Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

IT АКАДЕМИЯ – ДАРЫНДЫ ЖАСТАР ОРДАСЫ

IT АКАДЕМИЯ –  ДАРЫНДЫ ЖАСТАР ОРДАСЫ
ашық дереккөз
IT АКАДЕМИЯ – ДАРЫНДЫ ЖАСТАР ОРДАСЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Сонымен бірге отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс» деп, цифрландыру және ІT саласын дамыту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Президент тапсырмалары шеңберінде облысымызда аз уақытта-ақ ауқымды жұмыстар атқарылып, нәтижесінде бұрнағы жылдармен салыстырғанда салада көп алға ілгерілеушілік байқалады. Бәрін айтпай-ақ бірін айтсақ, өңірімізде IT академияның ашылуы уақыт талабына сай өзекті мәселеге айналған халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға үлкен мүмкіндіктер берді. Жалпы статистика бойынша, Қазақстанда цифрлық сауаттылық деңгейі әлі де мәз емес. Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сүйенсек, халықтың 54 пайызы ғана интернетке қол жеткізе алады. Бұл халықтың жартысынан көбі цифрлық технологиялар ұсынатын мүмкіндіктерден алшақ қалатынын білдіреді. Мамандардың айтуынша, цифрлық сауаттылықтың төмендеуінің негізгі себептерінің бірі – интернеттің жеткіліксіз болуы. Шалғай аймақтарда кеңжолақты интернеттің болмауы цифрлық дағдыларды үйренгісі келетін адамдарға кедергі келтіреді. Сонымен қатар интернет қызметтері мен компьютерлердің жоғары құны көптеген отбасы үшін қолжетімділікті шектейді. Тағы бір мәселе – цифрлық білім берудің жетіспеушілігі екен. Елде жүргізіліп жатқан бірқатар бастамалар мен бағдарламаларға қарамастан, цифрлық сауаттылықты оқытуға қабілетті оқу орындары мен білікті оқытушылардың саны жеткіліксіз. Көптеген мектептерде балаларға цифрлық сауаттылық негіздерін үйрету үшін қажетті жабдықтар мен бағдарламалар қамтамасыз етілмеген. Ал өткен жылдың қараша айында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында ашылған IT академия осы уақытқа дейін облыс тұрғындарын, Тараз қаласындағы және аудандардағы бірқатар мектеп ұжымын және студенттерді оқытып, ақпараттық технологиялар саласындағы білікті мамандарды даярлауда белсенді жұмыс істеуде. Жуырда аймақ тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, IT-бағыттарды дамыту мақсатында ашылған IT академияға арнайы барып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Оқу мекемесінің директоры Нұрғиса Шараповтың сөзіне сүйенсек, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жолға қойылған. Академияда институттың «Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар» кафедрасының 8 жоғары санатты оқытушысы жұмыс істейді. Әрқайсысының көлемі 36 шаршы метрді құрайтын 6 зертхана және 1 сынып соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. – Академия ашылғалы көп уақыт болмаса да алға қойған жоспарымызға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіп үлгердік. Өзіңіз де жақсы білесіз, қазіргі таңда цифрландыру білім беру үдерістеріне де дендеп енді. Мектептер электронды қызметтерді пайдаланады, онлайн олимпиадалар, онлайн жарыстар өткізеді, құжаттар электронды форматта да қабылданады. Сондықтан бүгінге дейін мектептерге арналған арнайы курстар өткіздік. Яғни Тараз қаласындағы және аудандардағы 4 мектептің педагогтары келіп, біздің қызметкерлердің көмегімен шеберліктерін шыңдап, үлкен тәжірибе жинап қайтты. Сонымен қатар облыс тұрғындарын ынталандыру, қызығушылығын ояту мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Атап өтер болсақ, «ROBOTEK GRAND TOURNAMENT» республикалық турнирінің облыстық кезеңіне барлығы 71 команда, 135 оқушы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша I орынды иеленген командаға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының кубогы және қаржылай сыйлық берілді. Облысымызда оза шапқан команда «ROBOTEK GRAND TOURNAMENT» турнирінің республикалық кезеңінде бақ сынайды. Одан бөлек облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы және «AVR Group» компаниясымен бірлесіп бірінші өңірлік «ITII HACKATHON-2023» байқауы ұйымдастырылып, 350-ге жуық мектеп оқушысы, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Байқау аясында қатысушылар белгілі компаниялардан түскен тапсырысқа сәйкес жұмыс істеді. Мәселен, бір компанияға жеке сайт, енді біріне логотип керек болуы мүмкін. Байқауды жас және талантты IT-мамандарды дайындау үшін жыл сайын өткізу жоспарлануда. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында «ӘРЕКЕТ-2023» бизнес-стартап жобалардың республикалық конкурсы өтті. Байқаудың мақсаты – студенттерді кәсіпкерлікке тарту арқылы шығармашылық идеяларды анықтау және инновациялық қызметті жандандыру. Сондай-ақ «Әлеуметтік медиадағы виртуалды коммуникациялар», «Бейнероликтерді монтаждау», «SMM skills» және басқа да шеберлік сағаттары, «Робототехника», «Графикалық дизайн», «Күміс IT» цифрлық сауаттылықты арттыру» сынды курстар тұрақты өткізіліп тұрады. Жалпы академияда 10 жастан бастап, 50 жастан асқан облысымыздың кез келген тұрғыны білім алады. Айта кетерлігі, халықтың әлеуметтік осал санатына жататын тұрғындар және ақпараттық технологиялар саласында қандай да бір жетістікке жеткен азаматтар тегін оқиды, – деген Нұрғиса Шарапов «HUAWEI» ақпараттық және желілік технологиялар академиясының, «CISCO» желілік академиясының серіктестері атанғанын мақтанышпен жеткізді. Академия директорының айтуынша, ең арзан курстың бағасы айына 16 мың теңге екен. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттеріне академияда тегін оқу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінге дейін институттың 50 студенті түрлі курстарға қатысып, цифрлық сауаттылығын арттырған. Басқа оқу орындарының студенттеріне де 50 пайыз жеңілдік жасалған. Ал ең қымбат курстың бағасы – 6 айға 500 мың теңгенің көлемінде. Аталған курста білім алушы компьютер немесе ұялы телефонға арналған кез келген бағдарлама немесе ойын түрін нөлден бастап жасап шыға алатындай деңгейге жетеді. Курс алдағы уақытта ашылады деп жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, академия білім алушылары алғашында цифрландыру әлемінің есігін имене ашқанымен түрлі таным көкжиегін кеңейтетін курстарға қатысып, бір-екі айда ақпараттық-технологиялық дағдыларды толық меңгерген маманға айналады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қасым-Жомарт Кемелұлы цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маманын даярлау жөнінде міндет қойған болатын. Президентіміз тілге тиек еткен 100 мың маманның алғашқылары Тараз қаласында тәрбиеленіп, өсіп келеді десек, қате айтқанымыз емес.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар