 жылы жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясында электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 67 968 орын болып бекітілсе, есепті кезеңде барлығы 22 321 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспардың орындалуы бүгінде 32,8 пайыз болды. Ал тұрақты жұмыс орындарының жоспары 52 360 орынды құраса, 12 374 адам тұрақты жұмыс тауып, көзделген нәтиже 23,6 пайызды құрады, – деді Е.Келесов. Жалпы екі қолға бір күрек іздеген адамдарды өзінің қарым-қабілетіне, еңбекке жарамдылық әлеуетіне қарай әлеуметтік немесе ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолдау да басты мәселенің бірі. Оның ішінде кейбірін уақытша жұмыспен қамту жоспарланса, тағы бірін тұрақты жұмысқа орналастыру межелі міндеттің бірі. Бұл бағыт бойынша биыл 955 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу көзделіпті. Қазіргі уақытта меже асыра орындалып, көрсеткіш 978 адамды құраған. Оның ішінде 48-і өздеріне жүктелген міндет бойынша тиісті жұмысын аяқтаса, 42-сі тұрақты жұмыс орнына орналасыпты. Белгілі бір мамандық бойынша жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын аяқтап, қолына «оқыды» деген тілдей қағаз алған жас маманның жұмысқа тұра алмай сенделуін қоғам құптамайды. Сондықтан да мемлекет жас мамандарды «Жастар тәжірибесі» арқылы өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына жәрдемдесу, сол мекеменің үдесінен шықса, оны тұрақты жұмысқа қалдыру тетігін бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы жылы «Жастар тәжірибесі» арқылы 3 мың 44 түлекті жұмысқа орналастыру көзделген екен. Есепті мерзімде 631 жас маман «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көрген. Оның ішінде 69-ының тәжірибеден өту мерзімі аяқталса, 55-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 8 765 жұмыссызды орналастыру жоспарланып, бүгінде 7 333 жерлесіміз жұмысқа тұрған. Олардың 494-інің жұмысы аяқталса, 232 адам тұрақты жұмыс тапқан. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 574 адамды игерген мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруға ұйғарым жасалса, 149 азамат екі қолға бір күрек тапқан. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 29 адамды жұмысқа орналастыру межеленсе, 12 адам еңбекпен қамтылған. «Күміс жас» жобасы арқылы 743 адамға жұмыс тауып беру көзделсе, 602 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасыпты. Бүгінгі таңда қайтарымсыз грант беру халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың ең тиімді тетігі болып отыр. Осы жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы беру жоспарланыпты. Бүгінде 267 әулиеаталық 368,4 миллион теңгенің гранттарын ұтып алған. Оның ішінде көпбалалылар – 138, ерекше қажеттілігі бар азаматтар – 66, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеушілер – 36, асыраушысынан айырылғандар – 13, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 11, қандастар – 3. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 4 982 адам жолданып, 3 347 тұрғын оқуын аяқтаған. Олар қазіргі таңда өз кәсібін ашудың қамымен жүрсе керек. – Ел Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында осы жылы жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру ұйғарылды. Аталған мақсатта облыс бойынша 347 адамға 1735,0 миллион теңге көлемінде шағын несие беру жоспарланды. Осы жұмыстар наурыз айынан басталып, 1 мамырға дейін облыс жастарынан құны 1419,1 миллион теңгені құрайтын 309 жоба қабылданды. Өтініштерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өткізіліп, құны 616,1 миллион теңгені құрайтын 134 жоба мақұлданды. Бағдарламаның негізгі шарттарын сөз етсек, бағдарламаға облыстағы 21-35 жас аралығындағы жастар қатысып, төмендетілген пайызбен берілетін несиені ала алады. Несиені өтеу мерзімі 5 жылға дейін болса, малшаруашылығы саласындағы жобаларды жүзеге асырушылар несиені 7 жыл ішінде қайтаруы тиіс. Шағын несиенің ең жоғары сомасы 5 миллион теңге, ал сыйақы