Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артуда
Бүгінгі таңда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінде 4 түрлі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электронды түрде www.egov.kz веб-порталы арқылы көрсетіледі.
Мысалы, «Қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымдардың қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі міндетін атқарушының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі №454 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 15 жұмыс күні. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін өтініш пен жобалық құжаттаманың электрондық көшірмесі қажет.
Ал «Қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару» мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 29 қыркүйектегі №485 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 3 жұмыс күні. Қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою үшін тиісті өтініш, қауіпті техникалық құрылғы паспортының электрондық көшірмесі сынды құжаттар керек. Сондай-ақ қауіпті техникалық құрылғыларды есептен шығару үшін өтініш, қауіпті техникалық құрылғы паспортының электрондық көшірмесі керек.
«Жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №350 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш, жарылыс жұмыстарын қауіпсіз орындау шарттарын, кесектердің ұшуы бойынша қауіпсіз қашықтықтарды, соққы ауа толқынының әсерін, жарылыс кезінде улы газдардың әсерін, сейсмикалық әсерді нақтылайтын есептеулері көрсетілген мәліметтері бар электрондық құжат қажет. Сонымен қатар жарылыс жұмыстарын жүргізу орны, қауіпті аймақ шекарасы, қауіпті аймақты күзету бекеттерін және оның шегіндегі тұрғын және өндірістік ғимараттарды, құрылыстарды, теміржолдарды, автомобиль жолдарын, арналарды, құбырларды, электр беру желілерін қою орындары көрсетілген жергілікті жердің жоспары бар электрондық құжат ұсынылады. Жарылғыш материалдарды пайдалана отырып сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс бейіндері мен қауіпті аймақты қорғау схемалары бар электрондық құжат ұсынылады.
Сол сияқты «Өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалар басшыларымен, сондай-ақ аталған заңды тұлғалардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары мүшелерімен емтихан тапсыру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 25 қарашадағы №1100 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілген қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш қажет болады.
Сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдағы «жеке кабинеті», көрсетілетін қызметті берушінің анықтамалық қызметтері, сондай-ақ «1414», 8-800-080-7777 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Малика АЙДАРОВА, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы
Келесі мақала