Ел болашағы – жалынды жастар
«Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса мұнымен кім айналысады? Қазір Илон Масктың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналды.
Иә, ол отбасымен бірге шалғай провинциядан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында «Илон Маск феноменін» қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында Мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: «Біз сіздерді Қазақстан азаматтары деп білеміз. Сіздер қазақсыздар. Нью-Йорк немесе Еуропа елдері болсын, әлемнің дамушы елдері болсын, қай жерде жұмыс істесеңіз де қазақ болып қаласыздар» деп айттым». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенді өкілдерімен кездесуінде осылай деген еді.
Шынында, қай елдің болмасын басты капиталы оның халқы, соның ішінде жастары екені белгілі. Жастар – қай заманда, қай мемлекетте болмасын асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы болған. Сондықтан да жұртшылық білімі мен білігі толысқан жалынды жастарға сеніммен қарайды, олармен санасады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы мен жаңа идеяларының туындауына себепші болады. Ал жаңа идея кез келген мемлекеттің жаңаруына бағыт алып, «Мәңгілік ел» болуына, мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастыруға бастайды.
Республикамыздың барлық өңірлерінде жастар белсенділігінің артып келе жатқандығын мақтанышпен айта аламыз. Жастар әлеуметтік және қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып келеді.
Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру – жастардың қолында. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, заманауи технологияларды меңгерген отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқылануы – оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Ендеше еліміздің ертеңгі болашағы жастардың бүгіннен бастап қандай тәрбие алуы мен отансүйгіштік қасиетін бойға сіңіруі аса маңызды. Ең әуелі, жастар бойында рухани адамгершілік, саяси интелекттік, құқықтық тәрбие басым болғаны жөн.
Заманның заңғар тұлғаларының бірі – Міржақып Дулатов: «Алыстан Алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», деп айтқанындай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен әрқашан мақтанамыз.
Қорыта келгенде, бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек. Президентіміз: «Біздің көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Барша жасты қолдаймын. Расында, біздің елімізге белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында», деп жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Жастар артылған сенімді ақтап, биік белестерді бағындыра берсін!
Эльмира Тілеубекова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институты «Әлем тілдері» кафедрасының аға оқытушысы
Келесі мақала