мөлшерлемесіне келер болсақ, ол жылына 2,5 пайыздан аспайды. Аталған несиені алуы үшін жастар кепілзат қоюға міндетті. Несие алушыларға шағын несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын уақытқа жеңілдік кезең беріледі. Еліміздің кез келген өңірі елсіз, елді мекендер иесіз болмауы керек. Ол үшін халық саны жеткілікті деңгейде болуы керек. Алайда бүгінде өңіріміздің кейбір аймағында халық сиреп барады. Әсіресе ауылдық жерлер қаңырап, тұрғын үйлер босап жатыр. Бұл өз кезегінде сол өңірлерде жұмыс күші тапшылығын тудыруда. Аталған мәселені біз көші-қон саясаты арқылы реттей алатынымыз анық. Қазіргі уақытта жұмыс күші тапшы өңірлерге 60 отбасы, 161 адам қоныс аударды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына 14, Қостанайға 28, Павлодарға 16, Шығыс Қазақстан облысына 2 отбасы көшіп барды. Қоныс аударушы отбасылар толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, олардың барлық мүшелеріне субсидиялар төленді және отбасылар жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 58 340 адамды қамту жоспарланып, оларға 4,5 миллиард теңге қаржы беру қарастырылды. Ағымдағы жылдың 1 мамырына атаулы әлеуметтік көмек ретінде 6 588 отбасындағы 34 809 адамға 1,4 миллиард теңге тағайындалып, ол толық төленді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көмек алушылар саны 752 отбасына, яғни 3 510 адамға азайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы қосымша төлемге 1 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 16 027 баланы қамту жоспарланған болатын. 2023 жылдың мамырына дейін 1 жастан 6 жасқа дейінгі 10 663 балаға 182,2 миллион теңге төленді, – дейді Еркін Егембердіұлы. Мемлекет әр азаматты лайықты әрі өз мүмкіндігіне қарай жұмыспен қамтуды жүйелі жолға қойған. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың да жұмысқа жарамдыларын еңбекпен қамту, кәсіп ашуына жағдай жасау, әлеуметтік көмек алуына жәрдемдесу ісі жүйелі жүзеге асырылып келеді. Мұндағы басты мақсат – оларға лайықты жағдай жасау арқылы тәуір тұрмыс кешуіне септесу. Бүгінде облыс бойынша 45 602 мүгедектігі бар адам тіркелген екен. Оның ішінде І топтағылар 4 293 адам болса, 16923-і ІІ топқа жатады, ал ІІІ топтағылар саны – 17 489. 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар адам саны – 6 897. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызды құрайды екен. 2023 жылдың 1 мамыры бойынша әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 67,8 пайызды құрапты. Әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында 15 170 өтініш тіркеліп, 10 285 өтініш қанағаттандырылған екен. Бұл бойынша облыстың республикалық көрсеткішпен салыстырғанда алтыншы орынға орналасуы да тәуір нәтиже. Мүгедетер үшін қолжетімді орта құру да басты талаптың бірі. 2023 жылдың соңына қарай стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 60 пайызды құрауы тиіс болса, осыған байланысты өңірде 2021-2025 жылдары 1 295 нысанды бейімдеу, ал осы жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланыпты. Тараз қаласы мен аудандарда қазіргі уақытта бейімдеу жұмыстары үшін 84 нысанға 112,6 миллион теңге қаржы бөлініп, тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал жыл соңына дейін жоспар толық орындалады деп күтілуде. Жалпы өңір экономиканың тұрақтануы және қарышты дамуы халықтың әл-ауқатының артуы, тұрмыс жағдайының түзелу деңгейімен өлшенетіні белгілі. Біз сөз еткен салада қандай да бір іс өз межесіне жетпесе, өңірде әлеуметтік-экономикалық өсім төмендейтіні анық. Сондықтан халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстарды жемісті жалғастыру –кезек күттірмейтін мәселе. Осы ретте аталған салада белгіленген жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалуы тұрақты бақылауда болады деп сенеміз. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын бәсекеге қабілетті етуге мол мүмкіндік бермек. Нұрым СЫРҒАБАЕВ  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар